МӘМС аясындағы мәселе шешілмесе, тісті наркозсыз жұлуы мүмкін

2527

Өйткені қор енді анестезия шығыны үшін қосымша ақы төлегісі келмейді. 

МӘМС аясындағы мәселе шешілмесе, тісті наркозсыз жұлуы мүмкін Фото: canva.com

Бұған дейін inbusiness.kz МӘМС аясында "5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеу" сияқты көзбояушылыққа, қосып жазуға жол берілгенін жазған болатын.

Мәжіліс депутаттары медсақтандыру жүйесін тозығы жеткен тесік қайыққа теңеді. Сондықтан олар мұндай көң-қоқырдан құтылып, оны уақытша болса да тоқтатуды ұсынды.

Сонымен бірге стоматологтер де МӘМС-тің тағы бір былығын жариялады. Медсақтандыру қорымен күресті шығысқазақстандық тіс клиникалары бастады. Олар бұл проблеманы ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінде қайтадан көтерді.

Медсақтандыру айналасында кезекті дау-жанжал туғызған мәселенің мәнісі мынадай. Мемлекет есебінен сақтандырылған халыққа тегін қызмет көрсеткен, тісін емдеген, сол үшін бюджеттен азын-аулақ ақы алған жекеменшік стоматологиялық клиникалардан Үкімет енді сол қаражаттың үлкен бөлігін бюджетке оралтуды талап етуде.

Бұл жерде әңгіме анестезия үшін ақы төлегісі келмейтіні туралы. Былтыр қор аталған медициналық ұйымдардан 2023 жылы көрсетілген анестезиялық қызметтері үшін төлемді тегіс қайтару керектігі туралы хабарлама жолдады. Олар қайтармай, жылды дауласумен өткізді. Енді оған 2024 жылғы осындай төлемді қайтару талабы қосылып отыр.

Бұл ретте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) Жоғары аудиторлық палатаның сыртқы аудитінің қорытындысына, сондай-ақ, 2023 жылы стоматологиялық қызмет аясында төленген анестезия қызметтері төлеміне ішкі талдау нәтижелеріне сілтеме жасады.

Сонымен бір мезгілде, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының сұрауына жауап берген Жоғары аудиторлық палата анестезия қызметтеріне 2023 және 2024 жылдары төленген ақшаларды кері өндіріп алу туралы ӘМСҚ-ке ұсыным-рекомендация енгізбегенін нықтады.

Соған қарағанда, кәсіпкерлердің болжамынша, қор өздерінен өндірілетін қаражатпен өз жыртығын жамауға ниетті болса керек. Өйткені бизнесмендер кері талап етіліп отырған сома тек бір облыста ғана ондаған миллионмен есептелетінін айтады.

"Біз сонда анестезия қызметі үшін төлемді неге қайтаруға тиіспіз? Соны бізден талап ететін ешқандай әкімшілік акт жоқ. Оны қор бізге бермей отыр. Акт болса, оған қарсы сотқа шағым түсірер едік. Хабарламасында тек ақшаны қайтаруды талап етеді, сонымен бірге қайтарылуға тиіс соманың нақты қанша екені де жазылмаған. 2025 жыл басталды, биыл қалай жұмыс істейтініміз белгісіз. Балалардың, басқасының тісін анестезиясыз, шыңғыртып жұлуымыз керек пе? Біз мұндай жағдайда жұмыс істей алмаймыз!", – дейді ашынған стоматологиялық клиникалардың басшылары.

Олардың айтуынша, медсақтандыру қорының қызметкерлері МӘМС жүйесі аясында қызмет көрсету жөнінде келісімшарт бекіткен тіс клиникаларына хабарласыпты. Оларды жансыздандыру және басқа қосымша қызметтері үшін сырқаттардан ешқандай қосымша ақша алмауға міндеттеген, соған "ант-су" ішкізіп, берік уәдесін алған.

Бірақ тағы да клиникалардың бұл міндеттемесі қағазда қолмен, мөрмен бекітілмеген. Ертең олар өзіне тегін қызмет алу үшін жүгінген медсақтандырылғандардан қосымша ақы төлеуді жаппай талап ете бастаса, бұл жаңа дау-дамайға бастау болуы мүмкін.

Өйткені ӘМСҚ-тың өзі сол қосымша қызметтердің құнын өтеуден ат-тонын ала қашуда.

Айта кету керек, басшы тұрақтамаған ӘМСҚ тағы да бастықсыз қалды. 2022 жылдың желтоқсанына дейін Павлодар облысының әкімі болған Әбілқайыр Сқақов 2023 жылдың қыркүйегінде ғана "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы лауазымына тағайындалған еді. Алайда 2025 жылдың 17 қаңтарында баспасөз қызметі Сқақовтың өз еркімен қор басшысы қызметінен кетіп қалғанын жариялады.

Ал, шығысқазақстандық ашулы стоматологтердің алдына Медсақтандыру қорының ШҚО бойынша филиалының директоры Данияр Исенов шықты. Оның айтуынша, еліміз бойынша емдеу тарифі бекітілген. Сол тарифті қалыптастыру кезінде құрамына барлық қызметтер қосылған. Тиісінше, тісті жансыздандыру – бөлек, тісті жұлу – басқа деп бөлу жоқ.

Қор өкілі тіс емдеу кезінде анестезиядан бас тартса, клиника келісімшарттық міндеттемесін орындамады деп танылатынын ескертті.

"Сөз болып отырған тарификаторда баға саясаты белгіленген. Онда көрсетілгендей, тіс клиникаларына бір сырқатты емдеген қызметі үшін – 1 073 теңге, анестезия үшін – 1 400 теңге төленуге тиіс. Онда анестезия қызметтерінің қалай емдеу қызметтеріне кіріп кететіні түсініксіз", – деді өңірлік Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Игорь Шацкий.

Өйткені бүкіл емдеудің бір мың теңге ғана тұруы мүмкін емес. Новокаин, убистезин сияқты анестетик препараттардың бір данасының құны соншаға жетуі мүмкін.

Данияр Исенов тарифтерді есептеу әдістемесі бәрін қамтитынына, ал, ведомствоның тиісті бұйрығында бәрі жазылғанына табандады.

Игорь Шацкийдің дерегінше, Денсаулық сақтау министрлігінің қазіргі бұйрығында бұл норма жоқ. Тек министрліктің жауапты бөлімінің түсіндірмесінде ғана айтылған. Жоғары аудиторлық палатаның қатаң талап қоймай отырғаны да содан болса керек. Ал, қор түсініктемені емес, бұйрықты орындауға тиісті.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев тарифтер медұйымдардың шығындарына сәйкес келмейтінін растады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі кезде медициналық қызметтердің ақысын төлеу тетіктерін жетілдіру мәселесін пысықтап жатыр. Ол сондай-ақ бизнесмендерге тариф қалыптастыру бойынша бірлескен үндеу әзірлеуді ұсынды. Сонда олар бір тоқтамға келеді, алауыздық, әр жаққа тартушылық болмайды.

Жалпы, прокуратура өкілдерінің айтуынша, егер медсақтандыру қоры тіс клиникаларына әкімшілік акт шығарып жолдамайды екен, онда қаржы өндіріп алу үшін өзі сотқа талапарыз түсіруге тиіс. Бірақ ӘМСҚ оны да жасамаған.

Сондықтан кеңес басшысы Игорь Шацкий кәсіпкерлер палатасына стоматология иелерімен және денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, Денсаулық сақтау министрлігіне хат дайындауға кеңес берді.

Бәлкім, шу шығарған шалағайлық жойылуы үшін министрдің бұйрығына түзету енгізу қажет болуы мүмкін.

Сондай-ақ аталған кеңес прокуратурадан медициналық қызметтердің сапасына мониторинг жүргізумен айналысатын, сауатсыз ісімен саланы дағдартқан қор эксперттерінің кәсібилік деңгейін тексеруде көмек көрсетуді сұрады.

Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова МӘМС жүйесінің әсіресе, стоматология бағытында халыққа пайдасы шамалы екеніне нақты мысал келтірді. Мәжілісмен халықтың 40%-ы дентофобиядан зардап шегетінін – стоматологиялық емдеуден қорқатынын айтады. Салдарынан, ауруына ұзақ уақыт төзіп, дәрігерге кеш қаралады.

Сонда сергелдең басталады. Стоматологтің қарауына жазылу қиын, одан кейін емдеуде анестезия қолдану керек болса, әрі қарай айлап күтеді. Осылайша, жан сырқырататын, ми солқылдататын тіс ауруы қазақстандық қоғамда әлеуметтік кернеу туғызады.

"Маған "Аутизм" диагнозы қойылған, бірінші топтағы мүгедек баланың анасы жазады: "Ұлымның тісін наркозбен емдеу қажет болған сайын кедергі туындайды. Кеңес-консультация алуға жазбаны апта күтеміз. Содан кейін шамамен екі ай бойы емдеуге кезекті күту керек. Анализ тапсырып, жинауға, ол үшін дәрігерлердің алдынан өтуге тура келеді. Тіс емдеуді айлап күту – адам төзбес азап. Мүгедек балалардың өз ерекшелігі бар. Биыл тісін тағы да емдеттік, біреуін жұлып тастауға тура келді. Дәрігердің түсіндіруінше, кешігіп келіппіз, уақыт жоғалтып алыппыз. Айлап күтпегенде тісті сақтап қалатын ба еді. Енді баламның қатар тұрған екі тісі жоқ. Салдарынан протездеу, "мостик" қою талап етіледі", – деп ананың хатын оқып берді депутат.

Кира есімді тағы бір баланың шешесі мемлекет есебінен медсақтандырылған балалар үшін тегін болуға тиіс тіс емдеудің бағасы ұшынып тұрғанына шағымданады.

Елдегі 7 миллионнан асқан әрбір бала үшін ӘМСҚ бюджеттен триллиондап ақша алады. Тісі ауыра қалғанда баланы тегін емдеуге қор соның өзін жеткізе алмайды.

"Біз стоматологияға жүгінгенде, дәрігер оның 10 тісі пульпитке шалдыққанын, тістің ішіндегі тіндер қабынғанын, олардың бәрін наркозбен емдеу үшін 300 мың теңгеден астам қосымша ақы төлеу қажет болатынын мәлімдеді. Бұл 50 пайыздық жеңілдікті есептегендегісі! Менде мұндай ақша жоқ. Содан бала азап шегуде. МӘМС-тен жас ұрпаққа қайыр жоқ", – деп күйінеді Кираның анасы.

Депутаттар ауыл-аймаққа шыққанда халықтың медсақтандыру жүйесіне өте көп шағымданатынын, МӘМС-тің құйылған ақша кері шықпайтын түпсіз құдыққа айналып кеткенін ашық айтады. Егер МӘМС тақырыбы референдумға шығарылса, елдің көбі оны жоюды жақтап дауыс беруі мүмкін. Өйткені медсақтандырылған азаматтардың тісін тегін емдетуіне тыйым салынған.

Тегін емдеу тек балалар, жүкті әйелдер сияқты шектеулі санатқа ғана қарастырылған. Алайда оларға да лайықты қызмет көрсетілмейді. Ажар Сағандықова наркозбен тісті емдетуге жазылу үшін жарты айға дейін күтуге тура келетінін, тіс дәрігері жақсы дегенде аптасына 2 рет қана қабылдайтынын, мамандар жетіспейтінін жеткізді.

Бірақ егер баланың ата-анасы ақылы емдетуге дайын екені белгілі болса, тосыннан стоматологтердің, ортодонттардың, реаниматологтердің жұмыс кестесінде дереу бос уақыт табыла кетеді.

Олай болса, депутаттардың, сарапшылардың байламынша, медсақтандырудан бас тартып, тек тегін мемлекеттік кепілдендірілген медкөмекті және ақылы медқызметті ғана қалдыру қажет. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу