Маңдайында “Үйінді сәби” деп жазылған екі айлық Фатманың туысы табылды

3324

Бұл туралы Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі trthaber.com-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Маңдайында “Үйінді сәби” деп жазылған екі айлық Фатманың туысы табылды Фото: Anadolu Agency

Бүгін "Ғасыр апаты" ретінде тіркелген Түркиядағы жер сілкінісінің 12- күні. Қаза тапқандар саны 38 мыңнан асты. Ал тірі қалғандары өмір сүру үшін өз тіршілігін жалғастыру жолында жанталасуда. Себебі әке-шеше, бала жоқ, туыс-бауыр жоқ, үй-күй жоқ, көше жоқ, тіпті қала да жоқ.

Әр үйінді астында мыңдаған адамның тағдыры жатыр. Солардың бірі - Абидтер отбасы. Олар Сириядағы соғыстан қашып, Қахраманмарашты паналады. 2 ай бұрын жас жұбайлардың қызы дүниеге келді. Алайда олардың бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Жер сілкінісі бұл шаңырақты да тас талқан етті.

Екі айлық Фатманың ата-анасы жер сілкінісі кезінде қаза тапты. Ал оны екі күннен кейін көршілері үйіндінің астынан алып шықты. Олар сәбидің жылаған дауысын естіген бойда іздей бастайды. Нәтижесінде Фатма аман сау құтқарылады. Бөбектің тіпті мұрны да қанамаған. Одан кейін дереу президенттік ұшақпен Қахраманмараштан Анкараға жеткізіледі. Есімі белгісіз баланың кішкентай денесінегі қағазда "Үйінді сәби" деп жазылады.  Сондай-ақ, оның қай ауданда тұрғаны мен баланы тауып алған көршінің телефоны да көрсетілген. Ал маңдайындағы фломастермен жазылған жазбаны оқу мүмкін емес еді.

Ұшақ ішінде Анадолу агенттігінің журналисі оны суретке түсіреді. Әп сәтте әлемге тараған бұл сурет милиондардың жүрегіне жетеді.  

Содан кейін "TRT Haber" редакторы маңдайындағы жазбада не жазылғанын білуге тырысты. Ол қағазда көрсетілген телефон нөміріне хабарласады. Сәбиді құтқарған көршісі оның атын білмейтінін, тек бұрын ағасын көргенін айтады.

Маңдайында да "Үйінді сәби" деп жазылғаны анықталған кішкентай қыздың хикаясын "TRT Haber" арнасы "Әзірге аты - Үйінді сәби: қараусыз қалған балалар мемлекет қамқорлығында" деген тақырыппен көрермендерге ұсынады. 

Бірнеше сағаттан кейін сәбидің ағасы көршісіне барады. Көрші әйелдің берген нөміріне хабарласып, редакторға: "Ол менің бауырымның баласы, келінім екеуі қайтыс болды. Балалары сізде екен" деп оны қалай алуға болатынын сұрайды.  "TRT Haber" редакторы оған Фатма жайлы ақпарат беріп, Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрлігіне болған жайтты баяндайды. 

Фатманың ағасы үйінді астынан алып шыққан құжаттарымен Анкараға келеді. Қажетті процедуралар жүргізіледі. Сараптама нәтижесінде олар бір біріне туыс болып шығады. Ал "Үйінді сәби" деп аталған кішкентай қыздың есімі Фатма екені анықталады. Осылайша екі айлық Фатма тірі қалған жалғыз туысы, ағасы Мұхаммед Абидпен қауышады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу