Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
"Білім беру саласына 2020 жылға 96 млрд теңге бөлу жоспарлануда, бұл биылғы жылмен салыстырғанда 21%-ға артық. 2019 жылы 79 млрд теңге жұмсалған еді. Ал мектепке дейінгі білім беру қызметін қамтамасыз ететін 305 балабақшаға бөлінетін қаржы 6%-ға өсіп, 15 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Биыл 1978 орындық 27 жеке балабақша қолданысқа берілген. Облыста 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші - 100%", – делінген Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған ақпаратта.
"Өңірде орта білім беруге жоспарланған қаржы көлемі 23%-ға өсіп, 65 млрд теңгеге жетпек. Білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын 25%-ға өсіруді қамтамасыз ету үшін 14 млрд теңге қарастырылған. Маңғыстауда мұғалімдердің жалақысы орта есеппен 200 мың теңгеден 230 мыңға дейін өседі. Орта білім беру саласында оқушылар қауіпсіздігіне басымдық беріледі. Оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстағы 63 мектепте 106 әжетхана салынып, 39 мектепте бейнебақылау камералары орнатылмақ. Осы мақсатқа 290 млн теңге бөлу жоспарланған. Жалпы, 70 мектепке 217 әжетхана салу және 131 бейнебақылау камераларын орнатуға қажеттілік бар. Бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізіп, жаңа оқу жылына дейін қажеттіліктерді толықтай қамтамасыз ету көзделген", – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, аз қамтылған отбасынан шыққан 11 мың бала және 1-сыныпта оқитын 19 мың оқушы ыстық тамақпен қамтылатын болады.
Өңірде үш ауысымдық оқыту мәселесі де шешімін таппақ. Тұрақты демографиялық өсім есебінен биылғы жылы мектептердегі сынып саны 314-ке, оқушы саны 9 311-ге артты. Өңір басшылығы осы мәселені шешуді өз бақылауына алған. 2020 жылы сыйымдылығы 3080 оқушыға арналған 3 жаңа мектеп пен 2 қосымша ғимарат құрылысын аяқтауға 1,5 млрд теңге қарастырылды. Бұдан бөлек, 7994 орындық 15 мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Сондай-ақ Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Әлихан Қыраубаев студенттерді баспанамен қамту жайлы да мәлімет берді. Оның айтуынша, алдағы жылы Маңғыстауда 160 студент жатақханамен қамтылмақ.
Бүгінгі таңда облыс колледжерінде оқитын студенттер саны 19 мың. Олардың 1400-і баспана қажет еткенімен, тек 600 студент қана жатақханамен қамтылған. Туризм және политехникалық колледжі жатақханаларын жөндеу 2020 жылдың бюджетінде қарастырылған. Нәтижесінде 160 студент жатақханамен қамтылады.
Айта кетейік, Маңғыстау облыстың 2020 жылы бюджеті 210 млрд теңге болып бекітілді. Бұл осы жылдың бюджетінен 17 млрд теңгеге немесе 9%-ға артық. Оның 50 миллиарды республикалық бюджеттен келсе, жергілікті бюджеттен 160 млрд теңге түседі.
Нұржан Көшкін