Мал шаруашылығының жылдық көрсеткіші жаман емес

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
6428

2018 жылдың қаңтар-қараша аралығында мал шаруашылығындағы жалпы өнім 13 пайызға өсіп, 1,8 трлн теңгеге жетті.

Мал шаруашылығының жылдық көрсеткіші жаман емес

Соның ішінде Алматы облысындағы жалпы өнім былтырғыдан 16,5 пайызға артып 309,1 млрд теңгеге, ШҚО-да 11 пайыз өсіп 254 млрд теңгеге және Түркістан облысында 228,7 млрд теңгеге жетті. 

Мал шаруашылығы Ақтөбе облысында аса қарқынды өсіп келеді. Бұл өңірдегі жалпы өнім былтырғыдан 21,9 пайызға артса, екінші орындағы Маңғыстау облысында 18,8 пайыз өсіп, Қызылорда облысындағы көрсеткіш 17,8 пайызға жақсарған.

Статистика комитетінің мәліметінше, Ақтөбе облысында жалпы өнімнің күрт көбеюіне ет өнімдерінің 8 пайызға, сүт өнімдерінің 3,9 пайызға және тауық жұмыртқаларының 26 пайызға ұлғаюы себеп болған. Ал Маңғыстау облысын алға сүйреген фактор ет өнімдерінің 5,3 пайызға, сиыр сүтінің 8,4 пайызға және тауық жұмыртқасының 59,4 пайызға көбеюі алғышарт болыпты.

Естеріңізге сала кетейік, алдағы 10 жылда ауыл шаруашылығы министрлігі сүт пен құс етін үш есеге дейін арттыруды жоспарлап отыр. 2021 жылға дейін Ақмола мен Қарағанды облыстарында ет өңдеу кешендері мен 16 сүт-тауар фермалары ашылмақ.

Жыл басынан бергі 11 айда мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі айтарлықтай өсіп, тауық жұмыртқасы 10,6 пайыз артып 5,1 млрд данаға жетсе, тірідей сойылған мал мен құс 4,3 пайызға артып, 16 млн тоннаға жетті. Ал олардан алынған ірі тері көлемі 7,2 пайызға артып, 2,5 млн данаға жетсе, ұсақ тері көлемі 0,8 пайыз кеміп, 6,5 млн дананы құрады. Сүт көлемі өз кезегінде 3,3 пайыз өсіп, 5,3 млн тоннаға жетті.

Өнім көлемі артқанымен қатар шаруашылықтардағы мал басы мен құс санының да ұлғаюы байқалуда. Былтырғы осы уақыттағы көрсеткішпен салыстырғанда жылқы саны 7,3 пайызға артып 2,5 млн-ға жетсе, түйе саны 6,5 пайыз өсіп 203 мыңды құрады, ал ірі қара саны 4,5 есе өсіп, 7 млн басқа жетті.  Өз кезегінде үй құсының саны 9 пайызға артып 45,3 млн-ды құрады.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Алматы, Ақмола облысы мен ШҚО өндірілген құс етінің 80 пайызын шығарса, соның ішінде 50 пайызын 3 ірі компания, атап айтар болсақ, "Алель Агро" АҚ, "УКПФ" ААҚ мен "Алатау-Құс" АҚ, 34 пайызын "Сары-Бұлак" ЖШС, "Прииртышская бройлерная птицефабрика" ЖШС, "Восток БР", "Ордабасы Құс" ЖШС, "Ақнар ПФ" ЖШС мен "Capital Projects LTD" ЖШС шығарған.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу