МӘМС: Бизнес үшін "ойын ережесі" жеңілдетіледі

2059

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық бизнес үшін мемлекеттік сатып алулардың жаңа ережесін әзірлеуде.

МӘМС: Бизнес үшін "ойын ережесі" жеңілдетіледі

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету аясында денсаулық сақтау субъектілерінен қызметтерді сатып алудың жаңа ережелері әзірленуде. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматының медициналық және іскер қоғамдастығымен кездесу барысында мәлім етті.

"Қазіргі кезде тиісті бұйрық жобасы талқылау және келісу рәсімінен өтіп жатыр", – деді министр.

Оның айтуынша, жаңа ереже бизнес субъектілері үшін кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету бойынша болсын, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде болсын, қызмет көрсетуші болғысы келген жағдайда "ойын ережесін" айтарлықтай жеңілдетеді.

Дәлірек айтсақ, денсаулық сақтау субъектілеріне әкімшілік мәлімет жинауға арналған есептік құжаттар үлгісі 22%-ға қысқартылады, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымының бастапқы медициналық құжаттар үлгісі 30%-ға азаяды.

МӘМС жүйесі медициналық қызметтерді халыққа қолжетімді етуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Мемлекет бір азаматтың денсаулығына шамамен 55 мың теңге қаражат жұмсайды, одан бөлек азаматтардың медициналық көмектің ақысын төлеуге жұмсаған жеке шығыны 33 мың теңгеге жетеді. Мұндай қатынас адамдардың медициналық көмекке деген қолжетімділігін шектеуі мүмкін. Медициналық сақтандыруды енгізудегі басты мақсаттардың бірі көмекке мұқтаж адамды табысына қарамастан қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз ету болып табылады.

Медициналық қызметтер сапасы туралы сөз қозғағанда, медициналық сақтандыру жағдайында науқас кәсіби дәрігер мен емхананы таңдау еркіндігіне ие болатыны назарға алынды.

Медициналық бизнестің алдындағы кедергілерді жою және бұл нарықта бәсекелестікті ынталандыру жөніндегі жұмыс аясында бүгінде бизнеске қойылатын талаптарды жеңілдету бойынша 300-ден астам нормативтік акті қайта қаралып жатыр. Мемлекеттің 14 реттеушілік қызметін нарыққа беру көзделуде.

Нақтырақ айтсақ, дәрігерлік санатты беру, білімін бағалау қызметі кәсіби қауымдастықтарға беріледі.

ӘМСҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутова, өз кезегінде, МӘМС жүйесіндегі сатып алулардың жаңа ережелері Қазақстан азаматтары үшін медициналық көмек алудың қалыптасқан тәртібін өзгертуді көздейтінін айтты.

Өзгеріс процестің төрт аспектісіне қатысты болады: сатып алуды жоспарлау, жеткізушіні таңдау, шарттың орындалуын бақылау және медициналық мекеме қызметтерінің ақысын төлеу.

Ұсынылып отырған ережелердің басты артықшылықтары ретінде негізігі процестерді автоматтандыру арқылы қызмет көрсетушіні таңдау процесінің ашықтығы, денсаулық сақтау жүйесінің барлық субъектілері үшін кедергілердің азаюы, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін науқастарды емдеуге құқығы бар медициналық ұйымдар тізімінің кеңеюі аталды.

"Одан бөлек, құжат бойынша науқас тек емхана таңдаумен ғана шектелмей, сонымен бірге тар бейінді мамандарды да таңдау құқығына ие болады.  Ережеге сәйкес, емханада қызмет жан басына шаққанда қаржыландырылса, стационарда емделу кезінде төлем жүргізіледі. Яғни, науқас емханаға тіркелген кезде жалпы тәжірибелік дәрігерді таңдайды. Бұл өзі сенім артатын және ӘМСҚ-ның қызмет көрсетушілері қатарынан кез келген ауруханаға жолдама алуға көмектесетін маман. Осылайша әр науқас ӘМСҚ-нің қызмет көрсетушілер тізіміне кіретін кез келген медициналық мекемеде емделе алады", – деп түсіндіріп өтті ол.

Сондай-ақ бейресми жұмыс істейтін азаматтарға екі жылға созылған жеңілдік беріледі. Осы кезең ішінде бұл азаматтарға шұғыл амбулаторлық және стационарлық көмек тегін көрсетіледі.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда МӘМС бойынша жарна төлеуге жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлерді міндеттеу туралы норма күшіне енеді.

2015 жылдың 16 қарашасындағы заңмен салыстырғанда төлеушілердің барлық санатына жүйеге қатысу шарттарын айтарлықтай жеңілдететін түзетулер жиынтығына мемлекет басшысы жақында қол қойды.

Бұл түзетулерге сәйкес, жұмыс беруші ай сайын жұмыскер еңбекақысының 1%-ы мөлшерінде жарна төлейді, бірақ ол 3668,9 теңгеден аспауға тиіс.  Жеке кәсіпкерлер мен оған теңестірілген тұлғалар – жеке адвокаттар мен нотариустар, кәсіби медиаторлар – екі ең төменгі еңбекақының 5%-ы немесе 2017 жылы 2445,9 теңге мөлшерінде жарна төлейді. Жеке кәсіпкер және оған теңестірілген тұлғалар өз жұмыскерлері үшін жарнаны жұмыс беруші ретінде  төлейді.

Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін сақтандыру жарнасын мемлекет бюджеттен төлейді, бұл 14 санатқа жататын шамамен 10 млн адам.

Сонымен қатар кепілдендірілген тегін медициналық көмек барлық азаматтарға бірдей қолжетімді болатыны баса айтылды, оған әлеуметтік тұрғыдан маңызды ауруларды емдеу, вакцина салдыру, жедел көмек көрсету, сондай-ақ жедел жәрдәм және санитарлық авиация шақыру кіреді.

Әйгерім Сүлейменова, Дана Иман

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу