Маңғыстауды ауызсумен қамтудың бір жолы бар – маман

1770

"27 жылға су қорын қайта есептеп, жақын маңдағы елді мекенде су сорғы бекетін орнатып, су тұщыту қондырғысын салу қажет".

Маңғыстауды ауызсумен қамтудың бір жолы бар – маман

Маңғыстау облысында ауызсу мәселесі өзекті. "Маңғыстау-Геология" ғылыми-өрдірістік орталығының директоры Автандил Гавашелишвили мәселені шешуге қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Автандил Гавашелишвилидің айтуынша, 1988-1991 жылдары Маңғыстауда Шетпе гидрогеологиялық ұжымымен Қарақұм совхозының аумағында барлау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 11 ұңғыма бұрғыланып, олардың барлығынан су көздері мол шыққан.

"Осы тіршілік көздерін халық игілігіне пайдалану үшін жақын жердегі елді мекеннен су сорғы бекетін және су тұщыту қондырғысын салу қажет. Маңғыстауда табиғи су қоры жоқ деп айтуға болмайды. Бейнеу ауданының аумағында 11 ұңғымадан су шығып тұр. Оны жергілікті тұрғындар мал шаруашылығына пайдаланып отыр. Енді осы су көздерін тиімді пайдалану технологиясын енгізу керек. Ол үшін алдымен алдағы 27 жылға су қорын қайта есептеп, жақын маңдағы елді мекенде су сорғы бекетін орнатып, су тұшыту қондырғысын салу қажет", – дейді Автандил Гавашелишвили.

Айта кетейік, өткен жылы Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысымен "Маңғыстау-Геология" ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС-мен қосымша барлау және жер асты су қорын бағалау бойынша құжаттар дайындалған. Жобаға сәйкес, осы аумақта қосымша 11 жаңа ұңғыма қазу жоспарлануда. Нәтижесінде, барлығы 22 скважинадан тәулігіне 104 мың текше метр су алуға мүмкіндік бар. Ноғайты ауылына жақын орналасқан Сам-1, Сам-2 су кен орны 1967-1969 жылдары іздеу-барлау жұмыстары кезінде ашылған. Судың 1 литрінде 1-ден 3 грамға дейін тұз бар. Тәулігіне 35 мың текше метрге дейін тіршілік нәрін беруге қауқарлы.

Қазір су көздері бар орындарында судың табиғи қорларын есептеу, жоспарлау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі су тапшылығын жою мақсатында жер асты суларының көздерін анықтап, жүйелеу жалғаса бермек.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу