Мал басы көбейгенімен, сала бизнес ретінде қалыптаспады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5871

2021 жылға дейін сиыр еті экспортын 12 есеге, қой еті экспортын 20 есеге арттыру көзделген. 

Мал басы көбейгенімен, сала бизнес ретінде қалыптаспады

Айта кетейік, 2017-2021 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығын қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізілген бірқатар өзгерістердің ішінде егістік алқаптарды әртараптандыру, соның ішінде жем-шөп алқабын ұлғайту да бар.

Мемлекеттік бағдарламада көрсетілген футуристік жоспарды орындау шаруалар үшін қаншалықты мүмкін екенін анықтау әзірге қиын. Саладағы өсімнің қарқыны көңілге үміт ұялатады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың да кеңейгені, мал асырау мақсатымен несие алушы ауыл тұрғындарының көбейгені шындық. Сонымен қатар, осы салада ірі кәсіппен айналысқысы келетіндерге банктердің беретін несиесі мен жекелеген инвестицияның артуы да байқалады.

Мал басы көбейіп келеді

Биылғы жылдың бірінші маусымында мал шаруашылығындағы жалпы өнім бір жылда 11,7 пайызға артып, 339,1 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде осы саладағы үздік үштік саналатын Алматы, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары республика бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 47 пайызына ие.  Бұл үш өңір де жылдық көрсеткіште өсімге қол жеткізіп, Алматы облысы 11,5%, ОҚО 16,8%, ШҚО 12,4% артты.

АӨК секторларының барлығында өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім бар. Нақтырақ айтар болсақ, мал мен құс сою және оны сату 3,8% артып, 367,4 мың тоннаға жетті. Соның ішінде 49 пайызы ірі қара малына тиесілі болса, 15 пайызы қой, 14 пайызы құс және 11 пайызы жылқыға тиесілі.

Сүт өндірісі бір жылда 3,6 пайыз артып, 863,5 мың тоннаға жетті. Аталған үш өңір тағы да республика бойынша жалпы өнімнің 48,2 пайызын қамтамасыз етті. Бір сиырдан сауылатын сүт көлемі де былтырғымен салыстырғанда 1 пайызға артқан екен. Сүт өндірісі көлемінің өсу қарқыны бойынша үздіктердің тізімін Алматы облысы, Қостанай облысы мен Ақмола облысы бастады.

Тері өнімдері де былтырғымен салыстырғанда 3,5 пайызға артты. Атап айтар болсақ, ірі терілер саны 585,9 мыңды құраса, ұсақ терілер саны 1,41 млн-ға жеткен. Бұл секторда да алдыңғы орында Алматы облысы тұрса, одан кейін Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстары еншілейді. Бұл үш өңір республика бойынша ірі терінің 42,6 пайызын, ұсақ терінің 62,6 пайызын құрады.

Ал жұмыртқа өндірісінде керісінше, құлдырау бар. Бір жылда елде өндірілген жұмыртқа саны 1,2 пайызға азайып, 1,06 млрд данаға азайды. Жұмыртқа өндіру бойынша өнімнің 52,7 пайызын Алматы, Қостанай, Ақмола облыстары қамтамасыз етіп отыр.

Ірі қара малы саны бір жылда 4 пайызға ұлғайып, 7,3 млн басты құрады. Ал жылқы саны 8,9 пайызға артып, 2,3 млн-ға жетті. Түйе саны 5,1 пайызға өсіп, 195 мыңға жетсе, қой 1 пайызға көбейіп, 18,7 млн-ға ұлғайды. Құс саны да 7,4 пайыз көбейіп, 38,3 млн-ға жетті. 

Жемшөп мәселесінде де алға ілгерілеушілік байқалады. 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, елдегі жемшөп қоры 32,7 пайызға артып, 598,6 мың тоннаға жетті. Бұл шартты түрде алғанда бір ірі қараға 4,5 центнерден келеді деген сөз. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 15,4 пайызға артық.

Соның ішінде республикадағы қордың 61,8 пайызы Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына тиесілі.

Қаржыландыру күшті

Ауыл шаруашылығын несиелеу де, жекелеген инвестицияның тартылуы да жоғары деңгейде.

АӨК-тің несиелік портфелі бір жылда 33,7 пайызға артып, 668,8 млрд теңгеге жетті.

2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында саладағы негізгі капиталға салынған инвестициялық портфель 3,9 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы екі айымен салыстырғанда 20,9 пайызға артық. 2016 жылдың қорытындысы бойынша капитал салымы 53,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2015 жылғымен салыстырғанда 38,9 пайызға артық. 

Былтыр жыл соңында қабылданған 2017-2021 жылдарға арналған Ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында саладағы бизнеске Трансұлттық корпорацияларды тарту мақсаты қойылған. Онда ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортын арттыру көзделген. Осы жұмыстар аясында үш сала бойынша экспорттық жобалар дайындалады: ет өндірісі мен өңдеу, сүт өндірісі мен өңдеу және өсімдік шаруашылығы (томат пастасы өндірісі).

Жалпы, аталған бағдарлама елдің ауыл шаруашылық көрінісін өзгертуді мақсат етеді. Атап айтар болсақ, егістік жерлердің әртараптандырылуы арқылы бидайдан басқа да дақылдар егістігі арттырылатын болса, екіншіден, мал азығына да басымдылық беріледі. Шемжөп қорының молаюы мал басының артуына оң әсерін тигізуі тиіс.

Тексерілген әдіс. Шетелден ақша әкелу

Таяуда ҚР сыртқы істер министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы істер ведомствосына Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен шетелдік бизнес өкілдерін шақырып алып, елдің ауыл шаруашылық әлеуетін жарнамалады. Шараның мақсаты – ауыл шаруашылығы саласына шетелдің байларының қаржысын тарту.

Қазақстанда қазір Трансұлттық компаниялардан басқа, АӨК саласында шетелдік инвесторлардың қатысуымен 40-қа жуық жобалар бар. Инвесторлар басым бөлігі РФ, Германия, Түркия, Украина, Оңтүстік Корея және ҚХР, Франция мемлекеттерінен.

Қорыта айтар болсақ, Қазақстандағы мал басының артқанымен мал шаруашылығының жеке бизнес ретінде қалыптаспауын бірнеше жолмен түсіндіруге болады. Біріншіден, саланың мемлекеттік қаржыландыруға тікелей тәуелділігі. Қазіргі таңда ауылдық жерлердегі мал басын арттыру мақсатында беріліп жатқан несиелер тек мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінен шыға алмай отыр. Банктердің қаржыландыруы да бұл тұрғыда мемлекеттің кепілдігіне сенеді.

Екіншіден, қаржыландыру бизнесті бастауға берілген бір ғана көмек. Ал өнімді сату жағына келер болсақ, малшылар әлі де нарыққа етене кіріп кете алмай отыр. Оған кедергі келтіретін факторлар жалпы елдегі барлық салалар секілді өнімді коммерциялаудың әлсіздігі мен қолдан жасалып отырған кедергілер және импорттық өнімдермен баға тұрғысынан да, сапа тұрғысынан да бәсекелесе алмауы.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу