Махаббат Үмітжанова топтық жарыста Қазақстан чемпионы атанды

823

Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты аясында әйелдер арасында топтық жарыс өтті.

Махаббат Үмітжанова топтық жарыста Қазақстан чемпионы атанды

Жарыс жолының ұзақтығы 105 шақырымды құрады. Велобәйгеге 28 спортшы қатысты. Бірінші айналымда-ақ Жетісу өңірінің екі шабандозы Светлана Пащенко мен Бота Батырбекова шабуылға шығып, нәтижесінде пелотон бірнеше рет бөлініп кетті. Алайда, алға озғандарды қалған шабандоздар қуып жетіп, екі топ құрылды. Алдыңғы топта он, ал кейінгі топта жеті шабандоз болды.

Мәреге 20 шақырым қалғанда Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Махаббат Үмітжанова мен павлодарлық Рината Сұлтанова шешуші шабуылға шықты. Жарыс тағдыры Үмітжанова мен Сұлтанова арасындағы соңғы метрлерде спринттік жекпе-жекте анықталды. Нәтижесінде топтық жарыста Махаббат Үмітжанова ел чемпионы атанса, Рината Сұлтанова екінші орынды иеленді. Негізгі топ мәреге жеңімпаздардан 2,5 минуттан кейін жетты. Нәтижесінде қола жүлде үшін спринттік сайыс өрбіді. Шабандоздар арасынан қызылордалық Анжела Соловьева үздік үштік қатарына ілікті. Осылайша, Махаббат Үмітжанова ел чемпионының ақ жейдесін екінші рет киді. Ол осыдан үш күн бұрын жекелей жарыста да жеңіске жеткен болатын.

Сондай-ақ велоспорттан Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты мен Қазақстан Республикасы Спартакиадасының төртінші жарыс күнінде жасөспірім қыздар 55 шақырымдық топтық жарыста сынға түсті. Көшбасшы топ бірінші өрлеуден кейін құрылып, астаналық Елизавета Склярова, жетісулық Евгения Заам және қызылордалық Аружан Рахмжан алға шықты. Үш велошабандоздан құралған топты пелотон қуып жете алмады. Осылайша, жарыстың нәтижесі спринттік жекпе-жекте соңғы метрлерде шешілді. Елизавета Склярова чемпионның ақ жейдесін кисе, Евгения Заам мәреге екінші болып келді. Үшінші орынды Аружан Рахымжан иеленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу