Маңғыстау облысына "Халық" қорынан әлеуметтік жобаларға 4 млрд теңгеден астам қаражат беріледі

4731

Бөлінген қаражатқа Бейнеудегі астық терминалын қайта іске қосу, Ақшұқыр ауылында тұзсыздандыру зауытын, Жаңаөзенде дене шынықтыру-сауықтыру орталығы мен спорт алаңдарын салу жоспарланған.  

Маңғыстау облысына "Халық" қорынан әлеуметтік жобаларға 4 млрд теңгеден астам қаражат беріледі Фото: "Халық" қоры

Маңғыстау облысының әкімдігі мен "Халық" жеке қайырымдылық қоры 4 млрд теңгеден астам сомаға ынтымақтастық туралы үш меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Қаражат Жаңаөзенде дене шынықтыру-сауықтыру орталығы мен 20 спорт алаңын салуға, Бейнеудегі астық терминалының жұмысын қалпына келтіруге және жаңғыртуға, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тәулігіне 4000 текше метр суды тазарта алатын зауыт салуға бағытталады деп жоспарланып отыр.

Түпқараған ауданы әкімінің міндетін атқарушы Талғат Алтынғалиевтің айтуынша, Ақтауға жақын орналасқан Ақшұқыр және Саин Шапағатов ауылдарында су тапшылығы өткір мәселе, сондықтан "Халық" қоры жобаны қолдауға 300 млн теңге бөледі.

Орталық құдық арқылы ауыз суға қол жеткізгендердің бірі — Талшын Мақсұтқызы. Бүгін ол бақшасына күтім жасап, суғарып жүр, бақтағы кейбір ағаштар өз жемісін беріп үлгерген.

"Осы көктемнен бастап қаладағы үйімізге орталық жүйеден су келе бастады. Маңғыстау өңірінде жаз өте ыстық. Бүгін мен балалармен бірге бақшамызды суарып, оның жемісін көргенімізге қуаныштымын. Осындай мүмкіндік үшін "Халық" қайырымдылық қорына алғысымды білдіргім келеді, – деді ауыл тұрғыны Саина Шапағатова.

Қор заманауи дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салуға 1,4 миллиард теңге бөледі және Жаңаөзенде 20 балалар спорт алаңын салады.

Жаңаөзенде жаңа спорт орталығының құрылысы тұрғындардың денсаулығын көтеруге ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал етеді. Оның құрылысы кезінде 150 уақытша жұмыс орны, ал ашылғаннан кейін 50 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Жаңаөзен қаласы мәслихатының хатшысы Сәки Мыңбайдың айтуынша, спорттық нысандарды салу балаларға ғана емес, жастарға да пайдалы болмақ.

"Қазір халық саны күн санап өсіп жатыр. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жастарды жаңа белестерге шабыттандырады. Ал балаларға қуаныш сыйлайды. Жас ұрпақтың мәдени ортада өсіп-жетілуі маңызды. Жаңа жұмыс орындары олардың кәсіби тұрғыда дамуына тікелей әсер етеді. Мұндай жобалар саны көбейе берсе деймін", - деді Сәки Мыңбай.

Дене шынықтыру-сауықтыру орталығы — тұрғындарға бокс, күрес, мини-футбол, теннис, волейбол мен баскетбол сияқты түрлі спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік ашатын спорт мекемесі. Орталық барлық қажеттімен: спортзал, киім ауыстыратын бөлмелер мен душ бөлмелерімен жабдықталған.

Спорт алаңдарына келер болсақ, қазір әкімдік оны құруға 20 учаскені таңдады. Құрылыс жұмыстары Жаңаөзеннің 55 жылдығына орай аяқталып, қала тұрғындарына тапсырылуға тиіс.

Сонымен қатар, "Халық" қоры Бейнеу ауданындағы астық терминалын қалпына келтіріп жаңғыртуға ақша бөледі. 

2021 жылы Бейнеу астық терминалы (БАТ) банкрот деп танылып, бірнеше жыл тұрақтап  қалды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте терминал қызметін қайта жаңғырту қажеттігін атап өтті.

Енді Маңғыстау облысының әкімдігі мен "Халық" қоры Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта бастау үшін 1,8 млрд теңгеге Қайырымдылық көмек көрсету туралы меморандумға қол қойды. Бұл өңірді ұнмен және жеммен қамтамасыз етуге, сонымен қатар Орталық Азия елдеріне (Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан және т.б.) экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік беруі тиіс.

Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Теміровтың айтуынша, терминалдың жұмысы 2018 жылы тоқтатылған.

"Компанияның белгілі бір қарыздарына байланысты бұл ірі терминалдың жұмысы 5 жыл бойы тоқтап тұрды. Терминал жылына 90 мың тонна астық пен 30 мың тонна ет өнім беріп отырған. Жұмысты қайта жаңғырту арқылы халықты астықпен қамтамасыз ету және жұмысқа орналастыру мәселесі өз шешімін табуы тиіс. Жақын арада жұмысқа 200-ден астам адам қабылданады", – деді Жалғас Теміров.

"Халық" қорынан алынған ақшаға Маңғыстау облысының әкімдігі "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп БАТ-ты қайта бастауға және одан әрі жұмыс істеуге бағытталған қызметті үйлестіруді жүзеге асырады.

"Халық" жеке қайырымдылық қорының атқарушы директоры Нариман Әбілшайықов ынтымақтастық туралы меморандумдар өңірдегі әлеуметтік жобаларды қолдауға бағытталғанын айтты.

"Аймақтың әлеуметтік және экономикалық дамуына ықпал ететін ірі жобаларды қолдау қажеттілігі бәрімізге белгілі дүние. "Халық" қорының қамқоршылары Динара мен Тимур Құлыбаевтар Маңғыстауда әлеуметтік-қайырымдылық жобаларын дамытуға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлгенін атап өткім келеді", - деді Нариман Әбілшайықов.

2016 жылы құрылған "Халық" жеке қайырымдылық қоры қазақстандықтарға тұрақты түрде көмек көрсетіп келетінін атап өткен жөн. Қор 45 миллиард теңгеден астам сомаға қайырымдылық жобалары мен бағдарламаларын іске асырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу