Мамырдан бастап авиакеросин мен битум биржада сатылады

3642

Қазақстанның биржалық комитеті осындай шешім қабылдады. 

Мамырдан бастап авиакеросин мен битум биржада сатылады

Биржалық комитеттің жуырда өткен отырысында мамырдан бастап мұнай өнімдерінің биржалық сауда-саттығын қайта бастау және олардың тауар биржалары арқылы өткізу үлесін кезең-кезеңмен арттыру мүмкіндіктері талқыланды. Бүгінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, өндіріс пен қайта өңдеуден бастап бөлшек саудаға дейін делдалсыз жанар-жағармай нарығында өзара іс-қимылдың жаңа схемасын пысықтап жатыр. Бұл тұрғыда биржалық сауданың маңызы ерекше.

"Нарықтан барлық делдалдарды, қайталама көтерме саудагерлерді алып тастаймыз. Тек инфрақұрылым, мұнай базаларының иелері ғана қалады. Мұнай және мұнай өнімдері нарығының схемасы республикалық (мұнай өңдеу зауыттары) және өңірлік (мұнай базасы) базистен тұрмақ. Мұндай жүйе барлық мұнай өнімдері бойынша, олардың биржалық сауда-саттықтың ерекшелігін ескере отырып әрекет ететін болады. Екі базисте де биржалық сауда енгізіледі. Бұл жүйені жақында бензин мен дизель отынының биржалық сауда-саттығында пилоттық жоба ретінде құра бастаймыз. Дағдарыс кезінде биржалық сауда шағын және орта бизнес үшін мүмкіндіктер терезесі бола алады", – деді Серік Жұманғарин.

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың пікірінше, қазіргі уақытта бензин, дизель отыны, авиакеросин сияқты мұнай өнімдерінің биржалық сауда-саттығын қайта бастау үшін шектеулер жоқ. Жанар-жағармай бағасының күрт қымбаттауы ықтималдығы өте төмен. Нарықта бензин мен дизель отынына шекті бағалар қолданылады. Бұл сауда-саттыққа қатысушылардың салмақты шешімдеріне ықпал етеді.

Битумды биржалық сауда-саттықта сату үшін коммуналдық-тұрмыстық көмір саудасы кезінде қолданылатын схема ұсынылмақ. Яғни тек инфрақұрылым иелеріне сауда-саттыққа қатысуға рұқсат етіледі. Қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен биржалық сауда-саттыққа жіберілетін сатып алушылардың тізбесін қалыптастыру үшін битумды сақтауға тиісті инфрақұрылымы бар автожол жобаларын іске асыруға тартылған мердігерлік ұйымдарды, трейдерлерді аккредиттеуді жүргізу туралы келіссөздер жүргізілуде. Қағаз делдалдары болмауы керек.

Сондай-ақ биржалық комитет мүшелері жол битумымен биржалық сауда-саттықты қайта бастауға ешқандай шектеулер жоқ деп келісті. Құрылыс жұмыстары маусымы басталғанға дейін сату пайызы айтарлықтай жоғары болады деп күтілуде.

Авиакеросинді іске асыру тәсілдеріне қатысты қатысушылар "4+1" схемасын талқылады (авиакомпаниялар үшін 4 сауда сессиясы, әуежайлар үшін 1 сауда сессиясы). Бұл нарықта делдалдарды жою үшін "республикалық – өңірлік базистерді" өткізу схемасы да жұмыс істеуге тиіс.

"Қазақстандық нарық үшін ресейлік авиациялық отын мен битумды тауар биржалары арқылы өткізу мүмкіндігі де маңызды. Халықаралық биржалық сауда-саттықты өткізу практикасын қазірден бастау керек. Өйткені жақын арада ЕАЭО периметрінде тауарлардың ортақ биржалық нарығын құру уақыты келгенде, биржалық сауда орталығын орналастыру мәселесі көбіне жинақталған практикаға байланысты болмақ", – деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ биржалық комитет отырысында ұлттық автомобиль жолдары операторының битумға арналған сауда-саттықтың базалық бағаларын, битум сатушылар мен сатып алушылардың тізбесін айқындауға қатысты ұсыныстары, тауар биржаларының іскерлік ойындарды өткізуге дайындығы, қатысушыларды оқыту және Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын мұнай өнімдерін сатушылардың қатысуымен халықаралық биржалық сауда-саттықты дамыту ұсыныстары тыңдалды.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу