Мәскеу Қазақстанның ақпарат айдынында өз цензурасын енгізе ме?

1986

Қазақстандық басылым Украинадағы соғыс туралы жаңалықтарын "Роскомнадзор" талабымен жоюдан бас тартты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мәскеу Қазақстанның ақпарат айдынында өз цензурасын енгізе ме? Фото: whatisyournameinsider.com

РФ Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар салаларын қадағалау жөніндегі федералдық қызметі (Роскомнадзор) солтүстік көршіде Ресей әскерінің, билігінің абыройын айрандай төгуі мүмкін ақпараттарды тауып, соларды жойғызуға күш салатын орган саналады. Яғни, бас цензор.

Ол енді Қазақстанның ақпарат айдынына қол сұға бастағанға ұқсайды. Атап айтқанда, Роскомнадзор Украинадағы соғыс туралы бірнеше жаңалықтары өзіне ұнамайтынын білдіріп, қазақстандық "Власть" басылымынан оларды жоюды талап етіпті. Бұл туралы редакцияның өзі жария етті.

Роскомнадзор оған "Украинаға ресейлік басқыншылық туралы жаңалықтарды сайттан алып тастау талабы" бар бірнеше хабарлама бағыттаған екен.

Атап айтқанда, Мәскеу "Не менее 20 человек погибло в результате ракетного обстрела украинского города Винница", "Власти Мариуполя заявили о гибели 22 тыс. мирных жителей с начала российского вторжения" сияқты мәтіндердің жойылғанын қалаған. Редакцияның мәліметінше, ресейлік ведомство басылым одан бас тартқан жағдайда, оның сайты бұғатталатынын мәлімдеп, доқ көрсеткен.

Әрине, РФ аумағында көрсетілмейтін болады. Дегенмен, жаһандық интернет желісі Қазақстанға Ресей арқылы таратылатынын ескерсек, РФ аумағында бұғатталған біраз сайт Қазақстанда не ашылмайтынын, немесе тым баяу ашылатынын байқауға болады. Мысалы, бүгінде Латвияда шығатын ресейлік оппозициялық Meduza басылымының сайтын Қазақстандағы абоненттер де аша алмайды. "Не удается получить доступ к сайту" деген ескерту шығады.

"Власть – қазақстандық басылым. Оның қызметі ресейлік заңдар және қадағалау ведомстволары тарапынан реттелмейді. Редакция Украинадағы соғыс туралы аталған материалдарды немесе кез келген басқа да жаңалықтарын жоюға ниетті емес. Біз өз еліндегі әскери цензураға жауапты ресейлік ведомствоның қандай пікір-ұстанымды ұстанатынына қарамастан, соғыс туралы ашық жазуды жалғастырамыз", – деп мәлімдеген қазақстандық басылымның редакциясы бұған жауап ретінде РФ тарапы оның сайтын өз аумағында бұғаттап тастаса да, Роскомнадзор (РКН) талабын орындамайтындарын нықтады.

РКН қазақстандық ақпарат құралына жолдаған өз хабарламалары сериясында талабын орындамаған басылымдар "Тыйым салынған ақпаратты тарататын ресурстардың бірыңғай тізіліміне" енгізілетінін қатаң ескертіпті.

Саясаттанушы ғалым Зейін Сабырқұлов осындай ескертпені қазақстандық тағы бір сайт алғанын, бірақ орындамағанын білетінін айтты.

"Қазақстандық тәуелсіз журналистика, ең бастысы, бұрынғы билік тұсында басып-жаншылған азулы басылымдар осылай түлеуі мүмкін. Қазақстандық редакциялардың табандылығы қуантады. Кезінде Алаш зиялылары да "Қазақ", "Айқап" сияқты басылымдарда Ресейдің басқыншылығын, солақай саясатын ашық сынаған, оның елді жарға жығатынын халыққа түсіндіріп, сауаттандырған. Сондықтан бұған құптағаннан, құтты болсын айтқаннан басқа не дейін? Бұл қысым алда артуы мүмкін. Ендеше тәуелсіз басылымдарымызды қорғауда биліктің өзі көмекке келсе жөн", – деп қысқа қайырды саясаттанушы.

Ал осы кезде солтүстік көршіде цензура күшейіп, қатыгез бола түсуде. Ресейлік "Коммерсант" газетінің жазуынша, өткен аптада РФ аумағында бұғатталған сайттардың тізілім-реестрі бірден рекордтық көлемде толыққан: оған жаңадан 14,8 мың сайт енгізілді.

Биыл осынша ақпарат пен коммуникация құралы бір мезгілде жаппай бұғатталмаған көрінеді.

Басылымның хабарлауынша, 2,1 мың сайт немесе жалпы санының 14%-ы "аты аталмаған ведомствоның шешімімен" бұғатталды.

"Біздің тұспалдауымызша, ол орган – РФ бас прокуратурасы. Себебі, дәл сол меморган бірінші болып, біздегі жүктеуден тосыннан жойылып кетті", – деп түсіндірді "Роскомсвобода" ұйымының баспасөз хатшысы Наталья Малышева.

Оның дерегінше, бір апта ішінде тыйымға іліккен жаңа сайттардың 12%-ы Федералдық салық қызметінің құрбаны болыпты.

Бұғатталғандар арасында шетелдік ресурстар да бар көрінеді.

"Роскомсвободаның" хабарлауынша, бұдан бұрын, 2021 жылғы сәуірде ұқсас жаппай бұғаттау науқаны жүргізіліпті. Сонда ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қамалуына қарсы жаппай наразылық шаралары өткен болатын. Соның аясында 18,1 мың сайт пен әлеуметтік желідегі аккаунттар бұғатталды.

Ал 2018 жылғы сәуірде Ресейде Telegram мессенджеріне тыйым салынуына байланысты сондағы 13,4 мың ресурс бұғатталған екен.

Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, РФ-та 2022 жылы ай сайын орта есеппен 4,9 мың сайттар, басылымдар, аккаунттар, YouTube-арналар, Телеграм-арналар тыйымға ілігіп тұрады.

Әзірге Қазақстандағы құқық қорғау ұйымдары да, билік өкілдері де Мәскеудің "ақпараттық басқыншылығына" үнсіз, бас бұғып қалды.

Демек, әлі біраз редакция Мәскеуден осындай талаптар жазылған хат алуы әбден мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу