Мариупольдың азат етілетін күні таяп келеді

1889

Украинаның ұлтшыл ұландарының жау алдында тізе бүгуінің қайғылы символына айналған қала қайтадан күн тәртібіне оралды. 

Мариупольдың азат етілетін күні таяп келеді Фото: yandex.kz

Ресей артиллерияның, қарудың барлық түрімен атқылап, 10 тонналық авиабомбалармен жарып, жартысынан көбін тып-типыл еткен қалада тұрғындар жанайқайын оккупациялық билікке жеткізу үшін балкондарына "Қарнымыз аш", "Балалар тоңды" деген сияқты жазуларды іле бастағаны бейнеленген кадрлар әлемдік ақпарат құралдарын шарлап кетті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы, ресейлік пропаганданың сендіруінше, Мариупольда "орыс әлемін" жақтаушылар ғана қалды, қаланың РФ-ға қосылуына қарсы болған "националистер" не Украинаның басқа қалаларына қашты, не жер жастанды деп көкиді. Шынында, онда ЗСУ-дың келуін тағатсыздана күткендер де баршылық көрінеді. Олар сол себепті қираған қаланы тастап, Ресейге көшпеді. Алайда арнайы ұялы қосымшалар арқылы Украина жағымен байланысын сақтап отырған оларды оккупанттар анықтап, азапқа салып жатқаны әшкереленді.

Ресейлік оппозициялық "Холод" басылымына адвокат Григорий Крещенецкий жүгінген. Оның баяндауынша, Мариупольдың тұрғыны Дмитрий Лисовецті РФ құрылымдары экстремизмге айыптап, азаптаған. Бұған ер адамның бұрын Украина армиясында қызмет еткені себеп болыпты. Дмитрийдің үстінен РФ қылмыстық кодексінің 208-бабы бойынша қарулы және экстремистік құрылымға қатысқан және 205-бабы бойынша террористік қызметті жүзеге асыру мақсатында содырларды даярлаған деген айыппен қылмыстық іс қозғалды.

Г.Крещенецкийдің түсіндіруінше, РФ құзырлы органдары үшін адамның Украина Қарулы күштерінде Отан алдындағы борышын өтеуінің өзі – айыптауға жетіп жатыр. Ал айыпталушы өзіне қарсы куәлік етіп, айыбын мойындауы үшін қатты азапталған.

Мәскеу және пропаганда Украинаның Қарулы күштерін (ЗСУ) "лаңкестік ұйым" деп күстәналайды. Ресей ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде ЗСУ деген аббревиатураны қолдануға тыйым салынған, оны жазғандар қылмыстық қудаланады. Бұған қоса, ресейлік журналистерге "украиналық жауынгерлер" деген сөзді пайдалануға да шектеу қойылып, оның орнына "содырлар" сөзін қолдану ұсынылғаны белгілі болды.

Адвокатының хабарлауынша, соғыс қарсаңында, 2020–2021 жылдары ЗСУ-да контрактімен қызмет еткен Лисовец биылғы сәуірде қала құлағанда, Мариупольдан шетелге Ресей аумағы арқылы қоныс аударуға талаптаныпты: ол кезде шаһар бірнеше қатар эшелонмен қоршалып жатқандықтан, тек Ресейге көшу ғана мүмкін болған еді. Алайда РФ шекарасындағылар оны ұзақ тергеп, артынша қамауға алған. Ешқандай айып тақпай-ақ, айлап тұтқында ұстаған. Ақыр соңында еш қылмысын таба алмаған соң, "радикалды украин ұлтшылдығы мен орыстарды жеккөру идеологиясын ұстанушы" деген бұлыңғыр айыппен іс қозғапты. Оның қорғаушысы Крещенецкий тергеудің айыбын дәлелдей алмауы себепті Лисовецті қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қарсы шағым түсірген. Дегенмен, дәл қазір Ресейде Фемида анабиоз күйге көшіп, әділдікке жақ болудан қалғаны анық болса керек.

Бұдан бұрын оккупациядағы қала тұрғындардың бірі Ярослав Жук тергеушілердің азаптау жолымен, 17 маусымда Өнеркәсіптік-экономикалық колледжде болған жарылысқа қатыстылығын күшпен мойындатқызғанын журналистерге баяндаған болатын.

Жалпы, Соғысты зерттеу институтының (ISW) тұжырымдауынша, Херсон қаласын жаудан босатқан Украина армиясы Ресей әскерінің Қырыммен байланысын үзіп тастау үшін енді Мелитополь және Мариуполь қалаларын азат етуге кіріспек. Осыны түсінсе керек, Ресей жағы да Мариупольдегі ұзақ қорғанысқа әзірленіп жатыр.

"Novaya Gazeta Europe" журналисі Елена Романованың айтуынша, Херсон қаласын РФ әскері тастап шыққан күні Мариуполь жұртшылығы әлденені күткендей, тыншып қалды.

"Қаладан қашып үлгерген босқын мариупольдықтар туған өлкеге оралу үшін ЗСУ-дан шаһарды тезірек азат етуді сұрап, қоймай қолқалап жатса, ал қалада қалған тұрғындар өз тағдырына үнсіз мойынсұнды: олар жағдай қалай өрбісе де, өздеріне жақсы болмайтынын түсінгендей. Бейбіт тақырыптардан құрылыстар мен кептелістер ғана қалды. Жүк жеткізетін көліктер кептелісте тұр. Қырым көпірі жарылып, зақым келгелі жүк көліктері айналма жолмен жетуге мәжбүр: бағыты Ростов-на-Донудан басталып, Таганрог, Новоазовск, ары қарай Мелитопольға бағыт алады. "Референдумға" және "РФ құрамына қосылуына" қарамастан, Украина шекарасындағы кедендік бақылау бекеттері мен шекаралық өтпелер алып тасталмады: Украинаға сапарлаған барлық машина мұқият тексеріледі. Google Таганрог–Мариуполь трассасында үнемі кептеліс екенін көрсетеді", – дейді Елена Романова.

РФ пропагандасы Мариупольда құрылыс қызу қарқынмен жүріп жатқанын паш етуде. Мұны жергілікті тұрғындар растады.

"Қалада және қаламаңында жол құрылысы күндіз де, түнде де жүргізілуде. Ресейліктер жаңа трассалар салуда. Бірақ біз үшін тырысып жатқан жоқ, әрине. Барлық фура Украинада соғысқан ресейлік әскерилерді барлық керектімен жабдықтауға асығуда. Мысалы, бұлар Мариуполь–Новоазовск трассасын қаланы шабуылдағанда толық қиратқан. 16 сәуірде бізді фильтрацияға тасығанда сондай күйде еді. Бүгінде су жаңа трасса пайда болды. Қаншама жаңа жолдар салып жатыр, барлығы да жүк көліктеріне толып тұр", – деп хабарлады жергілікті тұрғын Николай.

Әскери журналист, "Цензора.нет" басылымының редакторы Юрий Бутусов жермен-жексен етілген қалада жаудың жол құрылысының көрігін қыздыруы бекер емес дейді. Мариуполь трассасының стратегиялық маңызы бар: ол Херсон облысының бір бөлігінде бекінген, сондай-ақ Запорожье атом станциясы мен облыстағы бекіністерді ұстап отырған әскери топтарды қамтамасыз етуде шешуші рөлдердің біріне ие.

"Қарсылас Херсон қаласын жоғалтқан соң, Мариупольдан Запорожьеге апаратын жаңа магистралдар төсеуге белсене кірісті. Жол құрылыстары алда әскери манерлар жасауды жеңілдету үшін де жүзеге асырылуда", – деді Ю.Бутусов.

Сарапшының пікірінше, ресейлік әскерилер ЗСУ-дың енді Донецк және Запорожье облыстарын босату үшін шабуылға көшуін күтуде. Сонда Қырым қоршауда қалып, жөндеу жұмыстары келесі жылға ұзайтын Керчь көпіріне қатты тәуелді болады.

Қырымға шабуыл бағытындағы басты қала Мариупольдің көршісі – Мелитополь болмақ. Сондықтан сарапшылар таяу арада осы екі қала үшін сұрапыл шайқастар басталуы мүмкін деп тұспалдайды. Бутусовтың айтуынша, бұл қырғын ұзаққа созылуы және бейбіт тұрғындардың құрбан болуына да соқтыруы ықтимал. Өйткені Ресей дәл осы қалаларды өліспей, беріспеуге бекінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу