Мария Федоренко: Қыздарымыз әлем чемпионатында керемет ойын өрнегін көрсетті

280

Шайбалы хоккейден Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы (әйелдер) Латвия астанасы Ригада өткен IIA дивизионындағы әлем чемпионатында керемет нәтижеге қол жеткізді.

Мария Федоренко: Қыздарымыз әлем чемпионатында керемет ойын өрнегін көрсетті

Өткен жылы қыздарымыз әлем чемпионатында бір-ақ матчта жеңіске жетіп, 5-орынға табан тіресе, биыл күміс медаль иеленді. Осы орайда 18 жасқа дейінгі әйелдер құрамасының бас бапкері Мария Федоренко турнирді қорытындылады.

- Мария Михайловна, Латвиямен жолдастық матч өткіздіңіздер. Бұл матчтың әлем чемпионатында қаншалықты пайдасы тиді? 

- Алғашында біз спарринг-серіктес таңдадық. Өткен жылы олардан 1:2 есебімен минималды есеп айырмашылығымен жеңілгендіктен, Латвия құрамасымен ойнаймыз деп шешім қабылдадық. Біз өз күшімізді тең қарсыласпен бағалап, бұл чемпионатта жүлдеге таласуға мүмкіндігіміз бар-жоғын көргіміз келді.

- Соңғы матчта күміс жүлденің тағдыры шешілді. Жеңіске жетудің басты сыры неде?

- Жеңістің басты сыры - қыздардың жинақылығы. Ойын өте қиын болды. Кейбір ойындарды қысқартылған құраммен ойнауға тура келетінін түсіндік. Менің ойымша, үшінші кезеңде қыздар берілмеді. Оларға күш табуды сұрадым. Қыздар жарады. Керемет ойын өрнегін көрсетті.

- Ұлыбританиямен алғашқы матчты қалай бағалайсыз? Қарсыластың деңгейі қандай?

- Қарсыласымыз тең дәрежеде болды. Ұлыбританияның жаттығуын көріп, өзім үшін аздаған белгілерді байқадым. Алғашқы ойын - әрдайым қиын. Еуропалық әйелдер командаларымен ойнау тәжірибесінің жетіспеуі әсер етті. Көп мүмкіндікті жүзеге асыра алмадық. Мүмкіндіктер болды, бірақ нәтиже осындай болды.

- Өткен маусыммен салыстырғанда жаңа ойыншылар көп пе?

- Бұл маусымда құрамға үш жаңа ойыншы қосылды. София Муравьева, Василиса Шуклина және Зере Жұмаш. Олар 2009-2010 жылдары туған. София Сәтбаев командасында, сондай-ақ "Юность-Грация" командасында ойнайды. Біз тек статистикаға емес, матчтарды да қарадық. Жиындарда да кімнің барынша күш салып ойнайтынын бақылайтын болдық.

- Үш құраманы ірі есеппен жеңдіңіздер. Бұл біздің хоккейшілер деңгейінің өсуі деп айта аласыз ба?

- Жаңа Зеландия төменгі дивизионнан келді. Сондықтан қиындықтар болмауы тиіс деп ойладым. Бірақ, Америкаға жақын орналасқан ел ретінде, олар да дамып келеді. Хоккейшілерді қарсыласын бағаламауға, әрдайым барын салып ойнауға үйреттім. Тайпеймен ойынға келер болсақ, аздап қорықтық, себебі азиялық командалар өте тәртіпті, қатаң және жүйелі ойнайды. Біз жақсы дайындықпен шықтық, 6:0 есебімен жеңсек те, олар біраз қауіпті сәттер ұйымдастырып, гол соғуға тырысты. Нидерланды құрамасын соңғы төрт жылда жеңе алмаған едік. Ал биыл нәтижені өзгерте алдық. Мұндай ірі есепті (11:0) өзім де күтпедім.

- Нидерланды командасы әрдайым ойыншылардың коньки тебу дағдыларымен ыңғайсыз қарсылас болып келді. Бірақ бұл жолы олар бірде-бір шайба соқпады. Қарсылас құрамы әлсіздеу болды ма?

- Құрамды қарап, олардың ойыншылары өткен жылмен салыстырғанда өзгергенін байқадық. Нидерланды құрамасында әрдайым үлкен, ірі ойыншылар болады. Бірақ біз оларды барлық жағынан – ойынға иелік етуде, жылдамдықта басып оздық.

- Чемпионаттың қорытындысы қандай? Нәтиже сіз күткендей болды ма?

- Иә, біз жаздан бастап алғашқы жиынға жиналғанда-ақ алдымызға үлкен мақсат қойдық. Бірінші мақсат - үздік үштікке ену еді. Біз оны орындадық. Әрине, "алтынға" бір қадам қалғанда, бірінші орынды да алғымыз келді. Бірақ, бұл келесі жылға қалсын. Бұл бізге алға ұмтылуға мотивация болады.

- Қай ойыншы биыл ересектер арасындағы әлем чемпионатына дайын деп ойлайсыз?

- Біз қазірдің өзінде София Зубкова мен Виолетта Феоктистованы шақыра бастадық. Менің ойымша, София Муравьева да жоғары деңгейде ойнай алады. Ол өте еңбекқор, хоккей ойлау қабілеті жоғары. Сондай-ақ, София Раковская, Кира Крухольская да бар. Қыздарға уақыт беріп, тәжірибе жинақтату керек. Олар біртіндеп тәжірибелі ойыншылармен бәсекелесе алатынына сенімдімін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу