Мәсімов пен оның орынбасарларына қандай айып тағылды

Төңкеріс жасау әрекеті мұқият жоспарланып, дайындық бір жыл бұрын жасырын түрде жүргізілген. 

Мәсімов пен оның орынбасарларына қандай айып тағылды Фото: google.com

Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс отырысында жасаған баяндамасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына нақты қандай айыптар тағылғанын мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.

Оның айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты іс "аса құпия" режимінде тергеліп жатыр. 

"Материалдарды жариялауға шектеу қойылған. Өйткені онда мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Қылмыстық іс қазір сотта қаралып жатыр", – деп нақтылады Берік Асылов.

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Әнуар Садықұлов: 
- мемлекетке опасыздық жасау;
- билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер;
- лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша сотқа берілді.

Тағы бір бұрынғы орынбасары Ерғожин:
- билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер;
- лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша айыпталуда. 

Сондай-ақ ҰҚК-нің бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына  қызмет бабын асыра пайдалану айыбы тағылып отыр.

"Басқа ақпаратты ашып айта алмаймын, құқығым жоқ. Олар алдын ала бір жыл бойы жасырын дайындық жүргізгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған", – деді Асылов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу