Марганец кенішіндегі дау: Жақсыда бәрі жақсы ма?

2694

Жақсы ауылының тұрғындары өндіріс орнын ашуға қарсы. 

Марганец кенішіндегі дау: Жақсыда бәрі жақсы ма?

Кәсіпкер Айбек Жұмабаев Ақмола облысындағы Жақсы ауылының маңында марганец кенішін игеруді жоспарлайды. Ол үшін алыстағы Австралия елінен инвестор тауып, ресми түрде "Тау-Кен Самұрық" акционерлік қоғамынан 186 млн теңгеге "ТКС Жақсылық" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сатып алады. Бүгінгі күнге дейін компанияның құжаттар дайындау, қызметкерлерге жалақы төлеу тәрізді тікелей шығындарына 400 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Алайда 2019 жылы басталуы керек болған жұмыстарын бастай алмай отыр.

Айбек Жұмабаевтың айтуынша, компания елге инвестиция әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша Елбасының қойған тапсырмасын іске асыруға мүдделі.

"Елімізде жұмыс істеп, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына атсалыспақ ойымыз бар. Жоба бес жылға арналған. Шетелден 16 млрд теңге инвестиция келеді. Төрт-бес жыл ішінде бюджетке 4 млрд теңге салық төлеу жопарлануда. Ашылатын 240 жұмыс орнына тек Қазақстан азаматтары алынады. Оларға мамандықтың қыр-сырын үйретіп, оқыту үшін қайтарымсыз 13 млн теңге бөлеміз", – дейді компания басшысы.

Компания жұмысын бастамай жатып кіріспей тұрып, компанияға қарсы үш рет қылмыстық іс ашылып-жабылған. Компания директоры неліктен қылмыстық іс қозғалғанын түсіндірді.

"Жақсы ауылында жоба таныстырылымын жасамақ болып едік, аяғы дау-дамайға ұласты. Біздің барлық құжаттарымыз дұрыс рәсімделген. Баспасөзге шығаруға дайынбыз. Жақсы ауылының тұрғындарымен бірлесе комиссия құрып, барлық сұраққа жауап табамыз деп ойлаған едім. Карьер біз келмей тұрып ашылып, қазір қоқыс төгетін орынға айналған. Ол жерге әлі бір қадам басып кірген жоқпыз, ал тексерістер басталып кетті. Үстімізден үш рет қылмыстық іс қозғалды", – дейді кәсіпкер.

Айбек Жұмабаев ол қылмыстық істің тұжырымын былайша түсіндірді:"Аса ірі көлемде алаяқтық жасалды дейді. Яғни аса ірі көлемде алдау арқылы басқа адамның мүлкін иемдену ісі таңылды. Содан кейін сот қылмыстық іс дәлелденбегендіктен, істі тоқтату туралы қаулы қабылдады. Осылайша үш рет іс ашылып, үш рет қайта жабылды. Заңбұзушылық туралы іс бар кезде жер алу туралы өтініш беруге болмайды. Іс жабылған кезде өтініш берсек, қайта іс ашылады. Осылайша кеніш орналасқан жерді ала алмай жүрміз", –деді ол.

"ТКС Жақсылық" компаниясы елордада осы мәселеге қатысты баспасөз конференциясын ұйымдастыратындығын білген бірнеше тұрғын Жақсы ауылынан Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келіп, ауыл жанынан кен игеруге қарсылық білдірді.

Жақсы ауылының тұрғыны Мақажан Байкенов: "Марганец өндіргенде көптеген зиянды химиялық заттар бірге шығады. Карьер Жақсы ауылынан биік жерде орналасқан. Жауын-шашын, еріген қар ауылға қарай ағады. Ауыл су ішіп отырған Жаман Қайрақты өзені де карьердің ар жағынан бастау алады. Жаман Қайрақты өзені Есілге құяды. Әзірге бізде су, ауа таза. Жақсының жақсы болып қалғанын қалаймын", – деп ауыл тұрғыны экологиялық жағдайға алаңдаушылығын білдірді.

Кен игеруші компания директоры Айбек Жұмабаевтың айтуынша, жоба экологиялық тұрғыдан таза.

"Бұл – жоба экологиялық жағынан өте таза. Кен-байыту жұмыстарында бірде бір химикалық элементті, тіптен суды да қоспаймыз. Құрғақ сепарация тәсілімен өндіреміз. Бүкіл өндірістік жұмыс жабық ғимарат ішінде өтеді. Ол жерде жалпақ тілмен айтқанда "өндірістік шаңсорғыш" тұрады. Шаң ауылға дейін ұшпайды", – деді ол.

Кәсіпкер ауыл тұрғындарына бірлесіп комиссия құрып, барлық  құжатты тексеруге шақырды.

"Біз ашықпыз. Кез келген құжатты тексеруге болады. Ауыл тұрғындары келіңіздер бірлесіп қоғамдық комиссия құрайық. Бәрін тексеріңіздер. Егер сіздерге айтатындай өндіріс зиянды болса, біз кетеміз. Ал барығы дұрыс болса, жұмыс істеуге мұрсат беріңіздер", – деді компания басшысы Айбек Жұмабаев.

Бұл мәселе туралы ел Пезиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін Ақорда баспасөз қызметі жариялады. "Жақсыда марганец өндіретін кәсіпорын салу мәселесі көтеріліп келеді. Тұрғындар бұған үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Әкімдік пен үкімет шешім қабылдаған кезде халықтың ойын ескеру керек", – дейді Президент.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу