МӘМС жыры: Халықтың өз қалтасынан шыққан ақша қалайша өзіне жетпей қалды

13995

Қазақстанда сын ең көп айтылатын саланың бірі – медициналық сақтандыру жүйесі.

МӘМС жыры: Халықтың өз қалтасынан шыққан ақша қалайша өзіне жетпей қалды Фото: inbusiness.kz

Әу баста жер-көкке сыйғызбай мақтаған жүйе іске қосылғанына үш жыл болса да, халық оның игілігін көре алмай әлек. Дәл осылай кесіп айтудың да жөні бар. Жүйелі проблемалар барын Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та жасырмайды. Халықтан миллиардтап ақша жиналды. Бірақ осы қаражатына күні түскен азаматтар қашан толыққанды емделе алады? Халықты ойландыратын қарапайым сұрақ та – осы, деп жазады inbusiness.kz.

МӘМС-тің пайдасы жайлы министр не дейді?

Кеше Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық сақтандыру қоры Мәжіліс төрінде көрме өткізіп, МӘМС (міндетті медициналық-әлеуметтік сақтандыру) жүйесін паш етті. Шенеуніктер кіші палата фаесінде жаңа медицина аппараттарын ұсынып, қандай тың медициналық қызметтер қосылғанын айтып бақты. Көрме көрнекі көрінгенімен, мұның бәрі депутаттармен "татамиге жалғыз шыққан" министр Ажар Ғиниятты өткір сұрақтардан құтқарған жоқ. Себеп те белгілі. МӘМС жүйесінің шын пайдасын көре алмаған халықтың наразылығы жазда ғана өңірлерді аралап шыққан депутаттардың ең көп естіген мәселесінің бірі еді. Ринат Зайытовтың "жүйені уақытша тоқтату керек" деп аттан салуы да тегін емес. Десе де, кеше МӘМС қорының басшысы Әбілқайыр Сқақов бұл сынға Мәжіліс кулуарында "тиімділігі жоқ деп айтуға болмайды" деп қысқа қайырды.

Министр Ажар Ғиниятның айтуынша, елде 2015-2019 жылдар ішінде денсаулық сақтау шығындары үнемі өсіп отырған. Алайда сала шығынының үлесі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде 2,8%-дан аспапты. Дамыған елдерде мұндай шығын ЖІӨ-нің шамамен 10,2%-ды құрайды.

Ажар Ғинияттың сөзінше, МӘМС іске қосылмас бұрын жарна мөлшерлемесін төмендету туралы шешім қабылданған. Осылайша, мемлекеттің жарналары бастапқы параметрлерден 3,5 есе, жұмыс берушінің аударымдары 1,7 есе төмендетілген. Жүйе осы себепті енгізіле бастағаннан бері 2,9 трлн теңге алмаған. Десе де министр жүйені мақтап та үлгерді.

"Жүйенің негізгі параметрлерінің өзгеруіне, пандемияға қарамастан, медициналық сақтандыру жүйесін енгізу салаға оң әсер етті. МӘМС енгізілгеннен кейін, сол жүйемен келушілер саны 3,2 есе ұлғайды. Ауылдардағы жылжымалы медициналық кешендер есебінен 2022 жылы 1,6 миллион адам медицина көмегімен қамтылды", - дейді ол.

Ресми есепке сүйенсек, 2019 жылы миллиондаған адам сирек мамандармен кеңесіп, оларға диагностикалық зерттеу жүргізілді. Дәрігер қабылдауының, зертханалық талдаудың және аспаптық диагностиканың қолжетімділігі 7 есе артқан. Балалар 11 миллион мәрте стоматологиялық қызмет алған. МӘМС-ке дейін халықтың әлеуметтік осал 8 тобы ғана қымбат КТ және МРТ-ға қол жеткізе алған. Былтыр осындай қызметтер 1,5 миллионға жуық адамға көрсетілген. Жаңа бағдарламаның арқасында бедеулікке тап болған 8 мың жұп ата-ана атанған. Бес мың сәби ЭКО әдісімен өмірге келген. Пациенттерге жүрек-қан тамырлары, неврологиялық, онкологиялық аурулар мен жарақаттар үшін медициналық оңалту қолжетімді бола түскен.

Алайда министр Ғиният жүйенің олқылығы барын да жасырмады. Айтуынша, медициналық қызмет көрсетушілер тап болатын проблеманың бірі – төмен тарифтер, МӘМС пакеттерінің күрделі тізбелері, кадр тапшылығы және медициналық ұйымдардың шамадан тыс жүктелуі, дәрігер мамандығының беделінің жеткіліксіздігі бар. Қаржыландыруды басқару тиімсіз.

Қаржы министрлігі 275 млрд теңгені азаматтардың емделуіне аудармай отыр

Жүйенің негізгі проблемаларын отырыста депутат Асхат Аймағамбетов жайып салды. Төменгі палатаның әлеуметтік даму комитетін басқаратын ол аянып қалған жоқ.

"Медициналық көмектің сапасынан бұрын, біз қазір оның қолжетімділігіне зəру болып қалдық", - дейді ол.

Аймағамбетовтың айтуынша, басты проблема – МƏМС-ті қаржыландыру жүйесінің теңгерімсіздігі және форматындағы олқылықтар. Яғни, бастапқыда нақты жəне жан-жақты есепке негізделген қаржыландыру моделі жоспарланған. Ал іс жүзінде басқа модель енгізілген. Параметрлер түбегейлі өзгерген. Соның кесірінен денсаулық сақтау саласына қаражат жетіспейді, қолжетімділік төмендеп, тарифтер азайған, кредиторлық берешек пайда болған. Бюджеттегі қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты, шұғыл шешімдерді қабылдау үшін МӘМС қорында жиналған 700 млрд-қа жуық қаражат пандемиямен күрес үшін жұмсалып кеткен. Үкімет зейнеткерлер, балалар сияқты 15 əлеуметтік санат үшін МƏМС-ке бюджеттен төлейтін жарналарын қысқартып тастаған. Заңға қайшы шешімнің кесірінен, 2024 жылдың өзінде 275 млрд теңгені Қаржы министрлігі МƏМС қорына, яғни біздің азаматтарымыздың емделуіне аудармай отыр.

Одан бөлек, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін министрлік бюджетке емес, МƏМС қорына сүйенген. Бұл – қазақстандықтардың еміне жұмсалуы тиіс жүздеген миллиард теңге еді.

"Ақыры, МƏМС қорына кемі 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспеді. Салдарынан денсаулық сақтау саласындағы шығындардың қаржылық ауыртпалығы азаматтарға түсіп отыр", - дейді ол.

Не істеу керек?

Аймағамбетов бюджеттен төленуі тиіс ақшаны МƏМС-ке қайтаруды ұсынады. Яғни келесі жылдың бюджетінде МƏМС-ке тағы 275 млрд теңге бөлінуі керек. Мемлекетке бұлай ақшаны жұмсай салуға тыйым салуы керектігін айтады. Мемлекеттен əлеуметтік санаттарға төленетін жарна ставкасы қайта қаралуы қажет. Жалпы мақсатқа қол жеткізу үшін салаға жыл сайын кемінде 500 млрд теңге қосымша қаражат бөлу қажет. Бірақ келесі жылдың бюджет жобасында бұл қаражат қарастырылмаған.

Тағы бір жүйелі проблема

Аймағамбетов жайып салған тағы бір өзекті проблема – медициналық қызмет көлемін жоспарлау əдістемесінің жеткіліксіздігі. Яғни, медициналық қызметтердің жоспарлы көлемі халықтың нақты ерекшеліктерін, медициналық көмектің тұтыну көрсеткіштерін, көші-қонды толығымен есепке алмай бөлінеді. Артынша, денсаулық сақтау ұйымдары арасында көп проблема туындап отыр. Сондықтан депутаттар қысқа мерзімде медициналық қызмет көлемін жоспарлау əдістемесін дайындау қажет деп санайды.

МƏМС пакетіне жəне тегін медициналық көмектің кепілдендірілген пакетіне (ТМККП) кіретін қызмет түрлерінің ара-жігі ашылмаған. Сақтандыру жүйесінде болсаң да, болмасаң да, тиісті жағдайларда тегін көрсетілетін медициналық көмектің нақты тізімі болуы керек.

"Шұғыл көмек керек болған жағдайда, барлық азаматтарымыз үшін кепілдендірілген қызмет түрлері қолжетімді болуы керек", - деп есептейді Аймағамбетов.

Даулы мəселе – "шектік" шкала

Биыл ақпаннан бастап барлық медициналық қызметтерге "шектік" шкала енгізілді. Яғни ол – əр медициналық қызмет түрі бойынша, əр емханаға нақты белгіленген квота тəрізді механизм. Бұл əдіс қаражаттың жетіспеуіне байланысты енгізілген. Дайындықсыз қабылданған шешімнің кесірінен, мыңдаған адам уақтылы қызмет ала алмай қалған.

"Осы "шектік" шкала шұғыл медициналық көмекке де тиесілі болып, ауруханалар травматологияға жедел түскен науқастарды тек қана бекітілген квотаға сəйкес алу керек болды. Ал егер олар көп түссе, бекітілген "шектік" шкаладан көп түскендер үшін ауруханаларға қаражат төленбейтін болды. Осылайша шұғыл көмек көрсетуге лимит қойылған. Бұл деген нонсенс! Адам қолын, не аяғын қашан сындырып алатынын, кімде инфаркт болатынын, кім уланып қалатынын алдын ала қалай болжай алады?" - деген депутат цифрландыруды жолға қойып, "шектік" шкаланы алып тастау керек деп санайды.

Тариф мəселесі жүйелі түрде шешілмеген

Тариф инфляцияны ескермейді. Былтыр ғана инфляция 20%-дан асты. Биыл да осы үрдіс бар. Тариф аз болғаннан кейін, қаражат жеткіліксіз болғанда аурухананың бас дəрігері не істейді? Ол міндетті төлемдерді өтеуге керек қаражатты, жалақы есебінен, коммуналдық төлемдерді, науқастардың тамағын бірінші кезекте бөледі. Бұның бəрі қазіргі уақытта көп мекемелерде бюджетінің 90-95 пайызына жеткен.

Тарифтердің өспеуіне байланысты, кейбір ұйымдар медициналық қызметкері жеткіліксіз болса да штаттарын қысқартып, кейбіреуі дəрі-дəрмектерді сатып алуды азайтып, енді біреулері қызмет көрсетушілердің жұмысына ақы төлеуді тоқтатып жатыр. Осыған байланысты тарифтерді жыл сайынғы индекстеу туралы талапты заңнамалық деңгейде бекіту қажет деп санайды депутаттар.

Бұған қоса балалар ауруханаларының да жағдайы өте мүшкіл. Депутаттардың пікірінше, балаларға арналған тариф, ересектерге арналған тарифтен еселеп аз. Сондықтан бірінші кезекте балалар ауруханаларының тарифтерін шұғыл өсіру керек.

Халықты емдеуге берген қаражат халыққа жетпейді

Отырыста сөз сөйлеген депутат Айдарбек Қожаназаров берешек 82,4 млрд теңгені құрайтынын айтады. Соның ішінде 0,5 млрд теңге қызметкерлерге жалақы, 6,2 млрд салық және салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді төлеуге байланысты болып отыр. Республика партиясының өкіліне Ажар Ғиният эмоциямен жауап берді. Айтуынша, жергілікті жерде менеджмент нашар. Мәселен, Астанадағы бір емхананың өзі бөлінген ақшаға 100 млн теңге тұратын рентген аппаратын сатып ала салған. Маңғыстау облысындағы бір аурухана миллиондаған берешегіне қарамастан 80 компьютер сатып алған.

"Ал біз қаржыландыруды жасалған әрбір қызметке береміз. Егер ауруханада бір науқас емделіп шықты ма, оның ауру тарихы бойынша беріледі. Емханада бір диагностика алды ма немесе дәрігерге кірді ме – әр адамға тіркеледі. Оның бәрі берешекке апарып соғады. Батыс Қазақстанда бір аурухана бөлінген ақшаға бір ауылда медициналық бекет салып жатыр. Сол ауылдағы бір адам маған "дәрі жетпейді" деп шағымданады. Әр облысқа құрал-жабдық алыңдар деп 3-4 млрд теңге беріп отырмыз. Әкімдіктер өздері аппарат алады. Халықты емдеуге берген қаражатқа неге үлкен аппарат алады да, "бізде берешек бар" деп жар салады? Астанада бір жеке емхана қаражат түскен бойда 130 млн теңгені басқа жаққа аударып жіберген" - дейді Ажар Ғиният.

"Әлеуметтік әділетсіздік артып барады"

Депутат Ерлан Сайыров болса, елде халықтың 3,3 млн адамы осы медициналық сақтандырудан тыс қалғанын мәселе етіп көтереді. Айтуынша, елдің басым көпшілігі ауылда тұрады. Осы адамдарға еш скрининг, еш тектеріс жүргізілмейді.

"Яғни жылдан жылға біздің елде әлеуметтік әділетсіздік артып барады деген сөз. Теңдік жоқ біздің елде. Осы біз аймақтарға барғанда әсіресе, медицина саласының өкілдері осы әлеуметтік қамсыздандырумен қамтылмаған азаматтарға үгіт-насихат жүргізу үшін дәрігерлер мен медбикелерді ауыл-аймаққа жібереді дейді. Осы медицина саласындағы адамдарға ақша төленбейді. Сондықтан, меніңше, осы жұмысты доғару керек. 3,3 млн азаматты медициналық қамсыздандыру аясына алып келеміз? Бұл біздің елдегі азаматтардың ашу-ызасын туғызатын, сенімсіздікті арттырады" - дейді ол.

Оған жауап берген Ажар Ғиният осы заң бес жыл бұрын енгізілгенде әр азамат МӘМС жүйесінде болуы керек болғанын атап өтеді. Бүгінгі таңда бес жылда 3 млн-нан астам адам осы жүйеге кірмей отыр.

"Отбасылық цифрлық карта бойынша әр адамның кім екенін, олардың жеке нөмірлерімен қарап, сараптама жасадық. Сонда ол адамдардың ішінде 800 мыңдай адамның жағдайлары жақсы, үй-жайы бар, қаражаты бар адамдар болып шықты. Олар кірмей отыр. Жалпы халықтың қаржылық декларациясы болғанда ол адамдарды тартуға болады. Олар МӘМС қана емес, басқа да салықтарды төлемей отырған адамдар. Сонымен бірге 1,5 млн адам осы кедейлік шылбырында жүрген адамдар. Көбі ауылдан. Сондықтан, бұл адамдарды бюджет есебінен сақтандыру керек деген ұсыныс енгізіп отырмыз. Ол үкіметпен талқыланады. Біздің санау бойынша осы адамдарды қамту үшін 75-80 млрд теңге керек", - дейді ол.

Азаматтар ауру асқынып өмірден өтіп кетіп жатыр

Халықтың МӘМС жүйесіне неге наразы екенін депутат Мақсат Толықбай былай түсіндіреді:

"Неге дер кезінде көмек алмай, ауруы асқынып өмірден өтіп кетіп жатыр? Мысал арқылы келтірейін, түнімен жүрегің ауырды. Ауруханаға барасың, сені кардиолог протокол бойынша бірден қабылдамайды. Терапевт "УЗИ не ЭКГ-ден" өт деп жолдамамен жібереді. Оны бір апта күтесің, кардиологтың кезегін екі апта күтесің. Алайда ақшаң болса жақсы, жекеменшік емханадан ем аласың, болмаса инфаркт, инсульт алып, қаншама адам өмірден өтіп кетіп жатыр. Ауруханалар бекітілген жоспар бойынша адамдар қабылдайтынын айтады",- дейді Мақсат Толықбай.

Алдағы жылдан бастап денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жүйесі өзгереді. Яғни қаржы ағымдары бір қорға біріктіріледі. Ол үшін заңнамалық деңгейде тиісті өзгерістер енгізілген. МӘМС жүйесіне де депутаттар тобы көп өзгеріс ұсынған. Өзгерістер халықтың өміріне оң әсерін тигізу үшін мәселенің ұшы қаражатқа, менеджментке, ашық платформаға тіреліп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу