"Манчестер Сити" чемпиондар лигасында жеңіске жетті

822

Ағылшындық "Манчестер Сити" алғаш рет Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.

"Манчестер Сити" чемпиондар лигасында жеңіске жетті

Стамбұлдағы Ататүрік атындағы Олимпиада стадионында өткен финалдық кездесуде ағылшындық клуб Миланның "Интерімен" кездесті. Бірінші таймда қарсыластар бір бірінің осал тұсын таба алмады. Оған қоса "Манчестер Сити" 36-минутта бельгиялық жартылай қорғаушы Кевин Де Брюйнді жарақатына байланысты ауыстырды. Де Брюйне Чемпиондар лигасының екінші финалында жарақат алды. Алғаш рет 2020/21 маусымындағы "Челсиге" қарсы шешуші матчта да жарақат алған болатын.

Екінші таймда көптен күткен гол соғылды. 68-минутта ағылшын жартылай қорғаушысы Родри "Интердің" қақпасын дәл көздеді. Ал матч соңында Ромелу Лукаку Эдерсон қорғайтын қақпаға жақын қашықтықтан соққы жасағанымен, ағылшын қақпашысы өз орнынан табылды. Кездесу осы маусымда требл жасаған "Манчестер Ситидің" минималды жеңісімен (1:0) аяқталды. Айта кетейік, бұған дейін "Манчестер Сити" Премьер-Лига мен Англия кубогын жеңіп алған болатын.

Матч аяқталған соң "Манчестер Ситидің" бас бапкері Хосеп Гвардиола Чемпиондар лигасының финалында "Интерді" жеңу оңай болмағанын мойындады.

"Шаршадық.  Жеңіске жету өте қиын. Ойыншыларға үзілісте "Шыдамды болыңдар" дедім. Сәттілік серік болды. Эдерсон гол жіберіп алып, матч тең аяқталуы мүмкін еді. Бұл кубокты бізге арналған екен. Біз бұл қуанышты отбасымызбен және достарымызбен қонақүйде тойламақпыз. Дүйсенбіде Манчестерде шеру өтеді", - деді Гвардиола матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Осылайша ағылшындық клуб Түркиядан Кубокпен Манчестерге жол тартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу