Мароккодағы соңғы 60 жылдағы ең қауіпті жер сілкінісінен аман қалғандар азық-түлік, ауыз су және баспана табу үшін жанталасып жатыр. Ал алыстағы ауылдарда із-түзсіз жоғалғандарды іздеу операциялары бір сәтке тоқтамай отыр. Құрбандар саны болса, 2100-ден асып кеткен. Қаза тапқандар одан әрі көбеюі мүмкін.
Жұма күні кешке болған 6,8 балдық жер сілкінісінен кейін, көптеген адам үшінші түнді ашық аспан астында өткізді. Ал гуманитарлық ұйымдар үшін шалғайдағы Атлас таулары бөктеріндегі жермен-жексен болған ауылдарға жету қиынға соғып отыр.
Мемлекеттік телеарнаның хабарлауынша, қайтыс болғандар саны 2122-ге жетіп, 2421 адам жараланған. Марокко үкіметі басқа елдердің көмек жайлы ұсыныстарын қабылдауы мүмкін екенін және қажет болған жағдайда сол жәрдемді үйлестіру үшін жұмыс істейтінін мәлімдеп отыр.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, зілзаладан Марокконың мәдени мұраларының қатарына енген 12-ші ғасырдағы тарихи мешіт те қираған. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген көне Марракеш қаласының бір бөлігі де зақымданды.
Марракештен оңтүстікке қарай 40 шақырым жерде орналасқан Моулай Брахим ауылында тұрғындар қайтыс болғандарды үйінділердің астынан жалаңаш қолдарымен қалай қазып алғанын айтып берді.
"Олар қажетті көмекті дер кезінде ала алмады, сондықтан қайтыс болды. Мен балаларымды құтқарып алдым", – дейді Аднай есімді азамат "Рейтер" агенттігінің тілшісімен болған әңгімеде.
Ал 36 жастағы Ясин Ноумгар болса, ауыз су, азық-түлік және электр қуатының тапшылығына шағымданып, осы уақытқа дейін биліктен мардымсыз ғана көмек алғанын айтып берді.
"Біз бәрін жоғалттық, үйден айырылдық. Үкіметтің көмектескенін қалаймыз", – дейді Ноумгар.
Саз кірпіштен, ағаштан немесе цемент пен шлакоблоктардан салынған үйлердің көбі оңай құлады. Бұл – Мароккодағы 1960 жылдан бергі ең жойқын жер сілкінісі.
Құтқару жұмыстарына жұмылдырылған әскерилер баспанасыз қалғандар үшін шатырлар құрды. Ал дүкендердің көпшілігі зақымданған немесе жабылған. Сондықтан тұрғындар азық-түлік пен керек-жарақты қайдан аларын білмей отыр. .
"Маған бір адам азғантай тамақ берді, бірақ жер сілкінісінен бері азықсыз отырмыз. Мұнда бірде-бір дүкеннің ашылғанын көрмейсіз",– дейді Мұхаммед Неджар есімді жұмысшы.
Жер сілкінісінің эпицентрі Марракештен оңтүстік-батысқа қарай 72 км жерде, 18 жарым шақырым тереңдікте анықталды.
Жергілікті үкімет жер сілкінісінен зардап шеккендер үшін қор құрғанын хабарлады. Сонымен қатар, корольдік билігі іздеу-құтқару жасақтарын күшейтіп, елді ауыз сумен қамтамасыз етіп, азық-түлік, шатырлар және көрпелер таратып жатқанын мәлімдеп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, табиғи апаттан 300 мыңнан астам адам зардап шеккен.
Шетелден көмек
Испания Мароккоға 56 офицер мен төрт иісшіл иттің барғанын және кейіннен тағы 30 адам мен төрт иттен тұратын екінші топ Солтүстік Африкаға бет алғанын хабарлады. Ұлыбритания болса 60 іздеу-құтқару маманы мен төрт итті, сондай-ақ төрт адамнан тұратын медициналық бағалау тобын жіберетінін жариялады. Катар да іздеу-құтқару тобының Мароккоға аттанғанын мәлімдеп отыр.
АҚШ президенті Джо Байден жер сілкінісінен "адамдардың қаза тапқанына және үйлердің қирағанына өкініш білдірді".
"Біз Марокко халқына кез келген қажетті көмек көрсетуге дайынбыз", – деді Байден Вьетнамның Ханой қаласында өткен баспасөз мәслихатында.
Америкалық өкілдердің айтуынша, Құрама Штаттар жіберген табиғи апаттар жөніндегі сарапшылардың шағын тобы жағдайды бағалау үшін жексенбі күні Мароккоға жеткен.
Франция көмектесуге дайын екенін және Мароккодан ресми өтініш күтіп отырғанын атап өтті.
Көмек ұсынған өзге елдердің ішінде ақпанда алапат жер сілкіністерінен 50 мыңнан астам адам жоғалтқан Түркия да бар.
"Алдағы екі-үш күн үйінділер астында қалған адамдарды табу үшін өте маңызды", - дейді Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясының (IFRC) жаһандық директоры Кэролайн Холт "Рейтерге" берген сұхбатында.