Маңғыстауда жарылайын деп тұрған "жара" көп – депутат

1791

Маңғыстаудағы сервистік және басқа да мердігер компаниялар халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүдделі.  

Маңғыстауда жарылайын деп тұрған "жара" көп – депутат   Фото: google.com

Алайда оған тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тарифтердің төмендігі, баға демпингі мүмкіндік бермей отыр. Бұл туралы мәжілісмен Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында мәлімдеді.

"Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр. Айта кететін жайт, өткен сенбі күні Ақтау қаласында ереуілге шыққан "БерАли Маңғыстау Company" мекемесінің басшыларымен кездестім, жоғарыда келтірілген кемшіліктерді олар да айтты",– деді спикер.

Оның айтуынша, Маңғыстауда бір ЖШС жұмыссыздық белең алған Жаңаөзен қаласында, Жетібай кентінде, Мұнайлы ауданында цехтар ашып, мұнай компанияларына арнайы киім тігуді қолға алған. 

"Алайда жыл сайын өтетін тендерлердің кесірінен контракт ала алмаса немесе баға демпингісінен контракт сомасы едәуір төмендесе, 90% жұмысшылары жұмыссыз қалайын деп отыр. Мұндай мысалдар көп. Өткен Мәжілістің жетінші шақырылымында Маңғыстаудағы жұмыссыздыққа және еңбек дауларына қатысты мәселелерді көтергенбіз. Бірақ Үкімет, "Самұрық-Қазына", "ҚазМұнайГаз" және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыс істелген жоқ, тиісті нәтиже болмады. Ал, Маңғыстауда жарылайын деп тұрған "жара" көп. Оларды кешенді түрде "емдеумен" айналыспаса, дау-дамай әрі қарай жалғасып ушыға береді",– деді Еділ Жаңбыршин.

Осыған байланысты депутат "Самұрық-Қазына" әл-ауқат Қоры" Ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізу керек екенін жеткізді.

Бірінші ұсыныс – баға демпингіне шектеу қою. 

"Мысалы, тендер кезінде бағаны 10 пайыздан төмен түсірмеу керек. Екіншіден, сервистік компаниялармен көпжылдық келісімшарттарға отыру сұрағы шешілсін. Үшінші, тендерге шығарылатын жұмыстар мен қызметтердің қаржы көлемінде еңбекақы қоры және әлеуметтік пакет бөлек көрсетіліп, ол баға ойынына түспеуі керек",– деп қорытындылады спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу