Бұл туралы DW ақпарат агенттігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бір ғана мысал, Tesla акциялары бірнеше сағат ішінде 15%-ға, яғни 322 доллардан 275 долларға дейін түсіп кеткен. Ал Trump Media & Technology Group акциялары 11%-ға – 21,8 доллардан 19,3 долларға дейін арзандаған. Еске салайық, Трамп компаниясы биржада америкалық президенттің инициалдарымен сәйкес келетін DJT тикерімен белгіленген.
Илон Маск әлеуметтік желіде Дональд Трамппен "Күніңіз жақсы өтсін, DJT!" деп сарказммен қоштасты.
Бұған дейін белгілі болғандай, жанжалға Трамптың Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуіндегі мәлімдемесі себеп саналды.
Ол Масктың үкіметтің ауқымды шығындары туралы заң жобасын сынауына көңілі толмайтынын ашық айтты. Трамп сондай-ақ, миллиардердің талабы электромобильдерге берілетін субсидиялардың қысқаруымен байланысты екенін шамалаған.
Маск та бұған қатаң жауап қатты. Ол Трамптың сөзін "өтірік" деп, өзінің қолдауы болмағанда республикашылдардың сайлауда жеңіліп қалатынын алға тартты.
Әлемдік миллардер кейін жаңа саяси партия құруды ұсынды. Бұл ой-пікірін шамалау үшін X әлеуметтік желісінде сауалнама жүргізген. Бір қызығы, қатысушылардың 80%-дан астамы бұл идеяны толық қолдаған. Ол Трамптың отставкаға кетуін және лауазымын вице-президент Джей Ди Вэнске тапсыруын да құп көреді.