Маңғыстауда апаттық үйлерде үрейі ұшқандар бар

772

Бізге ақша бергенін талап етеміз.

Маңғыстауда апаттық үйлерде үрейі ұшқандар бар Фото: Inbusiness.kz

Маңғыстау облысының Сай-Өтес ауылында 11 отбасы апатты үйде қорқынышпен тіршілік етіп келеді. "Апатты" деп танылса да, бұл үйдің тұрғындарын басқа жерге көшіруге жергілікті билік асығар емес. Шенділердің әрекетсіздігінен қажыған жұрт алдағы күніне алаңдап отыр. Қабырғалары қирап, төбесінен су сорғалап тұрған үйдің жағдайы адам аярлықтай.  

Бұл үйлердің қабырғасы 1978 жылы қаланған. Сай-Өтес ауылында мұндай жағдайда тұрған 18 үй бар. Соның тек үшеуі "апатты" деп танылды. Үйдің  төбесіндегі бетон құлап, абырой болғанда, адамдар аман қалған көрінеді. Қабырғасы сөгіліп, бетоны қақ бөлініп тұрған үйдің тұрғындары жанын шүберекке түйіп, күн кешіп жатыр.

Пәтерлерін су алмасын деген тұрғындар бөлмелердің ортасына ыдыстарды тізіп қойған. "Алдағы қыстан аман шыға аламыз ба?" деп алаңдаған жұрт мәселенің тезірек шешілгенін қалайды. 

"Бір мәдениет үйін 10 жылға жақын салып жатыр. Бізге үй салады деп айта алмаймыз. Бізге ақша бергенін талап етеміз. Үй басына өзіміздің сұраған ақша 10 млн ба, 8 млн ба ақшасын берсін. Сол ақшаны берсе біз соған қанағаттанамыз. Міне үстіңгі үйлер құлап жатыр жаңбырдың мезгілінде, әлде де құлайды. Қысқа дейін ақша жағын талап етеміз. Үйдің астында қалып қоямыз деп өмірізге қауіп төніп тұр. Халыққа көмектеспейтін болса, көмектеспейміз деп жазбай ма?", – дейді тұрғындар.

Әкімдік "апатты" деп таныған үш бірдей екі қабатты үйде 11 отбасы тұрып жатыр. Мәселені айта-айта әбден шаршаған жұрттың шыдамы да таусылған. Бас амандығы үшін өз күштерімен көшіп кетуге қаражат қолбайлау болып отыр. 

"Қазір облыстық бюджеттен қаржысы қаралып жатыр. Бір қабатты 4 жақтан кіретін үй болады. Оған әлгі қос қабатты 3 үйде тұратын 11 отбасыны көшіреміз деген ойымызда бар. Ал заң талаптарына сай, Үкімет тарапынан бір үй деп бағаланып отырған бағалау құныменен бізге тұрғындардың қолына қолма-қол ақша беру қарастырылмаған",- дейді Сай-өтес ауылының әкімі Сабыржан Әбдиев. 

Әкімнің айтуынша, жобалық-сметалық құжаттар сәтті жасалса, үйдің құрылысы келесі жыл басталады. Бұдан бөлек, ауылдағы 15 үйге жөндеу жүргізетінін айтты. Дегенмен әр күнін үреймен өткізіп жатқан тұрғындар әкімдіктің бұл жобасын құптамай отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу