Масаншыдағы қақтығыс неден басталғаны белгілі болды

45793

Екі көлік жолды бөлісе алмай қалған.  

Масаншыдағы қақтығыс неден басталғаны белгілі болды

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Жамбыл облысы, Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздік қалай басталғанын түсіндірді.

"Қақтығыс 5 ақпан күні екі ауыл тұрғындары арасында болды. Бұл қақтығыс тұрмыстық жанжалдан басталды. Қазір жанжалға қатысқан бір адам тұтқында отыр, басқаларын ешқайда кетпеу туралы тілхат бергеннен кейін босаттық. Жанжалға екі жақ та қатысты. Оқиға былай басталды: ауыл ішінде бір көлікте үш адам келе жатады, сол кезде үлкен жүк көлігі үйінен жолға шығады да көшені жауып қалады. Яғни, жолды бөлісе алмай қалған. Нәтижесінде дауласып, аяғы төбелеске ұласады. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жетіп, жанжалды тоқтатты", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Алексей Калайчиди жанжалдың неліктен 7 ақпан күні жалғасқанын айтты.

"Адамдар әлеуметтік желілер арқылы хабарламалар тарата бастады. Әлеуметтік желілердің жақсы жағы болғанымен, қиыншылықтарға да әкеледі. Адамдар жазбалары қайда апарып соғатынын ойланбастан таратты. Нәтижесінде оқиға орнында болмаған елдің басқа өңірлеріндегі жастар да, жасы ұлғайған азаматтар да елді дүрліктірді. Қазір арандатушылыққа әкелген хабар таратқандарды ұстап жатырмыз", – деп ІІМ өкілі халықты тек тексерілген ақпаратқа ғана сенуге шақырды.

Ішкі істер министрінің орынбасары ауылда қанша көлік өртенгеніне тоқтала кетті.

"Ауылда жеңіл машина, жүк көліктерін санағанда 41 автокөлік өртенді. Оларды кімнің көлігі екеніне қарамастан жаға берген. Көліктер шиеленіс аумағында тұрғаны үшін ғана өртенді деп ойлаймын", – деді ол.

Соңғы мәліметтер бойынша, қақтығыс салдарынан бүгінігі күні 165 адам зардап шеккен. 50 адам емханаға жатқызылды. Қаза болғандар саны 10 адам. 8 адам оқиға орнында қаза тапса, 2 адам алған жарақаттарынан емханада қайтыс болды. Жарақат алған 39 адамның бесеуі полиция қызметкері. Үшеуіне оқ тиген. Полицейлер халыққа қарсы қару қолданбаған.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу