Малшылар мардымды өмір сүріп жатыр ма?

163

Өткен аптада Президенттің қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өткенін білеміз. 

Малшылар мардымды өмір сүріп жатыр ма? Фото: Ернар АЛМАБЕК

Саладағы жетістіктермен қатар, көптеген мәселелердің бары да ашық айтылды. Соның бірі – мал шаруашылығының жай-күйі.

Жалпылама атау беріп, мал шаруашылығы дегенімізбен, оның ішінде түрлі бағыт бары белгілі. Басқасы аталғанымен, еңбектің нақ өзін атқаратын малшылардың жайы көбіне ескерусіз қалады. Көпшілік кеңес кезіндегідей "төмен статусқа ие" мамандық санайтыны да жасырын емес.

Еңбектің бәрін жоққа шығармаймыз, әйтсе де тиісті ведомстволар малшылардың жағдайын жиі айтпайды. Яғни, аз көңіл бөлінеді. Әйтеуір биыл шілдеде өткен Үкімет отырыстарының бірінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, зейнеткерлік жасты төмендету сияқты бірқатар әлеуметтік қамсыздандырудың кешенді жоспарын ұсынған еді.

Шенеунік бұл жоспарға жалақыны көтеру, зейнеткерлік жасты төмендету, ауыл тұрғындарының әлеуметтік төлемдеріне ұлғайтылған коэффициентті қолдану секілді шаралар енгізілетінін атаған.

Мінберден айтылған осы сөзден кейін ақпарат құралдары малшыларға қатысты позитивті сарындағы ақпараттар легін тарата кетті. Қуанған жұрт та көп болды, әсіресе ауылдағылар. Малшыға жағдай жасауға ниетті шаруақожалық басшысына субсидия беру, бала-шағасының мектепке орналасуы, ЖОО оқу орнына түсуге жеңілдік жасау, қажет болса әскерге жібермей, сол салаға бейімдеу жоспарлары айтылған.

Әйтсе де осы аталған ғажайып істердің орындала кететіні сенетіндер қатары аз. Мәселен, қожалық иесі Қуаныш Сүлейменов бәрінен бұрын салаға шетелдік мамандарды тарту қажет екенін айтады.

– Мал шаруашылығымен 20 жылдан астам шұғылданып келемін. 150 бас мал алып кәсіп бастап істеп көрдім. Қазір қоғам арасында осы саланың жай-жапсарын айтып жүрміз. Қой, жылқы, сиырмен айналысып, жемшөбін дайындап, одан өнім алу оңай шаруа емес. Малдың соңынан жүрген адамда демалыс болмайды. Сол себепті ең әуелі инфрақұрылым жасап, зейнет жасын төмендетіп қарасқаны жөн. Сол маңдағы малшылар қонысына жол салынса, жарық, жылу тартылып, су жеткізіліп тұрса ғана малшының дәрежесі көтеріледі. Мал бағатын адамның айлығы ең жоғары жалақылар қатарында болып, түгел қамтамасыз етілсе, делдал мәселесі реттелсе, ет пен сүт, азық-түлік мәселесі тұрақталар еді. Бұл тұрғыда АҚШ, Аустралияның жағдайы жасалған фермерлерін мысал ете аламыз, – дейді.

Бұл саланың экономикалық қыры да бар. Себебі мал шаруашылығының шағын және орта бизнесте орасан үлесі бар. Халыққа қажетті ет, сүт өнімдерінің бағасына да ықпалы тиеді. Сөйте тұра осы еңбектің басы-қасында жүрген малшылар қаншалықты игілік көріп отыр. Экономист Сапарбай Жобаевтың сөзінше, бұл салаға басымдық берілгенімен, ол іс басқа мамандық иелерінің де бас көтеруі апармауы тиіс. Яғни, игілікті бірінші кезекте малшылар сезінуі керек.

– Алдымен Қазақстанда қанша шопан, бақташы, жылқышы, түйеші бар, соны есептеп алайық. Ал балаларының тегін оқуға түсуі – малшыға зор қолдау. Өйткені көп малшы өз малын емес, жалданып, біреудің малын бағып жүр. Жарайды, жалданған малшы құжатпен дәлелденер, ал ауылда мал бағып бала-шағасын асырап жүргендер назардан тыс қалып қоймағаны абзал. Жеке бір саланы бөліп алып, зейнет жасын төмендету үрдісін жіті қарау керек. Сондықтан әбден оң-солын қарап, қоғам тарапынан жұмыс тобына әр саланың білікті мамандарын тартып, шопандармен тілдесіп, қажет болса өзін де шақырып, зейнетақы төлеу, балалардың тегін оқуы, әскерден босатылуы сияқты мәселелерді реттеп алған жөн, – деді сарапшы.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары малшыларға қатысты жоспарлар Үкміет қабырғасында әлі де талқыланып жатқанын айтып жүр. Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған жаңа "Мал шаруашылығын қолдау және дамыту" жоспарын даярлап жатқанға ұқсайды. Біз айтып отырған, Үкімет жазда өзі бастамашы болған идеялар осында көрініс тапса керек.

Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылдарда өмір сүріп жатыр. Дегенмен шынайы үлес бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені қағаз жүзінде қалаға енген, шынында шаһар маңындағы ауыл тұрғындары жетерлік. Агроөнеркәсіптің 40 пайызын мал шаруашылығы түгендеп отыр. Соған қарағанда бұл сала жақын аралықта құлдырай қоймайды. Алайда өсуін қаласақ, бірінші кезек малшылардың жағдайын жақсартқан жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу