Машина жасау саласының әлеуеті қандай?

12062

Салада 3 007 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 63-і – ірі, 102-сі – орта және 2 842-сі – шағын кәсіпорындар.

Машина жасау саласының әлеуеті қандай?

Машина жасау Қазақстан үшін индустрияландырудың негізгі діңгегі. Экономиканың өзге бағыттары белгілі бір деңгейде дәл осы салаға тәуелді. Машина жасау агроөнеркәсіп, энергетика, металлургия, көлік секілді іргелі секторлардың жұмысын жандандырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.ғ

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы машина жасау кешені тарихи тұрғыдан алғанда өте қысқа мерзім ішінде құрылған. Мәселен, Қазақстан машина жасаушылар одағының мәліметінше, бүгінде еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі бұл саланың үлесі 14 пайызды, ал жалпы өнеркәсіптегі үлесі 7 пайызды құрап отыр.

"QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ салалық даму дирекциясының басшысы Әсет Адахаевтың айтуынша, машина жасау өнеркәсіп салалары арасында қосылған құны жоғары өнім ұсынуда жетекші орынға ие. Химия және фармацевтика өнеркәсібімен қатар, машина жасау саласы да экономиканы сапалы әртараптандырудағы ең бір әлеуетті бағыт болып саналады. Мұнда құрылған бір жұмыс орны автоматты түрде тікелей байланысы бар өзге салаларда бес-алты жұмыс орнының пайда болуына жол ашады.

QazIndustry орталығының дерегіне сүйенсек, 2009-2020 жылдар аралығында машина жасау саласындағы өндірістің қаржылық көлемі 6,4 есе өсіп, рекордтық деңгейге жеткен – 1,8 трлн теңге.

Индустрияландыру жылдарында машина жасау саласында жаңа тауарлар пайда болды. Бұл қатарға электровоздарды, жолаушылар вагондарын, қуаты аз тракторларды, автотіркегіштер, пресс-жинауыштарды, желдеткіш жабдықтарды, темір жол дөңгелектерін, осьтер мен темір жол саласына арналған басқа да жиынтықтауыштарды жатқызуға болады. Бұдан бөлек, өндірісі Орталық Азия нарығы үшін бірегей болып саналатын қуатты трансформаторлар, модемдер мен коммутациялық жабдықтар және тағы басқа да өнім бар.

"Қазақстанның машина жасау саласы қосылған құнмен жаһандық өндірістік тізбектерді құруда үлкен әлеуетке ие. Мұндай әлеует 90-жылдары болған жоқ. Енді, міне, қазіргі уақытта бірқатар отандық кәсіпорын әлемдік машина жасаудағы ірі брендтермен бірлесіп жұмыс істейді", – дейді Ә.Адахаев.

Былтырғы дерекке сүйенсек, машина жасау саласында 3 007 кәсіпорын тіркелген. Оның 63-і – ірі, 102-сі – орта және 2 842-сі – шағын кәсіпорындар. Индустрияландыру бағдарламасы шамамен 14,2 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ең ірі кәсіпорындар қатарында "СарыарқаАвтоПром" ЖШС, "Степногорск ЕПК" АҚ, "Қайнар-АКБ" ЖШС, "Кентау трансформатор зауыты" АҚ, "Агромашхолдинг KZ" АҚ, "Атыраумұнаймаш" АҚ, "Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ және "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" АҚ бар.

Индустрияландыру бағдарламасы қабылданғанға дейін сала кәсіпорындарының саны 1 700-ден аз болды. Іс жүзінде машина жасау өндірістерінің саны 10 жылда 76,8 пайызға өсті. Индустрияландыру жылдарында салаға құйылған инвестициялар ағыны 565,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте былтыр 74,3 млрд теңге тартылған.

Қазақстандағы машина жасау өндірісі ішкі нарыққа бағдарланған. Соған қарамастан, индустрияландыру жылдарында машина жасау өнімдерінің экспорты көлемі айтарлықтай өсті. Мәселен, 2009 жылдан бері экспорт көлемі 3,3 есе өскен. 2009 жылы экспорт көлемі 395,3 млн долларды құраса, былтыр 1 309,4 млрд долларға жеткен. Өткізу нарықтары да кеңейтілді. Еуразиялық экономикалық одақтан бөлек, отандық өнімдер Әзербайжан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Бенин, Люксембург, Мажарстан секілді таяу және алыс шетелдерге экспортталады. Экспорттың негізгі бөлігін электр жабдықтары, мұнай-газ машина жасау секторы, темір жол техникасы өнімдерін жеткізу құрайды.

Автоөнеркәсіптің экспорты 2020 жылы 8 122 бірлікті құрады. Экспорттың негізгі бағыты – Өзбекстан мен Ресей. 2010 жылы біз тек 3 машинаны экспорттаған екенбіз. Біздің автоөнеркәсіп әзірше ішкі нарықты қанағаттандыруға бағытталған. Осы күнге дейін 77 400 автомобиль жиналды, со­ның тек 8 122-сі ғана экспортқа кетті. Биыл автомобиль жасау көлемін 100 мыңға дейін жеткізу жоспары тұр.

Машина жасау саласын тілге тиек еткенде, кадр мәселесіне мән беру маңызды. Бұл ретте Korn Ferry зерттеуіне назар аударған дұрыс. Зерттеу нәтижелері бойынша 2030 жылға қарай дамыған елдерде мамандардың тапшылығы айқын сезілмек. Түрлі бағалаулар бойынша аталған жағдай әлемдік экономиканың баяулауына алып келеді және шамамен 8,5 трлн доллар көлемінде шығынға ұшыратады. Түптеп келгенде бұл барлық саладағы технологияның баяулауына кері әсер етеді. Сондықтан Korn Ferry сарапшылары кәсіпорындарды кадрлық әлеуетті арттыруға шақыруда.

Бүгінгі таңда өзге салалар секілді машина жасау бағыты да біліктілігі жоғары кадрлардың жетіспеушілігі мәселесімен бетпе-бет

келіп отыр. Тапшылық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды дамыту мен жаңғыртуға, жаңа өндірістер мен жаңа технологиялық құрылыстың пайда болуына байланысты қалыптасуда. PriceWaterhouseCoopers ел аумағындағы 60 кәсіпорынға сауалдама жүргізген екен. Олардың 90 пайыздан астамы білікті кадрлардың тапшылығы бар екенін айтқан. Атап өтерлігі, бұл мәселе кәсіпорындар белгіленген проблемалардың ішінде бірінші орында тұр.

Өткен 10 жыл ішінде мемлекеттің басымдықтары машина жасау кәсіпорындарын қолдауға арналды. Индустрияландырудың үшінші кезеңі экспортқа басымдық беретін жобаларды дамытуға бағытталған. Сондықтан таяудағы бес жылда мемлекеттің назары мен қолдау шаралары әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығара алатын нақты кәсіпорындарға қатысты болмақ.

Үкімет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өнеркәсіп салаларының алдына үшінші бесжылдықта елеулі индикаторларға қол жеткізу міндетін қойып отыр. Атап айтқанда, 2020-2025 жылдары экспорт көлемі екі есе, еңбек өнімділігі 1,6 есе, негізгі капиталға салынған инвестиция 1,6 есе өсуі тиіс.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу