Маңғыстау облысының шекарасын өзгертуге ұсыныс енгізіледі

958

Қазір республиканың нақты шекарасымен оның ішінде орналасқан аумақтың арасында алшақтық бар. Бұл алшақтық Каспий теңізі белдеуінде орналасқан аумақтарда орын алып отыр. 

Маңғыстау облысының шекарасын өзгертуге ұсыныс енгізіледі Фото: google.com

Маңғыстау облысының шекарасы мен Каспий теңізі акваториясының бастапқы сызығы арасындағы жер учаскесін Маңғыстау облысының әкімшілік бағынысына беру мәселесі пысықталды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Жер кодексінің талаптарына сәйкес, әкімшілік шекара ішіндегі жерлер тиісті әкімшілік аумақтық құрылымның аумағы.         

"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" заңының 2-бабы, 5-тармағына сәйкес, аумақтық сулардың теңіз белдеуінің сыртқы шегі мемлекеттік шекара.  Еліміздің аумақтық сулары – халықаралық құқық нормаларға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бастапқы сызықтардан бастап өлшенетін, ені он бес теңіз милі болатын, Қазақстанның егемендігі қолданылатын және сыртқы шегі мемлекеттік шекара болып табылатын теңіз белдеуі.

Қазіргі кезде теңіз жағалауы мен шекара аралығындағы ішкі сулар мен аумақтық сулар алып жатқан жерлердің статусы анықталмаған. Тиісінше олар Қазақстан Республикасы аумағының жер қорында есепке алынбай отыр. Осы тұрғыда әкімшілік аумақтық құрылымды ретке келтіру үшін басты қадам, Қазақстан Республикасының ішкі сулары орналасқан аймақты анықтап, республиканың жер қорына енгізу ғылым тұрғысында маңызды қадам болып есептеледі.

"Аумақтық сулардың теңіз белдеуінің сыртқы шегі мемлекеттік шекара болып табылатындықтан, аумақтық сулардың сыртқы шегін айқындау үшін бастапқы сызықтарды белгілеу туралы Үкіметтің 2017 жылғы 26 қазандағы № 675 қаулысы, Маңғыстау облысының шекарасы мен Каспий теңізі акваториясының бастапқы сызығы арасындағы жер учаскесін Маңғыстау облысының әкімшілік бағынысына беру арқылы Маңғыстау облысының шекарасын өзгерту үшін негіз болып табылады. "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10 бабына сәйкес, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың шекарасын белгiлеу және өзгерту мәселесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жатқызылған",- дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов.

Осы заңның 11-бабына сәйкес, Үкiметке облыстың шекарасын өзгерту туралы ұсыныс облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен берілуге жатады.

Осыған байланысты, аталған заң талаптарына сәйкес, Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан Үкіметке облыстың шекарасын өзгерту туралы ұсыныс енгізу бағытында шаралар алынды. Соның ішінде, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен бірлесе отырып, Маңғыстау облысы шекарасы мен бастапқы сызық арасындағы жер көлемі анықталды. Сонымен қатар, жер учаскелерінің жобалық сызбасы жасақталып, координаталары анықталды.  

Қазіргі кезде республиканың жалпы жер көлемі 272 млн 490,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде Маңғыстау облысының жер көлемі 16 млн. 564,2 мың гектар.     

Маңғыстау облысының шекарасы мен Каспий теңізі акваториясының бастапқы сызығы арасындағы аймақтың жер көлемі 721,9 мың гектарды құрап отыр.

Өзгерістерді қоса есептегенде республиканың жалпы жер көлемі 273 млн 212,1 мың гектарды, Маңғыстау облысының жер көлемі 17 млн 286,1 мың гектарды құрайтын болады.     

"Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы" заңның 15-бабына сәйкес, аймақтық деңгейде әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс мәселесiн шешу үшiн Маңғыстау облысының шекарасын өзгерту мәселесі бойынша ғылыми сараптаманың актiсi және экономикалық есеп-қисап жасақталып, тиісті аудандық, қалалық өкiлдi және атқарушы органдардың, ауыл, ауылдық округтер әкімдерінің қаралатын мәселе бойынша ұсыныстары алынды. Осы көрсетілгендер негізінде, аталмыш заңының 11 бабына сәйкес, облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бірлескен шешімдері негізінде, Қазақстан Республикасы Үкіметіне Маңғыстау облысының шекарасын өзгерту туралы ұсыныс енгізіледі",- делінеді облыс әкімдігінің хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу