Солтүстікамерикалық танымал Sportico басылымы тарихтағы ең дәулетті 50 спортшының тізімін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көш басында америкалық баскетболшы Майкл Джордан тұр.
Оның жалпы табысы 4,15 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл сомаға оның спорттық келісімшарттары, жарнамалық келісімдер мен бизнес жобаларынан түскен табыстары кіреді. Атап айтқанда, Nike компаниясымен серіктестігі және NBA-дегі "Charlotte Hornets" клубындағы үлесін сату арқылы ол мол табысқа жетті.
Тізімде екінші орынды гольф шебері Тайгер Вудс ($2,8 млрд) иеленсе, одан кейін Криштиану Роналду ($2,2 млрд), Леброн Джеймс ($1,88 млрд) және Лионель Месси ($1,85 млрд) орналасқан.
2003 жылы спорттық мансабын аяқтаған Майкл Джордан бүгінде спорт пен бизнестің символы болып қала беруде. Оның атымен шығарылатын Air Jordan бренді тұрақты табыс әкелуде. Сонымен қатар, Charlotte Hornets клубындағы үлесін 3 миллиард долларға сату оның қаржылық жағдайын едәуір күшейтті.
Джордан – баскетбол даңқ залының мүшесі, NBA-ның алты дүркін чемпионы және АҚШ құрамасы сапында екі дүркін Олимпиада чемпионы.