"Мақтаарал" ғаламат камбэк жасады

1865

Жетісайлық команда премьер-лигада қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Соңы не болар екен?  

"Мақтаарал" ғаламат камбэк жасады

Бүгін Қазақстан чемпионатының 23-тур ойындары басталды. Оралдың "Ақжайық" командасы өз алаңында "Таразды" қабылдады. Турнирлік кестенің түбінде жүрген қос команданың ойыны тартысты өтті. Деңгейлес қарсыластар алғашқы минуттардан бастап шабуылға шықты. Әсіресе қонақтар жойқын соққылар жасады. Жамбылдық жастар өткір шабуылдап, бірнеше мәрте қақпа алдынан қайтты. Екінші таймда "Ақжайық" легионерлерін шығарып, ойынын күшейтті. Десе де, "Тараз" қақпасына гол салу мүмкін болмады. Екі команда өздеріне қатты қажет болып тұрған үш ұпайдан еншіледі.

Екінші кездесу "Каспий" мен "Мақтаарал" арасында өтті. Ең соңғы орында келе жатқан "Мақтааралға" ұпай ауадай қажет болатын. Алайда, ақтаулық команда бірінші болып есеп ашты. 11 минутта Рубен Бриджиду есеп ашты. Португалиялық легионер араға 10 минут салып тағы бір гол салды. Жетісайлық команданың салысы суға кетіп, үнжырғасы түсіп кетті. Тайм арасындағы үзіліс Константин Горовенконың командасына керемет әсер етті. Жас бапкер шәкірттерін жігерлендіріп жіберсе керек, екінші таймда олар қатарынан 4 гол салды. Арасында ақтаулық команданың пеналтьи тебетін мүмкіндігі болды. Алайда, алаң иелері 11 метрлікті мүлт жіберіп алды. Есеп 2:4 болып, "Мақтаарал" 3 ұпай еншіледі. Енді оларда 24 ұпай. Бұл дегеніміз турнирлік кестеде олар 12 орынға көтерілді деген сөз.

"Ордабасы" мен "Шахтер" арасындағы ойын да тартысты болды. "Орда" өткен турда "Астанаға" 6:0 жеңіліп, масқара болды. Мамандардың көбісі бұл келісілген матч деп пікір білдірді. Сондықтан болар, "Ордабасы" осы жолы керемет ойнады. Максим Фединнің соққан жалғыз голы кездесу тағдырын шешті. Шымкенттік команда 3 ұпай еншілеп жанкүйерлер алдындағы абыройын көтеріп алды.

Ал "Тұран" мен "Ақсу" арасындағы матч бірсыдырғы шабуылдармен ғана өрілді. Екі ұжым да ұпайдан шашау шығарғысы келмей асықпай шабуылдап, аяқтарын аңдып басты. Алайда, матч түгеселер тұста Ұлар Жақсыбаев гол салып, "Ақсу" жеңісті жұлып әкетті. Соның арқасында "Ақсу" 6 орынға көтерілді. Павлодарлық команданың жағдайы күрт жақсарып кетті. Ертең тағы да 3 матч ойналады. Онда "Тобыл" "Ақтөбені" қабылдаса, "Астана" "Қайратқа" қонаққа барады. Осы ойындарда чемпиондықтың да мәселесі шешіліп қалуы ықтимал.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу