Олар жылжымайтын мүліктерін ломбардқа өткізіп, екі есе қаражат аламыз деп сан соқты. Барлық шығын 3 млрд тг-ге жетіп жығылады. Көпшілік наразылық ұйымдастырып, қаражаттарын талап етуде. Енді қайтпек керек?
"Plus Capital" қаржылық компания басшылығы 700 адамның үйін, көлігін және қомақты қаражатын алып, із суытып кеткен. Алаяқтық жолмен компанияны басқарған Артур Темірғалиев іздеуде жүр. Қаражатты екі есе қып қайтарамыз деп уәде еткендер құжаттарды нотариус арқылы рәсімдеген.
"Халық нотариуске сенді, себебі – бұл Әділет департаментінде тіркелген ғой. БИН-ы бар. Жинақ ақшалар "Сбербанк Россиямен" жұмыс жасаймыз деді. Ал қазіргі қылмыстық іс бойынша Темірғалиев бір жарым жылдан бері жоқ. Дегенмен, Құсайын Дархан мен Кушниренко уақытша ұстау абақтысында отыр.13 шілдеден сот басталды. Әрбір жәбірленуші айыптау парағымен келіскен жоқ", – дейді салымшы Сайлаугүл Әсемова
Ал "Plus Capital" қаржылық ұйымына мүлкі мен ақшасын сеніп тапсырғандардың құжаты түгелдей бір ғана София Кушниренконың нотариусында рәсімделген. Енді оның барлығы жалған екені әшкере болды. Аталмыш нотариус 2017 жылдың 25 тамызында Әділет министрлігінің лицензиясын алған. Облыстық әділет департаменті болса, жеке нотариустарға негізсіз тексеріс жүргізе алмайтынын алға тартты.
"Жеке нотариустардың күнделікті жасап отырған іс-әрекетін арнайы базадан қарап отыруға бізге мүмкіндік берілмеген. Егер де олардың жасаған ісіне тергеу жүргізу қажет болса, онда біз азаматтардан түскен арыз-шағым есебінде қараймыз", – дейді Маңғыстау облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Әуес Көшкінбай
Салымшылар ломбардқа 300 мың мен 28 млн тг аралығындағы қаражаттарын салған. Барлығы 3 млрд тг қаражат қолды болды. Бұл істе бір емес, бірнеше адамның алаяқтық әрекеті болғандықтан, "ұйымдасқан қылмыстық топ" деп тану керек дейді. Олар тергеу кезінде берілген дәлелдер мен айғақтар сот барысында ескерілмей қалғанына наразы.
"Сот оларға арандатушы сұрақтар қойған. Менің балама: "Егер де сен Құсайын Дарханнан ақшаңды ала алмасаң өлтіресің ба, әлде оны ұрасың ба" деген. Оны соттың бейнекамерасынан дәлелдеуге болады", – дейді Сайлаугүл Әсемова.
Ал, тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Қатауов болса, тергеп-тексеру, заңды құқығын қорғау органдары дұрыс тексермеген. Көбін процеске шақырмаған және сот барысында жәбірленушілерге тек қана 5 минут уақыт бөлінген, деп отыр.
Салымшылар қылмыстық істің қаралу барысында құзырлы органдарға көңілі толмайды. Сот, прокуратура мен полициялар істі ат үсті қарап жатыр деп наразы. Іс әділ шешілмесе, өз құқықтарын жоғарғы құзырлы органдардан талап етуден тайынбай отыр.
Алмас Қылыш