Маңғыстаудың көрікті жерлерін қоқыс басып барады

2249

Оған көпшіліктің экологиялық сауатының төмендігі себеп.

Маңғыстаудың көрікті жерлерін қоқыс басып барады

Демалыс орны көп, туристер үшін тартымды Маңғыстау облысында қалдықты жинау мәселесі күрделі болып тұр. Көбінесе, бұған адамдардың қоршаған орта тазалығына бей-жай қарайтыны себепші деп айтуға болады, деп жазады  inbusiness.kz тілшісі. 

Өкінішке қарай, қоқыс контейнері мен жәшігін орнату да тұрмыстық вандализмнен қорғай алмай отыр. Ақтау қаласындағы 28 ықшамаудандағы 3 үйдің тұрғындары таңертең қоқыс жинайтын алаңнан құлынның өлексесін тауып алды. Оны бұл жерге кімнің лақтырып кеткені белгісіз, болжам бойынша, құлынды көлікпен басып кеткен адам жауапкершіліктен қашып, осында әкеп тастаған болуы мүмкін.

Қалада екі жыл бұрын да осындай жағдай орын алған еді, ол кезде өлі туған екі құлынды қоқыс контейнеріне лақтырып тастаған болатын. 

Мұндай бейғамдық өңірдегі демалыс орындарына да қатысты. Бұған дейін Бозжыра шатқалына барған кісілердің бүлдіріп, ластап кететінін жазған болатынбыз. Одан бөлек, Самал, Тамшалы, Жығылған, Шерқала, Айрақты сынды көрікті жерлерде де осындай жағдай орнаған.

Демалушылар Маңғыстаудың көрікті жерлерінің бастапқы қалпын мейлінше сақтаған тұмса табиғатына қызығады. Олардың көпшілігіне жол салынып, инфражүйе жүрмегендіктен, қоқыс тасығыш көліктердің жүруіне қолайсыз. Ал таза ауамен тыныстап, көңіл көтеруге барғандар көлігін әудем жерге қойып, әрі қарай жаяу кетеді. Мұндай кезде тұрғындар мен туристер өздерінің ішіп-жеп, демалғанынан қалған қоқыс-қалдығын қалдырмай, алып кетсе дұрыс болар еді. Өркениетті елдерге тән ондай менталитет бізде әзірге қалыптаспай тұр. 

Алайда, маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсембаевтың Ақтау қаласынан 24 шақырым жерде Каспий теңізі маңынан түсірген фотолары көпшіліктің наразылығын тудырды. Онда жағаның шашылған пластик бөтелке, целлофон пакет, шыны ыдыстардан аяқ алып жүргісіз екені көрсетілген. 

"Жыл сайын жағажай үлкен қоқыс полигоннына айналып барады. Адамдар пикниктен кейін қалған қалдықты еріктілер жинап алар деген оймен осында тастап кете салады. Біздің түсінігіміз сондай", - деп жазған блогер ғажайып орындардың тазалығын қамтамасыз етпей отырған Түпқараған ауданының әкімдігін сынға алған. 

Көп ұзамай, сол маңайдағы Сайын Шапағатов ауылының тұрғындары сенбілікке шығып, жағажайдағы қоқыстың барлығын жинап алғаны белгілі болды. Қоқыстың көптігі соншалықты, үш "Газель" көлігіне де сыймаған. Осы мәселеге орай, жеке парақшасында пікір білдірген ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Экологиялық кодекстің 344 бабында қоршаған ортаға зиян келтіргендер үшін жазаның күшейтілгенін жеткізді. Оған сәйкес, бұдан былай қалдықты жинауда, тасымалдауда, басқа да әрекеттер жасағанда экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 40, лауазымды тұлғалдар мен кәсіпкерлерге 100, ірі кәсіпкерлік нысандарына 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынбақ. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу