World Boxing халықаралық бокс федерациясы жанкүйерлер дауыс беруінің қорытындысы бойынша қазақстандық Махмұд Сабырханды ерлер арасында 2025 жылдың ең үздік боксшысы деп таныды.
Сабырханнан бөлек, үміткерлер тізіміне Өзбекстаннан Жавохир Умматалиев пен Фазлиддин Эркинбоев, сондай-ақ Бразилиядан Луис Оливейра мен Юри Фалькао енді.
Жеңімпаз World Boxing-тің әлеуметтік желілеріндегі номинанттарға арналған посттағы лүпіл саны бойынша анықталды. Ерлер арасындағы бәсеке өте тартысты өтті. Бес финалистің төртеуі 150 мыңнан астам лүпіл жинады. Дегенмен, жеңіс Сабырханға бұйырды. Қазақстандық боксшы әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлерден 323 мыңнан астам лүпіл алып, айқын басымдықпен бірінші орынға шықты.
2025 жылдың қыркүйегінде Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing ұйымдастырған әлем чемпионатында Махмұд Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған болатын.
Қазіргі таңда Сабырхан – екі дүркін әлем чемпионы (2023, 2025), 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының вице-чемпионы (2022) және Азия чемпионы (2024).
Ал әйелдер арасында тағы бір қазақстандық Наталья Богданова жылдың ең үздік боксшысы деп танылды.
Махмұд Сабырхан – Аарон Джуд (Филиппин) арасындағы жекпе-жек 2025 жылдың ең үздік айқасы номинациясын иеленді. Бұл номинацияда жанкүйерлер маусымның ең үздік жекпе-жегін таңдады. Бұл атақ Астанада өткен World Boxing ұйымдастырған 2025 жылғы Әлем кубогының финалдық жекпе-жегі үшін берілді. Аталған кездесуде Сабырхан жанкүйерлерінің зор қолдауының арқасында Джудты жеңді. Бұл айқас өзге үміткерлерге қарағанда үш есе көп лүпіл жинап, жанкүйерлер нұсқасы бойынша "Жылдың ең үздік жекпе-жегі" атағын сенімді түрде иеленді.