Маңғыстау облысында жаңа футбол алаңдары мен стадион салынады

643

Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Барменқұлов Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті.

Маңғыстау облысында жаңа футбол алаңдары мен стадион салынады

Жүздесуде ҚФФ басшысы Әділет Барменқұлов инфрақұрылымды жақсарту үшін УЕФА-мен бірлестікте футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасының маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, ауыл жастарының футбол машықтарын дамыту үшін Маңғыстау облысындағы екі ауылда футбол алаңдарының құрылысы жоспарланғанын айтты. 

Кездесу барысында Әділет Барменқұлов пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі бұқаралық футболды дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады. Әділет Барменқұлов облыста жүзеге асырылатын негізгі бағдарламаларға тоқталып өтті. 

"Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірлерде бұқаралық футболды дамыту федерацияның алға қойған басым міндеттерінің болып табылады. УЕФА-мен бірлескен футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасы өңірлердегі футбол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Біз жаңа және жаңғыртудан өткен футбол алаңдары арқылы бұл ойынды қол жетімді етуге тырысамыз. Аймақ басшыларымен бірлесіп, бағдарламаны сапалы жүзеге асыру үшін үлкен жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Маңғыстау облысының екі ауылында футбол алаңдарын салу жоспарда бар. "Ауылдардағы футбол" бағдарламасы аясында ауыл жастары өздерінің футбол машықтарын дамытуға мүмкіндік алады", – деп атап өтті ҚФФ басшысы. 

Өңірдегі футболды дамытудағы тағы бір маңызды бағыт футбол клубтарын басқарудың сапасын арттыру болмақ. 

"Мен "Каспий" футбол клубы футбол менеджерлерінің құзыреттілік деңгейін арттыру бойынша ҚФФ бағдарламасына қатысатын алты клубтың біріншісі болатынын хабарлауға қуаныштымын. Бұл бағдарлама футбол клубтарын басқарудағы кәсібилік деңгейін арттыруға арналған", – деді Әділет Барменқұлов. 

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев салауатты өмір салтын насихаттаудың маңыздылығына тоқталып өтті. 

"Халық денсаулығына қамқорлық жасау – біздің басты міндетіміз, сондықтан бұқаралық спортты белсенді түрде насихаттау және тиісті инфрақұрылымды дамыту өте маңызды. Облыс әкімдігі спорт нысандарын ұлғайту және қолданыстағы нысандарды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде, "Жас Қанат" стадионында жабынды ауыстыруға қаражат бөлінді, сондай-ақ, 4 шағынаудандағы "Каспий" футбол клубының спорт кешенінің жанында стадион салу бойынша жоба әзірленуде. Мұның бәрі жастар мен жанкүйерлерге өздерінің спорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек. Бұл маңызды мәселе", – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу