Қазақстандық шабуылшы Максим Самородов Ресей премьер-лигасының 19-турында мәскеулік ЦСКА-ға қарсы матчта грозныйлық "Ахмат" сапында алаңға шықты.
Грозный қаласында өткен кездесу 1:0 есебімен аяқталды. Матчтағы жалғыз гол 4-минутта соғылды. Максим Самородов айып алаңы сызығының маңынан соққы жасап, доп қақпа торынан табылды. 82-минутта жеңіс голының авторы алаңнан ауыстырылды.
Осы жеңістің арқасында "Ахмат" 25 ұпай жинап, турнир кестесінде 7-орынға көтерілді. Ал 36 ұпайы бар ЦСКА 4-ші сатыда қалды. Чемпионатта 43 ұпаймен "Краснодар" көш бастап тұр. Ал қазақстандық Нұралы Әліп өнер көрсететін "Зенит" командасы 42 ұпаймен 2-орында келеді.
Айта кетейік, "Ахматта" өнер көрсететін тағы бір қазақстандық футболшы Ғалымжан Кенжебек қосалқы құрамда болып, алаңға шыққан жоқ.