Мамандардың қателігінен көпбалалы отбасылар зардап шегіп отыр

3024

Қарағандыда көпбалалы отбасылар сотқа тартылды. 

Мамандардың қателігінен көпбалалы отбасылар зардап шегіп отыр

Қарағанды облысына қарасты Шахан елдімекенінде көпбалалы отбасына қатысты сот процесі жүріп жатыр. Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі екі көпбалалы отбасының үстінен сотқа шағым түсірген. Істі болған екі отбасының  отағасылары мектепте от жағушы болып еңбек етеді. Әлеуметтік сала мамандары оның біреуіне жекеменшік көлігің бар десе, ал екіншісін 30 мың теңге несие алғанын жасырды деп отыр.

Осындай қиын жағдайға тап болғандардың бірі – Ғафу Алхайдаров. Төрт баланың әкесі Шахандағы мектепте қыста  от жағушы болып еңбек етеді,ал жаз айларында мектепте шаруашылық  жұмыскері  болып  бала шағасын асырап жүр. Бұл отбасы көктемде атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсырып, құжаттарын қараған мамандар әлеуметтік көмек тағайындаған. Осыдан кейін Ғафу Алхайдаровтың отбасы  4 ай бойы  93 мың теңгеден атаулы әлеуметтік көмекті алып келген. Енді Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары  бұл отбасын сотқа беріп отыр. Ғафу Алхайдаровтың жұбайы Нұрсұлудың  айтуынша, шенеуніктер бұрынғы алған несиені жасырып қалдыңдар деп кінә таққан.

"Несие туралы менен ешкім сұраған жоқ, егер сұраса айтатын едім. Ол бұрын алынған несие оны төлеп тастаған едік. Көмір түсірген кезде отыз мың теңге жетпей қалғандықтан, тездетіп несие ала салғанбыз. Кейін сол базадан шыққан. Сосын мектепте от жағушы болып жұмыс жасайтын жұбайымның жалақысы базадан 150 мың теңге болып көрінген. Мектеп есепшісі  зейнетақы қорына шатысып, бірнеше рет ақша аударып жіберген екен. Біз мұны кейін біліп отырмыз. Өзім кенже балам енді ғана бір жасқа толғандықтан, үйде отырмын.Қазір жұбайымның 49 мың теңге жалақысына қарап отырмыз.Үш рет сот өтті. Бүгін тағы сот, қорқып отырмын", – дейді Нұрсұлу Алхайдарова.

Әлеуметтік сала мамандары сотта төрт баланың әкесі Ғафу Алхайдаров бюджетке атаулы әлеуметтік көмек ретінде алған  374 мың теңгені қайтаруға тиіс деп отыр. Нұрсұлу Алхайдарова "кедейлік  шегінде өмір сүріп жатқанда, жаратып қойған қаражатты мемлекетке қайдан тауып береміз"деп қынжылады.

Ал көлігі бар болып басы пәлеге қалған екінші отбасы – Шаханда тұратын Әлібек Сәрсенбаевтың отбасы.7 баласы бар Әлібек Сәрсенбаев – жекеменшік фирмада күзетші. Ал қыста мектепке от жағушы болып екінші жұмысқа шығады екен. Шенеуніктер бұл отбасына  "517 мың теңгені бір ай ішінде тауып, бюджетке қайтарыңдар" деп ескертіпті.  Бүгінгі күні бас дауға қалған отағасы сотқа барып сабылып жүр.

"7 балам болғандықтан, ескі көлік сатып алған едім. Ол былтыр қараша айынан бері сынып тұр.Бірақ менің атымда тұрған көлік.Оны ешкім сұраған жоқ. Нақты білсе, базада тұрады ғой. Екінші жұмысты жасырдың  дегенді айтады, оған қыста ғана шығамын. Алайда сол жерден зейнетақыға қаржы аударылады. Мұның барлығын қалай жасырамын, ол да ақпарат базасында көрсетіліп тұрады деген. Басында әлеуметтік көмекке құжат қабылдағанда "е, үкіметтен бір қайыр болды-ау" деп қатты қуанып едік.Енді берген ақшаларын даулап ,басымыз пәлеге қалды.Оны білгенде басында бас тартуым қажет еді деп өкініп отырмын",– деді Шахан қаласының тұрғыны Әлібек Сарсенбаев.

Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары Шахандағы екі көп балалы отбасына қатысты сотқа арыз түсіргендерін нақтылады.

"Ғафу Алхайдаровтың отбасына қатысты айтар болсақ, оларда екінші тоқсан бойынша табыстың көлемі артып тұр. Ал екінші отбасында отағасы екінші жұмысының бар екенін әрі көлігін жасырып қалған. Табыстарының не себепті артық шығып тұрғанын, оған кімдердің кінәлі екенін сот шешеді.Есептегенде табыс артық болған соң, оларды сотқа беріп жағдайды анықтауымыз керек. Бұл біздің міндетіміз",– деді Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Ақмарал Шыныбаева.

Қарағанды облысында  көпбалалы отбасыларға қатысты сот жүріп жатыр. Дегенмен  бұл істерге қатысты сот соңғы шешім шығарған жоқ.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу