Маңғыстауда ауызсу мәселесі мұңға айналды

2259

Облысты сумен толықтай қамту үшін тағы 37 мың текше метр су қажет. 

Маңғыстауда ауызсу мәселесі мұңға айналды

Маңғыстау облысында жаз мезгілінде суды  пайдалану көлемінің өсуіне байланысты ауыз су тапшылығы тағы орын алды. Қазіргі күні облыста жаз мезгілінде беріліп отырған ауыз судың көлемі тәулігіне 150 мың текше метр. Тек Ақтау қаласының өзінде ауызсуды тұтыну көлемі күніне 52 мың текше метр болып отыр.

"Алайда  бұл тұрғындар сұранысын толық қанағаттандырмайды. Толық қамту үшін қосымша 37 мың текше метр су қажет", – дейді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров.

Ал Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Ғұсманның айтуынша, жазда суға сұраныс күрт артуына соңғы жылдары қалада көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар санының артуы себеп.

"Шаһарды ауызсу, жылумен қамтамасыз етіп отырған "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" серіктестігі қызметкерлері, әсіресе, күндізгі уақытта су қорын жинау үшін қысым төмендейтінін айтып отыр. Ал бұл тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарында ауыз су қысымының төмен немесе мүлдем болмауына әкеп соғады. Кәсіпорын мамандары қазіргі уақытта Ақтауда ауызсу қысымы тұрақталғанын алға тартты. Өткен аптада қала халқы тәулігіне орташа есеппен 41 мың текше метр ауызсу, 7 мың текше метр техникалық суды және 6600 текше метр су ыстық су пайдаланған", – деді қала әкімінің орынбасары.        

Қазір аса маңызды болып отырған мәселені шешу үшін біріншіден, Ақтаудың іргесінде тұрған "Каспий" су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге арттыру кһзделіп отыр. Жалпы құны 10,5 млрд.теңгелік жобаның ЖСҚ  жасалып жатыр. Құжат алдағы тамыз айында дайын болады деп жоспарланған. Жоспар бойынша 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап зауыт бір тәулікте 40 мың текше метр ауызсу шығара бастайды.

Екіншіден, "Кендірлі" курорттық демалыс аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытуға қауқарлы зауыт салу. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр. Мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізілген. Зауыт салынған жағдайда Жаңаөзен қаласының халқы ауыз судан тапшылық көрмейді. Жоба құрылысын "ҚазМұнайгаз" АҚ қолға алған.

Үшіншіден, "Қаражанбас" кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су шығаратын зауыт салу. Қазір жоба құрылысы басталған.  Зауыт 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылуы керек. Бұдан соң осы кен орны "Астрахань-Маңғышлақ" су магистралынан тәулігіне алынатын 17 мың текше метр суға тәуелділіктен босайды. Демек, осындай мөлшердегі суды облыс жұртшылығының қажетіне беруге мүмкіндік тумақ.

Сонымен қатар  Қарақия ауданы Құрық ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су шығаратын зауыт салу жоспарда бар. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр. Мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізілген.

Өкінішке қарай, бұл аталғандардың барлығы да – уақыт пен қаражатты қажет ететін ауқымды жобалар. Олар нақты жүзеге асқанша аймақ халқы ала жаздай судан тапшылық көріп, белгіленген сағатта ғана су алуға мәжбүр.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу