Максимович су тегін кетті ме?

1919

"Астана" командасының және Сербия құрамасының жартылай қорғаушысы Неманья Максимович Испанияның "Валенсия" командасымен келісімшартқа қол қойды. Жастар арасындағы әлем чемпионы енді "жарқанаттар" сапында алдағы жаздан бастап 2021 жылға дейін ойнайды. Оның ойыны ұнап жатса, келісім мерзімі тағы бір жылға ұзаруы мүмкін.

Максимович су тегін кетті ме? Фото: vesti.kz

Ең алдымен, бұл трансфердің ұзақ күттіргенін айтуымыз керек. Қысқы трансферлік кезеңде серб футболшысын құрамына алғысы келгендер тіпті кезекке тұрды. "Ювентус", "Монако", "Манчестер Юнайтед", "Бенфика"... Ақыры бұл эпопея соңына жетіп, біздің премьер-лигадан испан примерасына ауысқан тұңғыш футболшы осы Неманья болды.

Бірақ оны "Валенсияда" керемет күтіп тұр деуге әзірге ертелеу. 2000 жылдардың басында Еуропа футболының бағдарын айқындаған клуб қазір бұрынғы жорғасынан жаңылған. Өткен жылдың басынан бері үш бапкер ауысты, қазір төртіншісі жаттықтырушы міндетін атқарушы болып отыр. Максимовичтің келуін мақұлдаған италиялық Чезаре Пранделли жақында отставкаға кетті, ал онымен жымдаса жұмыс істеген спорт директоры Хесус Гарсия Питарч 8 қаңтар күні орнын босатты. Сонда біздің елден барған батырға кім ие болады?

Бірақ бұдан қорқудың қажеті жоқ. "Валенсия" осы маусымды қалт-құлт етіп аяқтаса да, жазда жаңа команда жасауға мақұл. Ал Неманья – орталық алаңда шабуыл мен қорғанысты шебер байланыстырушы. Яғни оған орын қай кезде де, қай бапкер жаттықтырса да табылуы мүмкін.

Бізді алаңдататыны басқа нәрсе. Келісімшартта көрсетілгендей, Максимовичтің трансферінен "Астана" бар-жоғы 300 мың еуро пайда көреді. Серб футболшысы "Валенсия" сапына осы айда емес, жазда еркін агент ретінде қосылады. Яғни, "жарқанаттар" менеджменті өте сенімді қадам жасап отыр. Олар Максимовичтің "Астанамен" келісімшарт мерзімі аяқталуын асықпай күтеді де, жазда оны тегін алады.

"Астана" Максимовичті сататынын өткен жылдың жазынан бері айтып келе жатқан-ды. Бірақ шешімді қимыл жасаған жоқ. Ел ішін тек өсек кезді де жүрді. "Максимовичті 5 млн еуроға сатқалы жатыр екен", "Астана" сербті сатып, тәуір пайдаға кенелетін күн жақын" деген сөздер желдей есті. Алайда жеме-жемге келгенде "Астана" өте аз сомаға, бар болғаны 300 мың еуроға қанағат білдіріп, тақырға отырып қалатын сияқты.

Бұл кімнің жіберіп алған олқылығы? Әрине, соңғы 3 жылда Қазақстан чемпионы атанған командамыздың басшылығы қол қусырып қарап отырды демеспіз. Бірақ Максимович тегін кетті, осыны мойындауға тиіспіз.

Серб футболшысы "Астанаға" 2015 жылы келді. Екі маусымда ол 2 дүркін Қазақстан чемпионы атанды, Қазақстан кубогы мен суперкубогын жеңіп алды. 2015 жылы Сербия жастар құрамасы сапында әлем чемпионы атағына қол жеткізіп, финалдағы жалғыз допты салды. Ал былтыр Сербия ұлттық құрамасы сапындағы алғашқы матчын өткізді.

Қазақстан премьер-лигасында Максимович 54 матч өткізіп, 9 гол соқты, нәтижелі 7 пас берді. Қазақстан кубогында 4 матчқа қатысты. "Астана" сапында чемпиондар лигасы мен еуропа лигасының топтық турнирінде ойнап, 21 кездесуде 3 гол салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу