Марқұмның бейнесін ЖИ арқылы "тірілтуге" бола ма: Мүфтият мәлімдеме жасады

258

Қайтыс болған адамның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандырудың үкімі оның мақсатына байланысты делінген.

Марқұмның бейнесін ЖИ арқылы "тірілтуге" бола ма: Мүфтият мәлімдеме жасады Фото: baribar.kz

ҚМДБ марқұмның бейнесін жасанды интеллектінің көмегімен "тірілтуге" қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Мүфтияттың жазуынша, қазір жасанды интеллект суреттерді өзгертуге, адамның бейнесін қозғалысқа келтіруге және дауысын имитациялауға мүмкіндік береді. 

"Ислам фиқһ негіздері қағидасы бойынша "Бір нәрсеге берілетін үкім оны дұрыс түсініп, мәнін анықтауға байланысты" деп белгіленген. Сондықтан қайтыс болған адамдардың суреттерін жасанды интеллект арқылы қозғалысқа келтірудің үкімі оны қолдану мақсаты мен нақты жағдайына қарай әртүрлі болады", – делінген хабарламада.

ҚМДБ мәлімдеуінше, марқұмның суретін ЖИ арқылы табиғи қимылдарына ұқсас түрде жандандырудың мақсаты оны сағынған кезде еске алу, көңіл жұбату және жақын адамын жақсы естеліктермен еске түсіру болса, мұндай технологияны қолдануға рұқсат етіледі. Себебі бұл әрекеттің мақсаты шариғатқа қайшы емес және онда тыйым салынған нәрсе жоқ. 

"Егер марқұмның бейнесін ЖИ арқылы жандандыру адамның шынайы өмірден алшақтауына, өткен шаққа байланып қалуына, қайғысын қайта күшейтуіне немесе Алланың өлім туралы белгілеген тағдырына іштей қарсылық сезімін тудыруына себеп болса, мұндай әрекетке тыйым салынады. Өйткені бұл адамның өзіне және оның жақындарына рухани әрі психологиялық зиян келтіруі мүмкін", – делінген мәлімдемеде.

Бұдан бөлек егер суретті жандандырудың мақсаты марқұмға көзі тірісінде айтпаған сөздерді айтқызу, оған тиесілі емес пікірлерді телу немесе жалған ақпарат тарату болса, мұндай әрекетке қатаң түрде тыйым салынады. Себебі бұл ақиқатты бұрмалау және қайтыс болған адамға қатысты өтірік айту болып саналады. 

"Әсіресе кейбір жағдайларда мұндай технологиялар өзгертілген бейнелерді коммерциялық жарнамаларда пайдаланып, өнімді шынайы емес түрде насихаттау үшін қолданылуы мүмкін. Бұл адамдарды алдау және олардың мал-мүлкін әділетсіз жолмен иеленуге әкеледі. Ал шариғатта бұған тыйым салынған", – деп жазады мүфтият.

ҚМДБ жазуынша, қайтыс болған адамның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандырудың үкімі оның мақсатына байланысты. Егер ол марқұмға айтпаған сөздерді айтқызу, жалған ақпарат тарату, шындықты бұрмалау немесе адамға рухани зиян келтіру үшін қолданылса, шариғат бойынша тыйым салынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу