Мартиросян Головкиннің соққысына төтеп бере ала ма

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2840

Біздің уақытпен жексенбі, 6 мамыр күні таңертең Геннадий Головкин кәсіпқой бокс рингіндегі 39-ыншы жекпе-жегін өткізеді.  

Мартиросян Головкиннің соққысына төтеп бере ала ма

Головкиннің 5 мамыр күні өтетін жекпе-жегінің "жыры" ұзаққа созылды. Негізі, Геннадий Мексика майталманы Сауль Альварес "Канеломен" кездесуі керек болатын. Бірақ Канело допинг тексерістен өткенде, оның ағзасынан тыйым салынған дәрі-дәрмек (кленбутерол) табылып, Невада штатының спорттық комиссиясы жарты жылға кәсіпқой бокстан аластатты.

Содан Геннадий Головкиннің (37-0-1, 33 KO) командасы оған шұғыл түрде басқа қарсылас іздеуге көшті. Өйткені Головкин өткен жылғы 16 қыркүйектен бері әлі рингке шыққан жоқ. Уақыт болса, өтіп жатыр. Сөйтіп, "жекпе-жек бәрібір 5 мамырда өтеді" деп, зыр қақты. Басында бірнеше боксшының есімдері аталғанымен, ақыры 32 жастағы Ванес Мартиросянға (36-3-1, 21 KO) тоқталды.

Кәсіпқой бокс әлеміндегі мамандар мен жанкүйерлердің бірсыпырасы бұған риза болмай, кейіс білдірді. Өйтпегенде ше?! Канелодай жұдырығы жуан тарланбозбен қиян-кескі айқасын сарыла күткендердің, делебесі қозғандардың көңілдері толмады. Олардың ойынша, Мартиросян біздің Головкинге лайықты қарсылас емес. Осы ретте, тамырында армян қаны соққан Америка боксшысының шаршы алаңдағы көрсеткіштеріне атүсті тоқталып өтсек.

Ванес Мартиросян 1986 жылы 1 мамырда Абовянда (Арменияда) туған. Төрт жасында оның отбасы Калифорниядағы Глендейл қаласына қоныс аударған. Жеті жасынна бастап спортпен айналысқан. Кезінде әкесі де боксшы болған. Әуесқой бокстағы жетістігі ретінде 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарына қатысқанын бөле-жара атап өтуге болады (69 келіде, екінші айналымда Куба қабыланы Лоренсо Арагоннан ұтылып қалған). Ғаламтордағы мәліметтерге сенсек, АҚШ чемпионатында сегіз рет топ жарған.  

Кәсіпқой боксқа 20 жасында ауысып, алғашқы жекпе-жегін 2005 жылдың 8 сәуірінде өткізген. Бастапқы 18 кездесуін рейтингтері төмен боксшылармен өткізіп, үстемдік танытқан. Соңғы жекпе-жегін осыдан екі жыл бұрын өткізіп, ұтылып қалған. Нақтырақ айтқанда, 2016 жылы 21 мамырда Куба қабыланы Эрисланди Лараға есе жіберіп алған. Бұл оның – үшінші жеңілісі. Бұған дейін Деметриус Андраде (9.11.2013) және Джермелло Чарло (28.03.2015) сынды боксшылардан ұтылып қалған болатын.

Енді бір көңіл аударарлық жәйт, Мартиросян кәсіпқой бокстағы жекпе-жектерінің көбісін бірінші орта салмақта (154 фунт, 69,85 келі) өткізген. Тіпті дәл осы салмақ дәрежесінде бірде-бір рет жеңілмеген. Ал орта салмақта (160 фунт, 72,524 келі) 10-ыншы рет рингке шықпақ. Әрі соққысы қуатты Головкинмен айқаспақ. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, екі жыл рингке шықпай, Ванестің салмағы біраз өсіпті.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу