Маймыл шешек дегеніміз не және ол қандай елдерге таралып жатыр?

7495

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл аурудың әлемнің 11 мемлекетіне жетіп,  80-ге жуық жұқтыру оқиғасының расталғанын хабарлап отыр.  

Маймыл шешек дегеніміз не және ол қандай елдерге таралып жатыр?

Еуропалық және америкалық денсаулық сақтау органдары соңғы күндері маймыл шешегіне шалдыққандардың көбі жас ер адамдар екенін анықтады. Бұл - Африкадан тыс жерлерде сирек кездесетін аурудың таңқаларлық өршуі.

Дүниежүзіндегі денсаулық сақтау қызметкерлері ерекше жағдайды жіті қадағалап отыр. Өйткені, ауру алғаш рет Африкаға бармаған адамдар арасында таралып жатыр. Дегенмен, дәрігерлердің айтуынша, бұл індеттің жалпы халыққа қауіп төндіру мүмкіндігі төмен деуге болады.

МАЙМЫЛ ШЕШЕК ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Маймыл шешек - кеміргіштер мен приматтар сияқты жабайы жануарларда пайда болатын және кейде адамдарға жұғатын вирус. Одан науқастану оқиғаларының көпшілігі орталық және батыс Африка аймақтарында тіркелген.

Бұл ауруды ғалымдар алғаш рет 1958 жылы маймылдарды зерттеп жүріп анықтады. Сол кезде "шешек тәрізді" ауру осы жануарлардың арасында екі рет өршіп, жаңа вирус "маймыл шешек" аталып кеткен. Бұл оспаны адамның жұқтырғаны 1970 жылы белгілі болды. Сол жылы қауіпті инфекция Конгоның шалғай ауылындағы 9-жасар баладан табылған.

МАЙМЫЛ ШЕШЕКТІҢ СИМПТОМДАРЫ ҚАНДАЙ ЖӘНЕ ОЛ ҚАЛАЙ ЕМДЕЛЕДІ?

Маймыл шешек кәдімгі шешек ауруы сияқты вирустар тұқымдасына жатады, бірақ оның симптомдары жеңілдеу.

Одан пациенттердің көпшілігінің денесі қызып, ауырып, қалтырап, шаршайды. Бұл ауру неғұрлым асқынғанда, адамдардың беті мен қолдары бөртіп, сол бөртпе дененің басқа бөліктеріне де тарауы мүмкін.

Инкубациялық кезең шамамен бес күннен үш аптаға дейін созылады. Көптеген адамдар ауруханаға жатқызуды қажет етпестен екі-төрт апта ішінде қалпына келеді.

Маймыл шешек 10 адамның біреуінде өлімге әкелуі мүмкін және ол балаларға да өте ауыр тиеді.

Бұл вирусты жұқтырғандарға көбінесе шешекті емдеуде тиімділігі дәлелденген шешек вакциналарының бірі беріледі. Және де оған қарсы препараттар әзірленіп жатыр.

Бейсенбіде Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы барлық күдікті жағдайларды оқшаулауды және науқастармен қауіпті байланыста болғандарға шешек вакцинасын егуді ұсынды.

МАЙМЫЛ ШЕШЕКТІ ЖҰҚТЫРУ ОҚИҒАЛАРЫ ҚАЙ ЕЛДЕРДЕ КӨП КЕЗДЕСЕДІ?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, Африканың он шақты елінде жылына мыңдаған адам маймыл ауруын жұқтырады. Солардың көпшілігі жыл сайын шамамен 6,000 жағдай жайында хабарлайтын Конгода тіркеледі. Ал, Нигерияда бұл індет былтыр шамамен 3,000 тұрғыннан анықталған.

Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше, денсаулықты бақылау жүйесіндегі кемістіктер салдарынан бұл ауруға шалдыққан көптеген адам есепке алынбай жатқан тәрізді.

Маймыл шешегін жұқтыру жағдайлары кейде Африкадан тыс жерлерде, соның ішінде АҚШ пен Ұлыбританияда сирек байқалады. Бұл фактілер әдетте "Қара құрлыққа" саяхаттаушылардан немесе сол континенттің осы вирус кең тараған аймақтарында жануарлармен байланыста болғандардан анықталады.

2003 жылы АҚШ-тың алты штатында 47 адамның маймыл шешекке шалдыққаны расталды. Олар қауіпті вирусты Ганадан әкелінген кішкентай сүтқоректілердің қасында болған үй иттерінен жұқтырған.

БҰЛ ЖАҒДАЙЛАР НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ?

Ерекшелік сол - маймыл ауруы Африкаға бармаған адамдар арасында алғаш рет таралып жатқан сияқты. Бұл оқиғалардың көпшілігі ерлермен жыныстық қатынасқа түскен ер адамдарға қатысты болып отыр

Африкалық инфекция Еуропаның Ұлыбритания, Италия, Португалия, Испания, Франция, Германия, Бельгия, Швеция тәрізді елдерінде табылды.

Ұлыбританияның Денсаулық сақтау агенттігі елдегі жұқтыру жағдайларының бір-бірімен байланысты еместігін айтады. Ал, Португалияда бұл инфекция жыныстық денсаулық клиникасында анықталды: оған барған ер пациенттер жыныс мүшелері зақымданғаны үшін көмек сұраған.

Сәрсенбі күні АҚШ үкіметі Канадаға жақында барып қайтқан ер адамнан маймыл шешек анықталғанын хабарлады. Канаданың қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі болса, екі жағдайды растап отыр. Бұған дейін Квебектің медицина қызметкерлері Монреаль аймағында 17 оқиғаға күдіктенетінін мәлімдеген еді.

Испанияның денсаулық сақтау органдары індетпен күресу үшін шешекке қарсы мыңдаған дәрі сатып алды, деп хабарлайды жергілікті El País газеті.

Виктория денсаулық сақтау департаментінің дерегінше, Австралиядағы алғашқы жағдай Ұлыбританияға барғаннан кейін ауырып қалған ер адамнан анықталған.

Жалпы алғанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ауру әлемнің 11 еліне жетіп,  80-ге жуық жұқтыру оқиғасының расталғанын хабарлап отыр.

МАЙМЫЛ ШЕШЕК ЖЫНЫСТЫҚ ЖОЛМЕН ЖҰҒА МА?

Жұғуы мүмкін, бірақ бұл мәселе қазір толық түсініксіз.

Маймыл шешегінің жыныстық қатынас арқылы таралуы бұрын құжатталмаған. Бірақ, бұл вирус осы шешекті жұқтырған адамдармен, солардың дене сұйықтықтарымен, киімдерімен, төсек-орнымен тығыз байланыста болған адамдарға берілуі мүмкін.

Лондон Корольдік колледжінің вирусологы Майкл Скиннер Ұлыбританиядағы ер адамдардың оны қалай жұқтырғанын анықтауға әлі ерте екенін айтады.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу