Махаббат – соғыстың тағы бір құрбанына айналды

2727

Махаббат әлем мен бейбітшілікті құтқаруы мүмкін.

Махаббат – соғыстың тағы бір құрбанына айналды

Бірақ қанды соғыс адамдардың нәзік сезіміне де кері әсер етті, дейді мамандардың пікіріне сілтеме жасап inbusiness.kz тілшісі.

Қазақстанда Босқын мәртебесін беру, ұзарту, тоқтату және айыру рәсімін жүзеге асыру жөніндегі комиссиялар Ресейдегі мобилизациядан қашып Қазақстанға тығылған және босқын мәртебесін сұраған барлық РФ тұрғындарының өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Себебі түсінікті. Ресейде соғыс болып жатқан жоқ. Ал дезертирлік жасағаны үшін үстінен іс қозғалуы босқын мәртебесін беруге негіз болып табылмайды.

Жалпы бұрын "қытайлар қазақ қыздарына жаппай үйленіп жатыр" деген әңгіме үнемі ел кезіп жүретін болса, енді әлеуметтік желіде ресейлік релоканттар мен мобилизанттар көгілдір паспортқа ие болу үшін қазақстандық нәзік болмыс иелеріне үйленіп алуға жанталасып жатыр деген қауесет тарады. Әйтпесе, Қазақстан азаматтығын алу бүгінде біршама күрделі, қандас еместерге бірнеше жыл күтуге тура келеді.

Сондықтан мұны бизнеске айналдырғандар да табылды. Ғаламторда бірқатар қазақстандық әйелдердің (арасында жасамыстары көбірек) Ресейдің соғысынан қашқандар азаматтарына жалған некеге тұруды ұсынатыны туралы хабарландырулар жетерлік. Бағасы 20 мың доллардан басталып, жүз мыңнан асады. Баспанасы бар ханымдар көбірек сұрайды, өйткені бірге тұруға бөлме бөліп береді екен. Кейбір деректер бойынша Қазақстанда бір адамның бірнеше рет үйленуіне немесе тұрмыс құруына тыйым салынбаған. Бұрын бұл үшін әкімшілік жаза қарастырылатын, бірақ ол алып тасталған көрінеді. АХАТ қызметкерлері мұны отбасы құрушылардың жеке шаруасы санайды.

Сондай-ақ былтыр ТикТокта танысуға аралған Tinder қосымшасының қазақстандық сегментінде ерлердің қатары күрт артқаны туралы қаптаған видеолар пайда болды және тиісінше, "Мужицкий дождь, дождь из мужиков" әзіл әні трендке айналды.

Ресейдің Омбы облысының тұрғыны, бокстан спорт шебері, инженер Айдар Шакиров былтырғы көктемде Қазақстанға қоныс аударыпты. Алдымен Алматыда тұрды, бірақ баспана қымбатшылығына орай Шымкентке көшкен. Болашақ жары санайтын Гүлжанмен де сонда танысады. Гүлжан шымқалаға дейін жеткен түркітілдес РФ азаматтарына Қазақстанда орнығуға көмектескен волонтерлардың бірі болыпты.

"Жолым болды. Жуылмаған шаштары ұйысқан, үнемі сүрлігіп жүретін қағылез, талдырмаш қыздың шынында қазақ байының қызы екенін кім білген?", – деп әзілдейді Айдар.

Ол Ресейде азаматтық авиация зауытында жұмыс істепті. Біліктілігі жоғары болғандықтан, жұмыс тапқан. Қазақстанда қалып, отбасын құруға ниетті. Әзірге құда жақтың қойған талаптарын, мысалы, баспана алудың қамына кіріскен. 

The Washington Post та жаңа 2023 жылдың басында қарулы қақтығыс аясындағы ғашықтық хикаялары тақырыбына түрен салғанды жөн көріпті. Америкалық басылымның кейіпкері, Харьковтағы "пикап" шеберлерінің бірі Влад бейбіт заманда жергілікті сұлулалардың құмары болыпты. Қазіргі кезде ол барлаушы: арнайы жасақ құрамында дұшпанның тылына кіріп кетіп, қауіпті операцияларды жүзеге асырады. 

"Құрыштай шыныққан шымыр денелі, мөлт қара түсті шашы бар, күлкісі сүйкімді Влад шығысукраиналық қаладағы әскери бөліміне қайтардың алдында Tinder-де еш қиындықсыз 200-дей үміткер қызды тауып алды. Владтың мойындауынша, соғысқа дейінгі кезеңде, Киевте бірде рекорд жасаған екен: Tinder арқылы танысуға құштарланған бірден 1 238 бикештің көңілі соған құлапты. Бірақ 9 ай ішінде соғысу өнерін жетік үйренген ол Харьковтағы дәмханада қыздармен кездескенде, қырындау кезіндегі бұрынғы бейғамдық пен жеңілтектіктен айрылып қалғанын түсінген. Влад "сұр аймақта" ұрыс салып, алдыңғы шептің арғы жағында аса қауіпті операцияларды жүзеге асыратындардың қатарындағы жауынгер. Күн сайын көретіні – өлімдер, күйреу, қирау оның өміріне ауыртпалық салды. Ол енді қыздардың жүрегін жібітіп, көңілін елжірететін сөздерді таба алмай, қиналатынын жеткізді. "Қал қалайдан?" ары қарай әңгімені өрбітуге шамам жетпей қалады, не айтарымды білмеймін. Әңгіме жүрмейді", дейді 30 жасар Влад. Әр сөз үлкен күш-жігерді, қуатты қажет ететіндей, ол қуат сарқылып, таусылып қалған сияқты", – деп баяндады украиналық жауынгердің әңгімесін америкалық журналист Джефф Стейн.

Уашингтон пост сарапшыларының байламынша, оккупацияға қарсы күрес тек шапқыншылықтың алғашқы шағында шабыт тудырып, рухты көтерген. Қазіргі кезде бұл бітпейтін-қоймайтын зұлматқа айналды. Жауынгерлердің көбі майдан даласындағы ауыр жағдайды, көрген тауқыметтері мен қасіреттерін әңгіме етуден қиналатын көрінеді. 

"Ресейдің Украинаға баса-көктей кіруі мұндағы күнделікті өмірдің барлық саласын басынан аяғына аударып тастағандай. Сондықтан бір жағынан, жұмсарта айтқанда, Владтың жеке өмірінен де көкейкесті проблемалар жетерлік. Украинаға экономикалық коллапс қаупі төнді. Әуе шабуылы дабылдатқыштары күн сайын ресейлік бомбалаудың басталғанын ескертеді. Украиналық солдаттар қан-қасап қырғында ел территориясын азат ету, бір сүйем жерді бермеу үшін кері шегінбеу мақсатында аяусыз, жанқиярлықпен шайқасуда. Ал махаббат соғыстың тағы бір құрбанына айналғандай", – дейді The Washington Post бюро басшысы Саманта Шмидт.

Өмір Голливуд экранизациялаған әскери романдардағыдан өзгеше: мұңды, түнеріңкі, қорқынышты.

"Жау зымырандармен үстемелете соққылағанда жер апшысын қуырып жібере жаздайды, жер теңселіп кеткендей болады. Содан жауынгерлердің жүрегі тулап, қанында үнемі адреналин түзіліп, оның шектен тыс көптігі стреске соқтырады. Қарулас жолдастардың жаралануы, контузия, мидың шайқалуы жиі болады. Достардың, қарсыластың өлімі болсын, бәрібір санаға салмақ салады. Өмірінде ғашығы, махаббаты барлар соны ойлап, аңсап қана бұл ауыртпалықты еңсере алады", – дейді 36 жасар украиналық кіші лейтенант Кирилл Дороленко.

Сүйіктісі жоқ солдаттар ақылдан алжасып кетпеу, әсемдік әлемінен қол ұзбеу, сұлулықтан сусындау үшін түрлі қосымшалар арқылы танысуға, қыздармен хат жазысуға тырысады. Дороленко кейде жауынгерлеріне майдандағы міндеттерінен үзіліс алып, арқа жазып, танысқан, көңілі жарасқан қыздарымен қалада кездесуге баруына мүмкіндік беретінін айтады. Бірақ оның ескертуінше, бұл уақыт "қан кешкен майдандағы үрейлі шынайылықты нәзік, эмоционалды, жылылыққа толы махаббатпен алмастырып үлгеруге бәрібір жетпейді". Содан біраз жауынгер тылдан тынығып емес, түнеріп оралады екен.

Киевтік сексопатолог дәрігер А.Коломийчук америкалық басылымға сұхбатында ерке өскен ұлтының жанына жарақат түскенін, былтырғы жыл басынан украиналықтар өшіге, қатыгездене бастағанын айтады. 

"Әрине, соғыстың бастапқы кезеңінде дұшпанға сұрапыл тойтарыс берілуі ажиотаж, шаттық тудырды, жауынгерлер рухтанған шығар. Бірақ ол сезім жылдам тарқады. Ұзаққа созылып кеткен соғыстың психологиялық зілбаптан жүгі еңсені езе бастады. 100 мыңдай солдаттың қаза табуы немесе жаралануы, 5 миллионнан астам бейбіт тұрғынның басы ауған жаққа босуы, он миллиондай адамның баспанасынан айырылуы елді гуманитарлық апатқа соқтыруда. Бұл нағыз ұлттық жарақат. Салдарынан, романтикаға орын қалмай барады", – деді маман Александр Коломийчук.

Оның айтуынша, махаббат, жақындық, ләззат тек бейбіт кездегі демалыспен, тынығумен, ойын-сауықпен үйлеседі. Ал соғыста емен-жарқын көңіл көтеруге уақыт та, іңкәрлік те қалмайды.

Бостон университетінің Медициналық мектебінің профессоры, соғыс ардагерлерімен және олардың жарымен жұмыс істейтін маман Кейси Тафт соғыс қимылдары кезінде басын аман алып қалу үшін солдаттар сезім атаулыны жүрегінің түкпіріне тығып, басып, жаншып тастауға тырысатынын жеткізді. Әйтпесе, сезімдермен бірге үрей, мазасыздық, депрессия келуі мүмкін. Соғыс олардың бәрінен арылуды, барлық ынта-ықылас, күш-жігерді қайтсе де жауды жойып, үстем шығуға шоғырландыруды талап етеді. Егер соғыс тым ұзап кетсе, бейбіт өмірге оралған соң, солдаттар өз жарларына, нақсүйерлеріне, қыздарына романтикалық сезімдерін қалай білдірерін білмей, қиналады. Мұның соңы олардың өзін қор, нашар санауына, айналасына өшігуіне, қатыгездене түсуіне соқтыруы мүмкін. Оған жеткізбеу үшін жауынгерлердің жұптары басыартық талап қойып, ашуына тие бермей, тағат, төзімділік пен табандылық танытып, мейірім шуағына бөлегені, сөйтіп, тас болып қатып қалған жан-жүрегін жібітуге тырысқаны жөн.

Украиналық БАҚ жауынгерлердің үзіліс кезінде махаббатын тауып, үйленіп те алғанына бірнеше мысалды келтірді, ғашықтық хикаяларын беріп тұрады. Мысалы, украиналық снайпер қыздың неке қиюға әскери киіммен, кеудесін марапатқа толтырып барғаны туралы видео әлеуметтік желіні кезіп жүр. Сондай-ақ Украина Қарулы күштері (ЗСУ) қатарында, контрактімен, Ресейге қарсы соғысып жатқан бірқатар шетелдік жауынгерлер де жергілікті қыздардан жар тауып, отау құрып үлгеріпті.

32 жасар Киев тұрғыны Женя Асланян 2019 жылы азаматтық некедегі жігіті Антонмен айырылысыпты, себебі ол Канадаға көшіп кетуді ойлаған, әрі аралары суып та қалған. Соғыс басталғанда Антон Испаниядағы мықты қызметін тастап, атамекеніне оралды. Бүгінде Украина армиясында офицер ретінде Отан алдындағы борышын өтеуде. Оның патриотизмі Женяның бойында сөніп қалғандай болған махаббат отын лаулатып, олар қайта жақындасады. Бірнеше ай өткен соң некелерін заңдастырып, отау құрды. Бұл жағдайда керісінше, ғашықтарды соғыс табыстырды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу