"Мақтараарал" мақтауға тұрарлық ойын көрсетті

1242

Қазақстан кубогы жарысында сенсация тіркеліп, "Мақтаарал" ел біріншілігінде бірінші орында келе жатқан "Тобылды" жеңді.

"Мақтараарал" мақтауға тұрарлық ойын көрсетті

"Тобыл" биыл Қазақстан чемпионы болуға лайық бірден-бір команда. Кезінде "Манчестер Юнайтед" пен ЦСКА сапында ойнаған Зоран Тошич, Түркия біріншілігінде доп тепкен Неманья Николич секілді бағалы легионерлер алып, еліміздегі кілең мықты футболшыларды қатарына қосты. Облыс әкімі Архимед Бегжанұлы Мұхамбетов мырза да қаржыны аямай, футбол клубына көңіл бөлді. Алайда, команданың бас бапкері Григорий Бабаян қызметінен кетіп, "Тобыл" әлсіреп қалды. Барлық жағдай жасалса, Бабаян бапкер неге кетеді деген заңды сауал туындауы мүмкін. Оның басты себебі Ресей елінің серкесі ЦСКА командасы оны бапкерлікке шақырды. Ондай ұсыныс өмірінде көп болмайтынын сезген Г.Бабаян бірден Мәскеуге жол тартты. Енді оның орнында қалған Александр Москаленко не істерін білмей дал болып қалғандай. Себебі, Конференция лигасы аясындағы ойында олар "Хайдук" командасына 2:0 есебімен жеңіліп қалды. Енді сол хорватиялық команданы Қостанайда қабылдайды. Сол үшін мықты деген аяқдопшыларын қосалқы құрамға қойып, жастарды шығарып, кубоктың кезекті ойынын өткізе салмақ еді. Бірақ, бірінші лигада ойнайтын "Мақтаарал" мұрнын шүйіріп менсінбей қараған "Тобылды" тобықтан қақты. Ойынның бірінші таймында мақтаның отанынан келген жас команда 3:0 есебімен жеңіп жатты.

Сонымен қатар бүгін ақтаулық "Каспий" футболдан Қазақстан Кубогы топтық кезеңінің үшінші тур ойынында Талдықорғанның "Жетісу" командасын жеңді. Ақтаудағы ойын 1:0 есебімен аяқталды. 76-минуттағы жалғыз голды тунистік Вайди Сехли соқты. "Каспий" Қазақстан Кубогындағы үш кездесудің үшіншісінде де жеңіске жетті. "Жетісуда" сонымен қатар "Қайрат" пен "Тұранда" үш ұпай бар.

"Астана" футболдан Қазақстан Кубогының үшінші тур ойынында Оралдың "Ақжайығын" жеңді. Кездесу Нұр-Сұлтанда өтіп, 42-минутта жалғыз голды Абат Айымбетов соқты. Сонымен қатар, негізгі уақытта "Астана" он ойыншымен қалды. Марк Гурман екінші ескерту алып, алаңнан қуылды. Осы жеңістің арқасында "Астана" жеті ұпай жинап, С тобында көш бастады. "Қайсар" бес ұпаймен топта екінші, "Ақжайық" төрт ұпаймен үшінші орынға жайғасса, ал "Ақтөбе" барлық матчта жеңілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу