Мәйіті "жоғалған" жаназа: Аурухана басшылығы жағдайды түсіндірді

2716

Елорда тұрғындары коронавирустан көз жұмған әкесін соңғы сапарға шығарар алдында ғана мәйіттің мүлде басқа адам екенін анықтаған, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Мәйіті "жоғалған" жаназа: Аурухана басшылығы жағдайды түсіндірді

Қоянды ауылында тұратын Әбу Дүнгенбайұлы атты 73 жастағы қарт коронавирустан көз жұмыпты. Оның балалары жаназа алдында ғана әкесінің мәйіті ауысып кеткенін білген екен. Дәрігерлер мәйіттің бетін ашпауды қатаң ескерткенімен, туыстары дененің марқұмның тұрқына ұқсамайтынын сырттай байқап, ақыры бетін ашып көруді жөн көреді. Дәл осы кезде жаназаға алып келе жатқан дененің мүлде басқа адам болғаны анықталған.

Марқұм болған осыдан үш апта бұрын коронавирус жұқтырып, аураханаға түскен екен. Оның өмірден озғаны туралы қаралы хабар балаларына кеше жетіпті. Марқұмды соңғы сапарына шығарып салуға дәл бүгін қамданған кездерінде осындай жағдай орын алған.

"Мәйітханаға сүйекті алуға барғанбыз. Ондағы қызметкерлер марқұмның бет-жүзін көрсетпей, өздері жуындырып, орады. Сыртта күтіп тұрдық. Бетін ашпауды ескертті. Газельге салған соң досым қоймай отырып, марқұмның бетін ашты. Ашса мүлде басқа адам. Содан соң мәйітханаға қайта бардық, жатқан ауруханасынан сұрастырдық. Мәйітті таппай шыр айналдық", - дейді қарияның балаларының досы Талапбек Тынысбекұлы.

Өмірден озған марқұм ірілеу кісі болыпты. Сүйекті сыртынан қарап, күмән содан туған екен. Талапбек Тынысбекұлының айтуынша, Әбу Дүнгенбайұлының денесін мәйітхана қызметкерлері шатастырып, басқа біреулерге беріп жіберген.

"Мәйітті Тараз қаласының тұрғындарына шатастырып беріп жіберіпті. Оларға да мәйітті орап, табытқа салып шығарып берген. Бүгін таңғы сағат 9.30-да Нұр-Сұлтан әуежайынан Таразға алып кеткені белгілі болды. Ол кісілерге хабарласып, Әбу Дүнгенбайұлының мәйітін қайтадан кері ұшақпен алдырдық", - дейді ол.

Осылайша, түскі 11-де жаназаға жиналған ағайын-туыс тарап кетіпті. Қайта жиналып, кешке жаназасын шығарған.

Бұл оқиға туралы Нұр-Сұлтан қаласының Денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанбыз. Нұр-Сұлтан қаласының көпбейінді медицина орталығынан мынадай ақпарат келді:

"2021 жылдың 7 шілдесінде сағат 21.00-де көпбейінді медицина орталығының патанатомия бөлімшесіне қайтыс болған 1957 жылғы К. атты пациенттің ұлы келді. Ол әкесінің денесін алып кетуге келген. Кезекші лаборант Н.Е. Бертебаев марқұмның бетін ашып, қайтыс болған 1957 жылғы К. атты пациентті көрсеткен. Сол кезде ұлы әкесін таныған. Лаборант Бертебаев марқұмның денесін осылайша ұлына тапсырады. Өйткені туыстары оны басқа қалаға алып кетпек болған. Келесі күні, яғни 8 қарашада көпбейінді медицина орталығының патанатомия бөлімшесіне қайтыс болған 1951 жылғы Д. атты азаматтың туыстары келіп, қапты ашқан кезде тапсырылған дене өздерінің туыстары емес екенін айтты. Осыдан кейін қайтыс болған 1957 жылғы К. атты пациенттің туыстарына болған оқиға хабарланды. Жағдайды реттеу жөнінде шаралар қабылданып, 8 шілдеде сағат 14.30-да мәселе реттелді. Полиция қызметкерлері шақырылды", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының көпбейінді медицина орталығынан.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу