Майнерлер "вообще" салық төлемейді – депутат министрдің сөзін теріске шығарды

1756

"Майнерлер арзан энергия алса да, жоғары салық төлейтін болады" деген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан сынға алды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Майнерлер "вообще" салық төлемейді – депутат министрдің сөзін теріске шығарды

Мәжілістің жалпы отырысында Әлібек Қуантыров майнерлерге салық төлету мәселесі туралы баяндама жасап, депутаттар сұрағына жауап берді.

"Біз цифрлық майнингке салықты 1 кВат сағ-қа 1 теңгеден 10 теңгеге дейін ұлғайту керек деген ұсыныс айттық. Содан кейін бизнес қоғамдастық және тиісті ассоциациялармен ақылдастық. Салықты дифференциациялау туралы шешімге келдік. Неге десеңіз, қазір біздегі майнерлер өте төмен салық төлеп жатыр. Енді сараланған салық энергия құныны байланысты болады. Енді ешқандай айырмашылық болмайды. Қымбат энергия сатып алса, төмен салық төлейді. Ал арзан энергия алса, жоғары салық төлейді. Мысалы, олар тап ГРЭС-тің қасында фермаларын орналастырса да айырмашылық болмайды. Майнерлер келгенге дейін Қазақстанда электр энергиясы профицит болған еді, олар келгеннен кейін тапшылық пайда болды. Қазіргі қабылданып жатқан шаралар, үкіметтің пікірі бойынша, энерго балансты қалпына келтіруге сеп болады", – деп сендіреді министр.

Оның айтуына қарағанда, майнерлер 1 кВат сағат энергияға аз дегенде 1 теңге, көп дегенде 10 теңге төлейді.

Алайда депутат оның сөзін теріске шығарды.

"Құрметті Әлібек Сәкенұлы, бір сөзіңізде Қытай майнерлерді қуып кетті дедіңіз. Олар қуып кеткен жоқ, нарығынан шығарып жіберді. Жалпы табыс табу, халықты асырауды қытайдан үйренуіміз керек шығар. Қытайлар майнерлерді неге шығарып тастағанына анализ жасау керек сияқты. Тағы бір сөзіңізде майнингтен өте төмен салық түседі деп айттыңыз. Майнерлер салық төлемейді "вообще". Өйткені онсыз да тапшы энергиямызды алып, өз пайдасына жаратып жатыр. Мысалы, оңтүстік өңірлерде шаруалар дақылын аман сақтау үшін электро сорғылармен су шығарады. Соған кезінде электр энериясы табылмай, түннің бір жарымында тұрып жұмыс істейтін. Сіздер майнерлерге тағы да заңдастырып тұрып мүмкіндік бермексіздер. Бұл мәселеде Қазақстанның энергия жүйелерінің операторынан қай жерде энергия артық екені жөнінде анықтама алуымыз керек. Ал енді сізге энергетик ретінде айтайын. Бізде артық электр энергиясы жоқ. Мүлде жоқ. Электр энергиясын көмір жағу тәрізді өте лас әдістермен тауып отырмыз. Ол біздің табиғатқа зиян. Бұл мәселеге көңіл бөліп, майнерлерді орналастыратын жерді алдымен зерттеу керек", – деді депутат.

Бұған министр жауап бермеді: "Түсінікті, рақмет" деді.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу