"Мақтаарал" бас бапкерін ауыстыруы тиіс

881

Маусым басталмай тұрып Константин Горовенконы мықты маман деп мақтағандар көп болды. Одан команданың құрамындағы ойыншыларға қарап “Мақтарал” биыл алғашқы бестіктен көрінеді дегендер де табылды.

"Мақтаарал" бас бапкерін ауыстыруы тиіс

Алайда алғашқы бестік тұрмақ, бес ойында ұтылған ұжым бүгін де турнирлік кестеде көш соңында келеді. Неге ? Себебі “Мақтаралды” қәзір ерінбегеннің бәрі ұтады. Әйтпесе жаңа маусымда ойын кестесі сәтті болған бір команда болса, ол - дәл осы “Мақтарал” болатын. Алайда Константин Горовенко шәкірттері алғашқы 6 турда келесідей нәтиже тіркеді.

Мәселен:

1-тур: "Мақтарал" - “Оқжетпес” 0:1

2-тур: “Қызылжар” - "Мақтарал" 1:0

3-тур: "Мақтарал" - “Атырау” 0:1

4-тур: “Ақсу” - "Мақтарал" - 2:1

5-тур: "Мақтарал" "Каспий" 3:1

6-тур: “Шахтер” - "Мақтарал" 3:0

Өткізген 6 ойынның бесеуінде жеңіліс тауып, тек біреуінде ғана жеңіске жетті. Онда да Кахабер Цхедадзе тоқырауға түсірген “Каспиден” ғана ұпай еншіледі. Осы аралықта атакенттіктер көшбасшы ұжымдардың бір де бірімен кездескен емес. 

Мәселен алғашқы үш турда “Жетісу” да ұтылғанын білеміз. Бірақ Талдықорғандықтар үш ойында да чемпиондықтан үмітті ұжымдар “Ақтөбе”, “Астана”, “Ордабасы” үштігімен кездесті. Артынша ұпайдан шашау шығармай келе жатқан “Тобылды” тоқтатты. Содан соң Алматыға барып “Қайратты” ойсырата ұтты. Ал, кешегі "Қайсармен" болған ойынға келсек, жетісулықтар бұл матчта қарсыластан бұрын, төрешенің алдында "дәрменсіз" болды. Қатар-қатар қойылған пенальтилерге қарап, құдды бір пенальтилер сериясын тамашалап отырғандай әсерде болдық. Әсіресе алғашқы пенальтиді не үшін белгілегенін төреші де, оның көмекшілері де түсіндіріп бере алмайтын шығар. Жә-жә, жарар! Бапкерлік тұрғысындағы тақырыбымызға қайта оралайық. Мәселен, ойын кестесі ауыр болды деп ақтап алуға болатын бір бапкер болса ол осы “Жетісу” жаттықтырушысы - Алмас Құлыншынбаев еді. Ал, “Мақтарал” бапкері Константин Горовенконы не деп және қалай ақтауға болады?!

 “Мақтаралды” тізе бүктірген командалардың қайсысының әлеуеті атакенттіктерден артық еді ? Жарайды, “Қызылжар” қәзір бабында ғой деп, Али Алиевтің командасына жеңілгенін кешіруге тырысайық. Алайда "Оқжетпес" "Атырау", "Ақсу", "Шахтер" сынды өзімен деңгейлес ұжымдарға түгелдей “дәстүрлі түрде” ұтылып қалуы бас бапкерге тікелей байланысты. Яғни оның жұмысы сын көтермейді деген сөз. Тағы бір назар аударатын жайт, “Мақтаралды” ұтқан ұжымжардың барлығы өздерінің бұл маусымдағы алғашқы үш ұпайларын дәл осы командамен болған ойында еншілеген. Демек бүгінгі таңда Қазақстан премьер лигасында сынға түсетін ұжымдар түгелдей “МАҚТАРАЛМЕН” болатын ойынды “ПОТЕНЦИАЛДЫ ҮШ ҰПАЙ” деп қарастыратындығын айғақтайды. Ал, ол мүмкіндікті мүлт жіберген жаттықтырушы автоматты түрде жұмысынан айрылады. Мәселен “Мақтаралмен” болған ойында ұпай жоғалтқаны үшін "Каспий" Кахабер Цхедадзені қызметінен қуды. Яғни мұндай масқараны ақтаулық атқамінерлер Кахаберге кешірмеді. Сөйтті де өздері үшін қаржылық тұрғыда тиімсіз болса да, гүржістандық маманды аулына қайтарды. Сол-ақ, екен "Каспий" келесі матчта биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Міне, шұғыл шешім, жылдам ұпай әкелді. 

Егер "Мақтаралдан" ұтылса “Атырау” мен “Ақсуды” қайдам, бірақ “Шахтер” жетекшілері кеше клубтың бас бапкерін қызметінен босатуы әбден мүмкін еді. Абырой болғанда Игорь Солошенконың бағы бар екен. "Мақтаралды" дәстүрге сай еш қиындықсыз әрі ойсырата жеңді де, "Шахтер" жаңа маусымдағы алғашқы жеңісін тойлады. Сәйкестік пе ? Жоқ, бұл әділдік! Себебі Константин Горовенко шәкірттерінің бүгінгі ойынында жүйе жоқ. Өткен 6 турда тым болмаса ілгерілеуді де байқамадық. Осы орайда бұл команданың нәтижесіне алаңдайтын адам бар ма, деген ой келеді. Клубтың басшылары қайда қарап отыр? Өзгелерді қуантып, өз жанкүйерлерін жерге қаратудан жалыққан жоқ па? Қашанғы ұтылып жүре бермек?! Әлде "үш күннен соң тозаққа да үйренесің" деп, жеңіле-жеңіле атакенттік атқамінерлердің жеңіліске еті де, беті де үйреніп кетті ме, екен ? Бәлкім "асықпаған арбамен қоян алады" деп жылы жерлерде жатқан шығар? Қоянды қайдам?! Бірақ ұпай алу кезек күттірмейтін мәселе екені анық! Әйтпесе төменгі лиганың ауылы да алыс емес. Қәзірдің өзінде "Мақтарал" қайдасың деп, мен-мұндалап тұр. Ия, команда бірінші лигаға түсемін дегенше Константин Горовенко басқа команданың тізгінін ұстап кетуі де ғажап емес. Бірақ, бүгін, мүмкіндік бар ғой. Ендеше әлі де кеш емес. Сондықтан да "Мақтарал" басшылығы қолын мезгілен кеш сермемес үшін, бас бапкер мәселесіне дәл қәзір мән бергені дұрыс болар. Әрекетке берекет деп, бекер айтылмаса керек. Қалай болғанда да "Triple M" орын алмайды яғни, “мақтаулы "Мақтарал" масқара” болмайды деген үміттеміз. 

Десе де маусым соңындағы кезекті мақаламыздың біріне тағы да "Triple M" деген тақырып қойып, “Мақтарал” мықтылығын мойындатты” деп жазғымыз келеді. Ал, мақтаулы болу мен масқара болудың арасы бір-ақ, маусым, бір-ақ, сәт!

Айбек Қабылша

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу