Мария Агапова UFC-дегі екінші жеңісіне қол жеткізді

1107

Мария бұл турнирде өзінің кәсіби мансабындағы рекордтық сыйақыға ие болды.

Мария Агапова UFC-дегі екінші жеңісіне қол жеткізді

UFC  промоушінінде аса жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық Мария Агапова (10-2) екінші жеңісіне қол жеткізді. Лас-Вегастағы (Невада, АҚШ) UFC Vegas 39 турнирінде павлодарлық спортшы колумбиялық Сабина Мазоны (9-3) үшінші раундта  қылқындыру әдісімен жеңді. Бірінші раундта Мазо сегізбұрыштың ортасында билік құрғандай болды. Бірақ Мария оған мүмкіндік бермеді. Агапова Сабинаның 17 соққысына қарсы 54 екпінді соққы жасады. Екінші раундта колумбиялық бірінші кезеңге қарағанда әлдеқайда мұқият болуға тырысты. Алайда қазақстандық спортшы басымдығын сақтап қалды.

Үшінші және шешуші бес минуттықта Мазо белсенді өнер көрсете бастады. Бірақ Мария қарап қалмай, қарсы шабуылдарымен колумбиялық спортшыға есе қайтарды. Агапованың жойқын соққыларының біреуі Мазоның жақ сүйегіне тиіп, оны нокдаунға жіберді. Сәлден соң қазақстандық қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңіп кетті.

Агапова үшін бұл UFC-дегі екінші, ал жалпы кәсіби мансабынадағы оныншы жеңіс. Ал "Колумбия патшайымы" лақап атпен танымал Мазо үшін бұл мансабындағы үшінші жеңіліс болды.

Естеріңізге сала кетейік, Мария соңғы жекпе-жегін 2020 жылдың тамызында өткізіп, америкалық Шейн Добсоннан мерзімінен бұрын ұтылған болатын. Бұған дейін қыздар арасында қазақстандықтардан америкалық промоушеннің негізгі жекпе-жегінде өнер көрсеткен емес.

Сондай-ақ UFC Vegas 39 турнирінің қорытындысы бойынша қосымша сыйақы иегерлері анықталды. Сонымен, үздік жекпе-жек үшін марапат америкалық Маккензи Дерн мен бразилиялық Марина Родригеске бұйырды. Олардың жекпе-жегі төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 49-46, 49-46, 49-46 есебімен аяқталған еді. Ал кеште үздік өнер көрсеткен Мария Агапова мен Лупита Годинез қосымша сыйақы алатын болды. Қазақстандық спортшы колумбиялық Сабина Мазоны "тұншықтыру" әдісімен, ал мексикалық спортшы аргентиналық Сильвана Гомес Хуаресті жеңді. Енді жеңімпаздар 50 мың АҚШ долларынан алады.

Мария бұл турнирде өзінің кәсіби мансабындағы рекордтық сыйақыға ие болды. Ол жалпы есепте 94 000 доллар (20 000 доллар кепілдендірілген сыйақы, 20 000 доллар жеңіс үшін, 50 000 доллар кештегі ең жақсы көрсеткіші үшін, 4000 доллар демеушілер тарапынан ынталандыру бонус) алды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу