Магомед Адиев: "Ұлттық құраманың бас бапкері болу мен үшін зор абырой"

1760

Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев баспасөз мәслихатына қатысып, Беларусьпен болған матчты (2:1) қорытындылады:

Магомед Адиев: "Ұлттық құраманың бас бапкері болу мен үшін зор абырой"

– Ең алдымен сіздерге қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымды айтқым келеді. Соңғы үш ай ішінде жылы лебіздеріңізді естіп, марқайып қалдым. Мұндай жағдай менің өмірімде алғаш рет болып отыр. Бұл ертегінің аяқталмауын және алдағы уақытта да "Астана Аренаның" дәл осылай толып, бүгінгідей қолдау көрсеткенін қалаймын. Ал мен өз кезегімде, сіздерді жігіттер болашақтағы ойындардың бәрінде жүрекпен ойнайды деп сендіргім келеді. Бүгінгі атмосфера үшін айтар алғысым шексіз!

– Бүгінгі жеңісті мейрамханада атап өтесіздер ме?

– Бұл туралы мүлдем ойланбадық. Әрдайым тойлауға мүмкіндік табылады. Бүгін біз жанкүйерлер алдындағы жауапкершілікті сезініп, бар назарымызды ойынға аудардық. Сондықтан мейрамхана туралы ойлайтын уақыт болған жоқ. Мұны федерация басшысы ұйымдастырып береді деген ойдамын (күліп).

– Бірінші таймнан кейін біздің жігіттердің салы суға кеткендей көрінді. Бірақ екінші таймда тәп-тәуір өнер көрсетті. Сіз үзіліс кезінде жігіттерге не айттыңыз?

– Бірінші тайм шиеленіске толы болды. Ойынға арналған жоспарымыздың іске аспай жатқан тұстары да болды. Сондықтан екінші таймда бұл жоспардан сәл ауытқуға тура келді. Ең бастысы, үзіліс кезінде жігіттерді сабырға шақырып, жігерін қайрап жібердік. Екінші таймда жақсы ойнап, лайықты түрде жеңіске жеттік.

– Әзербайжанға қарсы матчта өзгерістер бола ма?

– Осындай эмоцияға толы матчтан кейін негізгі құрамды қайта жасақтауымыз керек. Қазір нақты жоспарым жоқ, ертең кешке қандай өзгерістер жасайтынымды ойланамын.

– Бірінші таймда Бақтиер Зайнутдинов көзге түсе қоймады. Бұл оның ЦСКА-да және ұлттық құрамада екі түрлі позицияда ойнауымен байланысты ма?

– Бұл өз әсерін тигізді деп ойлаймын. Екі жаттығуға қатысып, позицияны өзгерту оңай шаруа емес. Оны ойыннан шығып қалды деп айта алмаймын. Жанкүйерлер Бахадан көп нәрсе күтетіндіктен, солай көрінді. Мен оған ыңғайлы позиция бергім келді. Оны ЦСКА-дағы позициясынан қатты ұзатқым келмеді. Бірақ екінші таймда ол шабуыл шебіне шығып, жеңісті голды соқты.

– Матчтан кейін лезгинка биледіңіз бе?

– Лезгинка деген жақсы би. Бірақ оны билей алатындар билеуі керек. Бұл менің қолымнан келмейді.

– Ұлттық құрамадағы болашағыңыз туралы не айтасыз?

– Қазір бірдеңе деп кесіп айтқым келмейді. Мен федерация басшысына осы циклді аяқтауға уәде бердім. Бұл мен үшін келісім-шарттан да маңызды. Ия, менде басқа да нұсқалар болды. Бірақ келісім-шарт мерзімі аяқталғанға дейін ешқайда кетпеймін. Команданы жарты жолда тастап, бізге сенген жанкүйерлерді жерге қаратқым келмеді. Осы циклді аяқтаған соң, федерация президентімен ақылдасамын.

– Сіз Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін болатын матчтарда да Қазақстан құрамасымен бірге болуды қалайсыз ба?

– Ұлттық құраманың бапкері болу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұны бапкерлік мансабымның шыңы деп білемін. Әрине Еуропаның үздік командаларына қарсы ойнағым келеді. Бұл кез-келген бапкер үшін баға жетпес тәжірибе. Бірақ Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін болатын өтпелі матчтар жайлы әлі ойланған жоқпын. Қазіргі циклді аяқтамай жатып, болашақ туралы ойлану қиын.

– Федерация басшысы сыйақыға қатысты уәде берді ме?

– Жоқ. Әділет Назарбайұлы – көпті көрген керемет адам. Ол маған ұлттық құраманың тізгінін сеніп тапсырып, арманымның жүзеге асуына көмектесті. Ол кісінің маған берген ең үлкен сыйақысы осы деп білемін.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу