Маңғыстаудың жартасты мешіттеріне қатысты қуанышты жаңалық жариялануы мүмкін – Ерлан Қарин

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары баға жетпес мәдени мұраның ЮНЕСКО тізіміне енуге бір қадам жақын қалғанын айтады. 

Маңғыстаудың жартасты мешіттеріне қатысты қуанышты жаңалық жариялануы мүмкін – Ерлан Қарин Фото: el.kz

Комитет 30 жаңа нысанды Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу мәселесін қарайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, Қазақстанның жаңа номинациясы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің қарауына ұсынылған. 

– 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудың бірегей жартасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын.
Осы уақыт аралығында номинациялық материалдарды әзірлеу бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Оның аясында ғылыми негіздемелер дайындалып, құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан жан-жақты пысықталды. Былтыр ЮНЕСКО-ның бағалау миссиясы елімізге арнайы келсе, ал жуырда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар орталығы және Ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңестің (ICOMOS) техникалық қорытындылары алынды, – деп жазды Е.Қарин.

Оның сөзінше, кеше ғана Корея Республикасының Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясы өз жұмысын бастаған. 29 шілдеге дейін жалғасатын жаһандық жиынға Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға қатысушы 196 мемлекеттің үш мыңға жуық делегаты, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері жиналған.

– Алдағы 10 күнде Комитет ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған 30 жаңа номинацияны қарайды. Солардың қатарында Қазақстан ұсынған "Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындар" номинациясы да бар. Бұл номинация бойынша қабылданатын оң шешім еліміз үшін аса маңызды оқиғалардың бірі болмақ, – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу