Мандаттан мән, партиядан сән кетті

2579

Бұлай деуге "Nur Otan" партиясының құрамынан бір емес, екі емес, жүздеген адамның шығуға өтініш жазуы, мәслихат депутаттарының мандатын тапсыруы және бұған дейін аты аталған саяси ұйымның "жыртысын жыртқан" жанның аяқ астынан "ала тайдай бүліну" түрткі болды.  

Мандаттан мән, партиядан сән кетті

"Nur Otan" партиясының кезектен тыс XXI съезі қарсаңында Семей қалалық филиалына "Семей-Транс", "Гордорстрой", "Тазалық" сынды кәсіпорындардың 150 -ден астам қызметкері партия қатарына шығу туралы өтініш әкеліп тастады. Өз кезегінде Семей қалалық мәслихатының депутаттары Қайрат Смағұлов, Дулат Қажмұханбет пен Айдос Қисаменов мандаттарынан бас тартты. Олар бұл әрекетін партия жұмысында көзбояушылық көп екенімен және басшылыққа сенімдерін жоғалтқанымен байланыстырды.

"Өкінішке қарай, қала басшылығына да, "Nur Otan" партиясының аймақтағы басшыларына да ойланатын, жеке көзқарасы бар, тәуелсіз депутаттар қажет емес екен. Оларға жуас және облыс әкімінің командасымен бірге қол көтеріп отыратын адамдар керек. Ал жеке қөзқарасы бар адамдарды қудалады, қоқан-лоқы жасады, кемсітіп, құқығын шектеді, ашық күрес арқылы партия қатарынан шығаруға тырысты. Депутаттық институттан, партиядан көңілім қалды. Партиядан шығып, депутаттық өкілеттігімді тоқтататынымды ресми түрде жариялаймын!", – деп жазды Дулат Қажмұханбет.

Әріптесін қостаған Айдос Қисаменов депутаттық лауазымның артында көзбояушылық тұрғанын түсінгенін тілге тиек етіп, партия филиалы мен депутаттық корпус осындай күй кешіп жатқанын жариялады.

"Уақыт өте келе жағдайым қиындай түсті. Өйткені тым белсенді болдым. Ал қоғамда көтерілген әлеуметтік мәселелерді қолдағаным үшін партиялық жауапкершіліке тартылдым", – деп нақтылады Семей қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты.

Ол қаңтар оқиғасын талқыламағандарына налитынын айтты.

"Біз осы оқиғаны бірде-бір рет талқылаған жоқпыз. Менің депутаттық институттан көңілім қалды, жауапты кезеңде партия филиалының әрекетсіз отырғаны да дұрыс емес. Сайлаушылардың сенімінен біржола айырылдық. "Nur Otan" партиясының қатарынан шығатынымды жариялаймын және депутаттық өкілеттігімді тоқтатамын!", – деді Айдос Қисаменов.

"Ауыл" партиясының мүшесі Қайрат Смағұлов партиялық билетін қалтасында қалдырды, бірақ Семей қалалық мәслихатындағы қызметінен бас тартты.

"Семей қалалық мәслихатының депутаты өкілеттігін тоқтату туралы арыз жаздым. Саяси өзгеріс орнамаса, елде экономикалық даму болмайды деп санаймын", − деді экс-депутат.

Ал "Nur Otan" партиясы Семей қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Майра Күржікаева басқа уәж келтірді.

"Қаңтардағы оқиғалардан кейін партия мүшелері бірлесіп әрекет етуге тиіс еді. Қисаменов пен Қажмұханбет қабілетсіздіктерін көрсетті. Олардың мүддесі басқа болуы мүмкін, біз мұны партияның жарғысы сай анықтаймыз", – деді Майра Күржікаева.
 
Байбектің баяндауынша
 
Бүгін өткен "Nur Otan" партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында партияның ертең өтетін кезектен тыс XXI съезінің күн тәртібі бекітілді. Соған сәйкес, бір күннен соң партия төрағасы сайланып, жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі және Саяси кеңестің құрамы қайта жасақталады.
 
Ертең
 
"Nur Otan" партиясының кезектен тыс XXI съезімен қатар сағат 11:00-де жеке пикет ұйымдастырылады. Қазақстан азаматы Закирова Санавар Ахиетовна партияның бас кеңсесінің алдында өз ұстанымын жариялайды. Бұл ақпарат әлеуметтік желі арқылы тарап жатыр.
 
Шораевтың шамалауынша
 
"Nur Otan" партиясының кезектен тыс XXI съезінде Президент партия төрағасы болып сайланса, үлкен саяси қателік болады. Бұл туралы қоғам қайраткері Арман Шораев БАҚ-қа берген сұхбатында: "Ертең Президентіміз сол партияға төраға болып сайланса, ол да саяси қателіктің бірі болып саналады деп білемін! Жалпы Президент болып сайланған азамат ешқандай да саяси күштердің өкілі болып танылмауы керек. Ол партияның, жеке саяси күштердің атынан сөйлейтін азамат емес, бүкіл халықтың атынан сөйлейтін адам болуы керек! Сондықтан ешқандай партияға қатысы болмауы керек деп есептеймін!", – деді.

Естеріңізге салайық, былтыр қараша айында Нұрсұлтан Назарбаев

Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Nur Otan" партиясының төрағалығын тапсыратынын мәлімдеген.
 
Тайжан бастап, Перуашев тастап кеткен
 
Кезінде "Nur Otan" партиясының құрамынан саясаткер Болатхан Тайжан өз еркімен шығып, оппозициялық партияның қатарына қосылған. Бұған оның билік партиясымен көзқарасының сәйкес келмейтіні себеп болған. Ал Азат Перуашев әу баста "Қазақстан азаматтық партиясын" "Nur Otan" партиясына қосу үшін тер төгіп, кейін өзі билік партиясын тастап кеткен. Кейін "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы болып шыға келген.
 
Әнші, күйші, биші...
 
Сықақшы, спортшы да "Nur Otan" партиясының құрамында болды. Осы саясаттың салқыны әлемді дүр сілкіндіріп жүрген гүрзі жұдырық иесі – Геннадий Головкин мен таңдайына тіл біткен бұлбұл – Димаш Құдайбергенге де тиді. "Nur Otan" партиясының идеологтары оларды Қазақстанның экс-президентінің алдында сөз сөйлеуге көндірді.
 
Қабатов қалай қабылданды?

Бұл сұраққа осыдан 3 жыл бұрын "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: "Мен Алматыдан Нұр-Сұлтанға бет алған ұшақта едім, қасымда Тұрсынбек Қабатов отырды. Бір жарым сағат бойы мен оған партия туралы, Елбасы мен Мемлекет басшысының бастамалары мен партияны қайта жандандыру аясында атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы әңгімеледім. Біз ұшақтан түскен кезде ол атқарылып жатқан жұмыстарға атсалысқысы келетінін айтты", – деп жауап берді.

Ал сықақшының өзі партия қатарына қабылдау салтанатында: "90-жылдардағы тоқырауды көрген балалармыз. Кеше ғана ауылда қой бағып жүрген бала едім. Бүгінде міне, арман қуып астанаға келіп, сол армандарым орындалып жатыр. Мұның барлығы еліміздің өркендеп-өскенінің арқасы. Әрбір әзілімде жұртты жақсылыққа үндеп, барлық әңгімемде халықты бірлікке шақырып жүремін. "Nur Otan" – жалпы халықтық партия. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде елді кім жамандаса, сол батыр болып есептеліп жатыр. Мен олардың қатарында болғым келмейді. Қазақта "Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас" деген сөз бар. Әркім өзінше "батыр" болып отыра берсе, еліміз дамымайды. Біз жұдырықтай жұмылуымыз керек", – деді.

Адамбаевтың айтқаны

Ел есінде қалды. Көңілді тапқырлар ойыны арқылы танылып, кейін киноиндустрияға бет бұрған продюсер Нұртас Адамбай осыдан 5 жыл бұрын: "Партияның адамдық келбеті болуға тиіс. Партия қарапайым халықпен байланыс орнатуы керек. Әлеуметтік желілерде белсенділікті арттырыңыздар. Менің таңғы асымның суреті Nur Otan" партиясының әлеуметтік желідегі барлық посттарынан көп лайк жинайды", – деді. Осылайша ол партияның мүшесі болмайтынын жұмсартып жеткізді.

"Менен Рахым Ошақбаев неге партияға өтпейсің деп сұрады. Партия туралы пікірін білдіретін сырт адамның болғаны дұрыс шығар деп ойлаймын", – деді ол.
 
Ошақбаевтың "ойыны"

Қызық болды. "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, экономист Рахым Ошақбаев "Жаңа Қазақстан" идеясы өмірге келмей тұрып, "Nur Otan" партиясының мүшесі әрі жақтаушысы болатын. Әр жылдары квазимемлекеттік секторда, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқарды. Жоғарыда атап өтілгендей, адамдарды "Nur Otan" партиясының мүшесі болуға үгіттеп жүрді.

Айтып айтпай не керек, Ошақбаевтың "ойыны" шынымен қызық болды. Ол "Nur Otan" партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, елорда әкімі Алтай Көлгіновке: "Мен, Рахым Ошақбаев Сакенұлы, "Nur Otan" партиясының мүшелігінен шыққандығымды хабарлаймын, өйткені мен партия еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси саладағы апатқа және лаңкестік әрекеттерге жол бергені үшін, бейбіт уақытта Қазақстан азаматтарының өліміне әкелген шабуылдар үшін сөзсіз моральдық жауапкершілікте болады деп есептеймін. Осыған байланысты мен бұл ұйымда әрі қарай қалуым мүмкін емес деп санаймын", – деп өтініш жазып, партияның қатарынан шығып кетті.
 
Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу