Марина Вольнова бес жылдан кейін рингке қайта оралды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2652

Бокстан Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Шымкентте өтіп жатқан Спартакиадаға қатысады.

Марина Вольнова бес жылдан кейін рингке қайта оралды Фото: kfb.kz

Шымкенттегі Әлия Юсупова атындағы спорт кешенінде бокстан әйелдер арасындағы жазғы Спартакиада басталды. Бүкілқазақстандық бесінші Спартакиаданың финалдық жекпе-жектері 18 мамыр, сенбі күні өтеді. Кеше алғашқы іріктеу сындары өтті.

Шымкент шаршы алаңындағы ең басты жаңалық, рингке 2012 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Марина Вольнованың қайта оралуы болып тұр. Ол Лондон Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шыққан. Содан бері шаршы алаңнан көрінбей, үлкен спорттан қол үзіп кеткен болатын. 

Енді рингке қайта оралу жөнінде шешім қабылдапты. Өзі olympic.kz сайтына берген сұхбатында, күйеуі де, күйеуінің туыстары да, ата-анасы да бұл шешімін құптап-қолдағандығын мәлімдеген. Ал Маринаның екі ұлы бар екенін спорт жанкүйерлерінің біразы біледі (қазір – төртте және екі жарымда).     

Бір қызығы, Марина енді 69 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын болыпты. Өздеріңіз білесіздер, ол бұған дейін (негізінен) 75 келіде өнер көрсеткен. Дәл осы салмақта Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанып (2012 жылы), 2010 жылғы әлем және Азия чемпионаттарында күміс медаль олжалаған.

Жоғарыда жазғанымыздай, Шымкенттегі бүкілқазақстандық V жазғы Спратакиада кеше басталды. 14 мамырда 69 келі салмақ дәрежесінде бір ғана жекпе-жек өтіп, Мадина Жөкенова 5:0 есебімен Шынар Юлдашевадан басым түсті. Ал бүгін бұл салмақтағы боксшы қыз-келіншектер рингке шықпайды.

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу