"Мәскеу "Азовстальді" шабуылдамауға уәде берді, бірақ алдады"

10005

Жермен-жексен болып қираған, қоршауда қалған қаланың тұрғындары ит-мысық атаулыны жеп тауысқан, аштық жайлауда. Бункерлерде, тұрғын үй жертөлелерінде қанша адамның тығылып жатқаны белгісіз.

"Мәскеу "Азовстальді" шабуылдамауға уәде берді, бірақ алдады"

Украина тарапының дерегінше, Мариупольде 20 мыңнан астам тұрғын қаза тапқан. Мыңдаған адам бомбапаналар мен көпқабатты үйлер астындағы жертөлелерде, бір бөлігі – қала ішіндегі қамалға айналған "Азовсталь" зауыты кешенінде бас сауғалаған.

Ертең, 24 сәуірде православтар, соның ішінде Украина мен Ресей Пасха мерекесін атап өтеді. Осыған орай Украина тарапы "пасхалық бітімге" келіп, жасырынған тұрғындарды қаладан шығарып әкетуге гуманитарлық дәліз сұраған. Ресей тарапы бастапқыда келіскен сыңай танытты. Тіпті тұрғындар мінген бірер автобустың шығуына рұқсат еткен. Содан кейін блокаданы қайта бітеп тастап, көліктерді аттап бастырмай тастапты.

Осының алдында, 21 сәуірде РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу президент В. Путинге ресейлік әскерилердің Мариуполь қаласын басып алғанын баяндады. Ресейге іргелес бой көтерген бұл украиналық қала үшін Украина және Ресей күштері бір айдан бері шайқасуда.   

"Ұлтшылдар құрылымдарының қалдықтары "Азовсталь" өнеркәсіптік зауыты аумағында жасырынды. "Азовстальдегі" жұмыстарды аяқтауға шамамен 3-4 күн қажет болады", – деді Шойгу.

Бірақ оның сөзін үзген В. Путин зауыт аумағын шабуылдауды "орынсыз" деп атап, оны тоқтатуды тапсырды.

"Біздің офицерлер мен солдаттардың өмірі мен денсаулығын сақтау жайын ойлауымыз керек. Ондағы жерасты катакомбаларға түсудің қажеті жоқ. Босқа қырғынға ұшырайды. Оның орнына зауыттың бүкіл өнеркәсіптік аймағын жан-жағынан шыбын өте алмастай етіп тығындап тастаңдар!", – деді Ресей басшысы.

Оның ойынша, азығы таусылып, әбден ашыққан украиналық жауынгерлер мен бейбіт тұрғындар қолдарын көтеріп, өздері беріледі. Осыдан кейін ресейлік ақпарат құралдары Ресей әскерінің үлкен бөлігі Мариупольден кетіп жатқанын көрсетті.

Дегенмен ізінше "Азовстальді" шабуылдау жалғасқаны мәлім болды. Украина Президенті кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович "Путиннің тағы да алдағанын" мәлімдеді.

"Ресей өз әскерлерінің бір бөлігін шығарып, Украинаның солтүстігіндегі, Изюм қаласы түбіндегі майданда шайқасып жатқан әскерлеріне көмекке аттандырды. Бірақ Мариуполь Ресей әскерінің терең тылында қоршауда қалып қойды. Біздің әскеріміз одан 150 шақырымдай қашықта жатыр. Ол жақтағы жағдай күрделі. Бұл – бір. Екіншіден, Мариупольда қалған Ресей әскері блокаданы сақтап қана қоймай, "Азовстальға" қарсы соғысты жалғастырды. В. Путиннің "Азовстальді" шабуылдамаңдар деген бұйрығы орындалмады. Путин де, Шойгу де әдеттегідей алдап соқты", – деді УР Президенті кеңсесінің кеңесшісі.

Ол "Азовсталь" өнеркәсіптік аймағында көптеген бейбіт тұрғын, соның ішінде балалар тығылғанын, сонымен бірге украиналық жаралы жауынгерлер көп екенін жеткізді.

"Жағдайының аса күрделі екеніне қарамастан, біздің Отан қорғаушыларымыз өнеркәсіптік аймақтан жасырын шығып, жауға соққы беруін жалғастыруда. Бір түнде дұшпанның бірнеше БТР-ын жарып жіберді. Біз оларды қоршаудан алып шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Атап айтқанда, келіссөздер, саяси-дипломатиялық жолмен олардың бәрін босатып алу мүмкін болады деген үміттеміз. Осы бағытта қызу жұмыс істеудеміз. Бізге қаһармандарымыздың шейіт болғаны керек емес, бізге олардың және тұрғындардың бәрінің аман-есен арамызға қосылғаны қажет. Әскери, әскери емес жолдармен оларды алып кетудің қамын жасауға тырысамыз. Бірақ өмір шындығы деген бар, ол блокаданы бұзып кіруге мүмкіндік бермей тұр", – деді Украина Президенті кеңсесінің өкілі.

Мұның алдында Украина басшысы Владимир Зеленский Киевке сапарлап келген Испания және Дания премьерлерімен кездесуден кейін БАҚ-қа берген баспасөз мәслихатында Мариупольдің блокадасын бұзу жолдары қарастырылып жатқанын хабарлады.

"Жалғыз Мариуполь ғана емес, блокадада қалған басқа да қалаларымыз өкінішке қарай көп. Мариуполь қаласын блокададан босатудың бірнеше жолы пысықталуда. Әскери жолы да бар. Бірақ оған біраз дайындалу керек. Біз қуатты, сұрапыл соққы беруге дайындалудамыз. Бұл жерде шетелдік серіктестеріміздің көмегі қажет. Өз бетімізбен оны жасау күрделі болады. Бізге шабуылға арналған қару-жарақ, техника керек. Екінші жолы – дипломатиялық. Ол әскериге қарағанда тезірек жүзеге асуы мүмкін. Біз тікелей, болмаса, араағайын елдер арқылы екі жақтың өзара тұтқын алмасуының бірнеше нұсқасын ұсындық. Біз дайынбыз!", – деді Зеленский.

Ізінше ол Ресейден адамгершілік пен гуманизмді күту қиын екенін қосты.

Жалпы Мариуполь мэрі Вадим Бойченко 23 наурызда қаланы тастап шығыпты. Ол қалада қалып қойған ондаған мың тұрғынды эвакуациялаудың неге қиын екенін түсіндірді.

"Олар тығылған жерлерінен шыға алмайды, өйткені тоқтаусыз соққы берілуде. Бейбіт тұрғындар сыртқа шықса, бораған оқтың астында қалар еді. Оның үстіне артиллериямен, "Градпен", авиациямен бомбалауда. Сондықтан амалсыз, жерастында тіршілік етуге мәжбүр. Арасында жаңа туған сәбилер бар. Олардың бәрі шығуы үшін атыс тоқтатылуға және оларды көшелермен өту, автобустарға отыру кезінде, яғни көздеген жеріне жеткенше, Ресей әскері немесе басқа құрамалары жолай атып тастамайтынына кепілдік берілуге тиіс. Осыдан екі күн бұрын басқыншылдар тұрғындардың үлкен көлемі Украина қоластындағы қалаларға кете алатынын хабарлады. Шынында үлкен көлемде автобустар жіберілді. Алайда соның төртеуі ғана бері қарай жете алды. Қалғандары қайда жоғалып кеткенін, ондағы адамдардың тағдыры не болғанын білмейміз", – деді В. Бойченко.

Ресей тарапының дерегінше, "Азовсталь" аумағында бейбіт тұрғындарды қоспағанда, шамамен 2 мыңнан аса украиналық жауынгер паналаған. Ресей армиясы ол аумақты 3 тонналық аса ауыр авиабомбалармен бомбалады.

Мариупольдегі "Азовсталь" – Украинадағы кеңес кезінен бері жұмыс істеген аса ірі металлургиялық комбинат саналатын. 21 наурызда Шешенстанның басшысы Рамзан Кадыров шешен әскерилері "Азовсталь" зауытын басып алып, "ұлтшылдардан тазартып" шыққанын хабарлады. Екі апта өткеннен кейін, 4 сәуірде ол шешен жауынгерлерінің зауыт аймағына шабуылдап жатқаны бейнеленген бейнежазбаны жариялады. Бірер күн өткен соң ол "Азовсталь" аумағын паналаған украиналық күштерге "Голливудтың барлық жанрлары бойынша" ақырзаман тудыратынын және "хеппи-энд" болмайтынын айтып, доқ көрсетті. 12 сәуірде Кадыров "Азовстальдегі" кезекті шайқастың тағы бір видеосын көрсетті: онда оның жауынгерлері әлдебір нысанаға оқ атқылап, тіпті граната лақтырды.

Алайда ақыр соңында аталған зауыт оңай алынатын қамал еместігі анықталды. 16 сәуірде ресейлік ТАСС тілшісі Мариупольде "украиналық ұлтшылдардың" қарсыласу ошағы ретінде сол бұрынғыдай "Азовсталь" зауының аумағы саналатынын, ресейлік әскерлер ішке ене алмағанын, барлық шайқас тек кәсіпорынның шетінде жүріп жатқанын хабарлады. 19 сәуірде Шешенстан басшысы украиналық жауынгерлерді "дәл бүгін, кеш қарайғанша бірін қалдырмай қырып салуға және "Азовстальді" тартып алуға" уәде етті. Ал 21 сәуірде В. Путин шабуылды тоқтатуды бұйырды. 

РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенковтің мәліметінше, онда қорғанған украиналық күштердің жалпы саны 2,5 мың адамнан аспайды. Кадыров Telegram-да ол жерде сондай-ақ 200-300 шетел азаматы барын жеткізді, бірақ олардың қандай елдердің азаматы екенін нақтыламады.

Украина вице-премьері Ирина Верещуктің дерегінше, "Азовсталь" комбинаты аумағына шамамен 1 мыңдай бейбіт тұрғын, соның ішінде балалар және 500-дей жаралы жауынгер бар.

Алексей Арестовичтің түсіндіруінше, азық таусылмаса, жауынгерлер "Азовсталь" аумағында айлар бойы қорғана алатын еді.

"Оның астында бірнеше деңгейлі алып туннельдер, өтпежолдар, бункерлер жасақталған. Онда әскери ауыр техникалар бар. Мысалы, 20 сәуірде "Азов" полкі Ильич атындағы зауыт аумағын паналаған шекарашыларымыз, теңіз әскері жауынгерлері мен полицейлерімізді "Азовстальға" эвакуациялау бойынша арнайы операцияны табысты жүргізді. Сонда "азовтықтар" БТР-лармен Мариуполь көшелерімен қозғала отырып жеткен және оларды жаралыларымен бірге алып кеткен", – деді УР Президенті кеңсесінің кеңесшісі.

Украиналық дереккөздердің хабарлауынша, соғыс қарсаңында әскерилер "Азовсталь" бункерлерінде бірнеше айға жететін қару-жарақ пен азық-түлік қорын жасапты. Дегенмен ол жерге бейбіт тұрғындардың да тығылуы жағдайды қиындатқан, азық тезірек таусылған деседі.

The New York Times хабарлауынша, 90 жылдық тарихы бар, қазір украиналық олигарх Ринат Ахметовке тиесілі "Метинвест" тау-кен металлургиялық компаниялар тобына кіретін "Азовсталь" зауыты жасаған болаттан АҚШ, Ұлыбританиядағы аспанға мойынсұнған біраз биік ғимарат тұрғызылды. Зауыттың өнеркәсіптік аймағының өзінде бейбіт күндері 10 мыңдай адам жұмыс істеген.

"Азовсталь" – орасан зор зауыт, аумағы жөнінен қала ішіндегі қала. Оның ішінде төл коммуникациялары, жолдары, жерасты жолдары бар. Объект кеңес заманында тұрғызылған және дүниежүзілік соғыс бола қалса, бомбалаудан, блокададан қорғануға жағдай жасалған. Оның кейбір бөліктері тіпті ядролық соққыдан қорғануға арналған", – деп баяндады мойындалмаған ДХР үкіметі басшысының кеңесшісі Ян Гагин.

Зауыт жұмысшыларының бірінің дерегінше, "Азовстальдің" астында терең, жерасты лабиринттері жасақталған. Оның ішіне жүк көліктері де еркін кіре алады. Бетон төбелерінің қалыңдығы кей жерінде 3 метрге барады. Жертөлелері 4 қабатқа дейін төменге кетеді. Кейбір құпия орындары одан да терең, шамамен 100 метрден әрі ұзайтын көрінеді. 

Зауытқа ие компанияның басылымы Metinvest media ирелеңдеген тоннельдердің ұзындығы шамамен 24 шақырымды құрайтынын жазды.

Осының алдында Украина Президенті Владимир Зеленский егер Мариупольде қалған Отан қорғаушыларды Мәскеу қырып тастайтын болса, Киев барлық келіссөздерді тоқтататынын мәлімдеді.

Егер Киев амалын тауып, азық-түлік пен қару-жарақ жеткізе алмаса, қаладағы украиналық әскерлердің ұзаққа шыдауы неғайбыл.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу