Мариупольдің соңғы қорғаушылары кімдер?

13410

Олар өздерінен саны жағынан әлдеқайда басым Ресей әскерімен 83 күн бойы шайқасты. Мәскеу бұл полкті "тізе бүгушілер" деп атаса, Украина үшін "Азовстальға" бекінгендер – "қаһармандар". 

Мариупольдің соңғы қорғаушылары кімдер?

Мариуполь металлургиялық зауытында Ресей әскеріне қарсы соңғы позицияны ұстанған украиналықтар – тәжірибелі сарбаздардан, шекарашылардан, ұлттық гвардия полкінен және Ресей армиясы басып кірерден бірнеше апта бұрын қолдарына қару алған еріктілерден құралған үлкен күш.

Украина бұл зауыттан соңғы жауынгерлерін эвакуациялап жатқан шақта, Ресей "Азостальға" бекінгендерді жаппай тізе бүгушілер деп атап үлгерді. Ал қарсы жақ өздерін ауыр міндет арқалаған қаһармандар деп сипаттайды.

Мариуполь мен зауыт үшін соңына дейін соғысқан украиналықтар мен олардың жетістіктері қандай? Бұл сауалдарға қысқаша жауап төмендегідей.

Мариупольды қорғаушылар кімдер?

Украина үкіметі өкілдерінің айтуынша, "Азовстальда" әлі де соғысып жатқан жауынгерлер әртүрлі әскери және құқық қорғау бөлімшелерінен шыққан.

Қорғаушылар қатарында Украина ұлттық гвардиясына кіретін "Азов" полкі; Украина әскери-теңіз күштерінің 36-шы арнайы теңіз бригадасы, Ұлттық ұланның 12-ші бригадасы, Ресей басқыншылығынан аз уақыт бұрын қару ату білетіндерден құралған шекарашылар, полиция қызметкерлері, аумақтық қорғаныс жасақтары бар.

Бұл күштер Мариупольді Ресей басқыншылығының басынан бастап қорғады. 36-шы бригаданың теңіз жаяу әскерлері қала портын және Мариупольдегі тағы бір ірі зауытты керек-жарақтары мен оқ-дәрілері таусылғанша бір айдан астам уақыт бойы ұстап тұрды.

Кейін олар "Азовсталь" металлургиялық зауытына көшіп, тамыры оңшылдардан бастау алған ұлттық гвардияның "Азов" полкіне қосылды, ал кейбіреулері ресейліктердің тұтқынына түсті.

Зауыттың 11 шаршы шақырым аумағындағы лабиринт туннельдер мен бункерлерге бекінген жауынгерлердің жалпы саны осы өнеркәсіп кешені үшін шайқастың қызған шағында қанша болғаны белгісіз. Дегенмен Ресей жағы олардың қатары 2000-нан кем емес деп есептейді.

Ресей неге оларды "ұлтшыл" деп атайды?

Ресей шенеуніктері мен мемлекеттік ақпарат құралдары "Азов" полкіне қарсы шықты. Бұл полк 2014 жылы Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистермен күрес кезінде Украинаның аз қаржыландырылған және басқарылуы күмәнді әскерін күшейту мақсатында құрылған көптеген ерікті бригадалардың бірі – "Азов" батальонынан шыққан.

Сол жылғы қақтығыс жаппай наразылықтар нәтижесінде Украинаның Кремльге жақтас президенті қызметінен қуылғаннан кейін басталды.

"Азов" батальоны алғашқы жауынгерлерін оңшыл топтардан тартып, қолданған тактикасы үшін талай рет сынға ұшырады.

"Азов" сарбаздары өздеріне тағылған ұлтшылдық пен радикалдық жайлы айыптауларды жоққа шығарып отыр. Бүгінде "Азовстальда" жүрген полк командирінің орынбасары Святослав Паламар жақында берген сұхбатында "патриотизм" терминін артық көретінін айтты.

Қорғаушылар неге қол жеткізді?

Украина жетекшілері Мариупольді қорғауда "Азовсталь" жауынгерлерінің рөлін бірнеше рет ерекше атап өтті.

"Мариупольдегі украин әскерлері ерлік жасап, ресейлік армияның таңдаулы күштерін өздерімен шайқасқа тартып, орыстардың оңтүстік-шығыстағы ілгерілеуін айтарлықтай бәсеңдетті", – дейді Мариуполь қаласының мэрі Вадим Бойченко.

Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың мәлімдеуінше, "Мариупольді қорғаушылардың арқасында ел армиясы резервтен әскер жасақтауға, күштерді қайта топтастыруға және серіктестерден көмек алуға қажетті уақытты таба білді және де Мариупольді қорғаушылар командирлер жүктеген барлық тапсырмаларды толығымен орындады".

Президент Владимир Зеленский зауыт қорғаушылары күресті аяқтап, эвакуацияланып жатқанда айтқандай, "Украинаға тірі батырлар керек. Оның принципі осындай".

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу